ЖЭО жөндеу, жұмысшылардың жалақысын көтеру: Сенат депутаттары қандай ұсыныстар айтты

Azattyq Rýhy

Қызметкерлердің табысы осы жылдың екінші жартыжылдығында өсуі мүмкін

ЖЭО жөндеу, жұмысшылардың жалақысын көтеру: Сенат депутаттары қандай ұсыныстар айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының  ашылуындағы сөзінде елдегі инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселені айтып өтті.

«Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек. Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр. Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға  тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады. Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған өзекті мәселе ҚР Парламенті Сенаты Қаржы және бюджет комитетінде «Электр энергетикасы саласындағы кейбір мәселелер туралы» тақырыбы аясында талқыланды.

Өткен жылдың соңында қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексеру жөніндегі комиссияның қорытындысы жарияланып, бірқатар аймақтарда жылу энергиясын берудің шектеулері, жылу берудің іркілістері, резервтік энергия көздерінің және жөндеу материалдарының авариялық қорының болмауы, энергия жабдықтарының жоғары тозуы, сондай-ақ өңірлерге көмірді уақтылы жеткізбеу сынды проблемалар анықталды. Нақтырақ айтқанда, еліміздің 37 ЖЭО-ның техникалық жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді. Нәтижесінде тәуекелі жоғары «қызыл» аймаққа -19, «сары» аймаққа - 11 және «жасыл» аймаққа - 7 ЖЭО кірді.

Энергокешеннің тұрақты жұмыс істеуі үшін Үкімет пен әкімдіктерге жедел және жүйелі сипаттағы шаралар қабылдау тапсырылды.

Бүгінгі таңда елімізде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін жүзеге асыратын 300-ден астам компания бар. Олардың жартысында  инженерлік инфрақұрылымы жоқ. Жалпы аталған тізбек арқылы тұтынушыға элекрэнергиясын жеткізу жұмыстары тариф бағасына әсер ететіні сөзсіз. Сол себепті Сенат депутаттары бұл компаниялардың жұмысы шығынға әкеп соғатынын айтуда. Айта кетерлігі, алғашқыда мұндай компанияларды ашудағы мақсат – бәсекелестік орта қалыптастыру болған.

«Маңғыстау өңірі бойынша алып қарайтын болсақ, онда бәсекелестік орта қалыптасты деп айта алмаймыз. Себебі жергілікті халықтың тарифке деген көзқарастары өте нашар. Өйткені тариф өскен сайын халық оны біздің бетімізге басады да отырады», - дейді Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров.

Сондай-ақ, комитеттің отырысында «қызыл» аймақтағы 19 ЖЭО-ның да жағдайы сөз болды. Аталған кешендердің жөндеу жұмыстарына 180 млрд теңге қаражат қажет. Бүгінде электр энергиясы бағытындағы тарифтер құрылымында 30,9% - бұл энергия беруші және 4,1% - энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың шығынын құрайды.

«Барлық шығындарды ескере отырып, электр энергиясын өндіру және тұтыну кезінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қаражатының жалпы көлемі жылына 143 млрд теңгені құрайды, оны тарифті көтерместен ЖЭО жөндеу жұмыстарына және жалақыны арттыруға бағыттауға болады», - деді Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовтың сөзіне сенсек, энергиямен жабдықтаушы компаниялардың екі түрі бар: реттелетін және реттелмейтін. Тағы бір мәселе – дифференциация.

«Халықтың жағдайына қарап, электр энергияның құнын ұстап отырамыз, ал заңды тұлғаларға келгенде баға еркіндікке жіберіледі. Пайданың бәрін энергиямен жабдықтау мекемелері тауып отыр. Бұл мәселені шешу керек, онымен келісемін, оның бірден бір жолы – дифференциацияны жою керек. Тағы бір ұсыныс энергия тарату және  энергиямен жабдықтау ұйымдарын қосу туралы. Бұл арадағы делдалды жоюға ықпал етеді», -деді вице-министр.

Ал Жылу электр орталықтарын жөндеу мәселесіне келер болсақ, Жандос Нұрмағанбетовтың сөзінше, «қызыл» аймақтағы кешендерді жөндеуге қажетті 180 млрд теңгенің жартысы субъектілердің өздерінде бар.

«Қалған 90 миллиард теңгені қайдан табамыз деген мәселеге келер болсақ, Президент өз сөзінде жеке меншік өз ақшасын құю керектігін айтқан еді. Субъектілермен келісімсөздер жүргіздік. Олар қаражат құюға қарсы емес, бірақ олар қаржыны қайтару механизмін сұрап отыр. Өкінішке қарай, ондай механизм жоқ. Себебі тарифті реттеу мәселесінде ешқандай пайда жоқ, дивидент те жоқ. Егер пайда көрмейтін болса, оған ешқандай бизнес ақша құймайды», - деді вице-министр.

Мәселені оңтайлы шешу үшін Энергетика министрлігі инвестицияны тарифке алмастыруды ұсынып отыр. «Бағдарлама қабылданған кезде, бұл мәселе дұрыс жүйеге қойылады» деп сендірді Жандос Нұрмағанбетов.

Отырыс барысында Сенат депутаттарының тарапынан ЖЭО-ны қаржыландыру мәселесін бір ғана ведомсвтоға жүктеу ұсынылды. Энергетика вице-министрі де мұндай шешімнің тиімді болатынына сенім білдірді.

«Қаржыландыру мәселесін бір мемлекеттік органға берген дұрыс болады деп есептейміз. Өйткені бір қағидамен жүрген жақсы. Бірақ айта кетерлігі, ірі және кіші қазандықтар бар. Сол ірі қазандықтарды, яғни қуаты жоғарыларын біз алсақ дейміз. Ал кіші қазандықтарды жергілікті атқарушы органдардың қадағалауында қалуы тиіс деп есептейміз. Елімізде шамамен 2000-нан аса кіші қазандық бар. Біздің комитет олардың бәрін қадағалап үлгермейді», - дейді Жандос Нұрмағанбетов.

Отырысқа қатысқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков те қаржыландыру мәселесін бір ғана мемлекеттік органға беру тиімді екенін атап өтті.

«Бізге қатысты бұл жерде қуаты 100 Гкал/сағ-тан төмен қазандықтар. Негізі 2017 жылғы Президенттің жарлығына сәйкес, 100 Гкал/сағ-тан төмен қазандықтардың мәселесі Энергетика минситрлігіне берілген еді. Бірақ оларды қаржыландыру мәселесі бізде қалып қойды. Қазір оны Энергетика министрлігіне беруге дайынбыз. Бұл мәселелер біздің минситрлікте алдын ала талқыланды. Сонымен қатар, бізде қалып отырған мәселе ол – автономды қазандықтар. Бұл қазандықтарды жергілікті атқарушы органдарға берген дұрыс деп есептейміз. Себебі ол кішкентай ғана қазандықтар. Сондай-ақ, олар жергілікті деңгейдегі әлеуметтік объектілерді қамтамасыз етеді», - деді ол сөз сөзінде.

Белгілі болғандай, автономды қазандықтарды қадағалау жұмыстары жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тек жергілікті атқарушы органның ақпаратына сүйенуге мәжбүр.

Бұдан бөлек, комитеттің отырысында Жылу электр орталықтарындағы жұмысшылардың да жалақысы талқыланды. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дабаевтың сөзіне сенсек, екінші жартыжылдықта қызметкерлердің табысы 20 пайыздан бастап, 100 пайызға дейін көтерілмек.

Айжан Жанатқызы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.