$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.03.2020, 10:49
Қоғам

Арбада отырған бойжеткен тоқыма брендін қалай танытты

Айгерім Болатованың киім тігетін шеберханасы бар

Арбада отырған бойжеткен тоқыма брендін қалай танытты

Өскемендік Айгерім Болатова 2010 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «механика-математика» факультетіне грантқа түсіп, арман қуып Алматыға келеді. Студенттік кезеңін ҚазҰУ қалашығында өткізіп, болашағына үлкен жоспарлар құрып жүрген кейіпкеріміздің өмірі жол апатына түскеннен кейін, күрт өзгерген. Azattyh Ruhy тілшісі арбаға таңылса да, өз кәсібін дөңгелетіп, спортпен айналысып, талай жанға үлгі боп жүрген шығыстың қайсар қызының шеберханасында қонақта болып қайтты.

АПАТТАН КЕЙІНГІ ӨМІР

Айгерім бізді үш бөлмелі шеберханасында әкесімен бірге қарсы алды. Арбасымен арлы-берлі бөлмелер ішінде зырылдап жүрген кәсіпкер қыз бізбен сөйлесіп, арасында тапсырыс та қабылдап жүр.

«2012  жылы 20 жасымда Зайсаннан Алматыға келе жатқан кезде көлік апатына түсіп, омыртқамды сындырдым. Сол күннен бастап менің өмірім күрт өзгерді. Алматыдағы оқуым жайына қалды, бітпейтін операциялар, Қазақстан мен шетелдердегі емдерім бар. Шынын айтсам, ол кез оқуымды ойлайтындай болмадым.

Тіпті академия алып, оқуымды кейін жалғастыру дегенді де ойламаппын. 2016-шы жылға дейін төрт жыл тек ем алдым. Толассыз дәрілер, тексерулер, күнделікті жаттығулар.  Мақсат - аяғымнан тұру еді.  Жалпы өзім арман-мақсаттарыма берік жанмын. Бірақ дәл осы аяғымнан тұрып кету менің қолымда болмай тұр»,-деп бастады Айгерім әңгімесін.

Қайткен күнде де аяққа тұрамын деп талпынған қыз бастапқыда дәрігерлердің «өміріңді ары қарай жалғастыр» дегенін қабылдай алмадым дейді.

«Дәрігерлер: «Осы қалпыңды қабылда, ары қарай өмір сүр. Оқуыңды тастама, жұмыс істе» дейтін. Сонда мен «Сіздер маған олай айтатын кімсіздер? Ешкім аяғынан тұрмаса да, мен тұратын боламын. Мүмкін әлемде алғаш тұрған адам болатын шығармын» дейтін едім. Уақыт өте келе өзімнің осы жағдайымды қабылдадым. Қабылдау деген осы күйіме көндігу емес. Әлі де мен жаттығуларымды жасаймын, спортпен айналысамын. Бүкіл әлемде жұлынды қайта қалпына келтіретін ем әлі табылмады. Дегенмен медицина қарқынды дамып жатқан соң, жаңалықтарды үзбей оқып тұрамын»,-дейді ол.

Алғаш ермек үшін жақындарына киім тоқып бастаған Айгерім біраз жылда жеке бренді бар кәсіпкер боламын деп ойламаған. Оның үстіне ата-анасына салмақ салғысы келмеген қыз өз бетімен өмір сүруге шешім қабылдап, аяқ астынан астанаға көшіп келеді.

«Отбасымда үш баламыз. Ағам және өзімнен 10 жасқа кіші сіңілім бар.  Әкем құрылысшы, анам жеке кәсіпкер. Әкем жол апатына түскеннен кейін, жұмысын қойып, тек менің денсаулығыммен айналысты. Қанша дегенмен өмір жалғасатын болған соң,  бір жағынан ата-анама салмақ салмайын деп бір күні астанаға көшемін деп шешім шығардым. Басында үйдегілер мені жалғыз жібергісі келмей, уайымдады. Кейіннен барып өз келісімдерін берді.  Алғаш ермек болсын деп сіңіліме, өзіме киім тоқитынмын. Кейін анам «бізбен тоқу қиын болады, машинка алайық» деді. Мен оның ақшасын қашан ақтаймын деп ойладым. Сөйтіп ақырындап бір машинкадан бастадым, одан кейін екінші машинка алдым»,-дейді ол.

КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Айгерім тігін курсын оқымаған. Бәрін көз өлшемімен тоқып, тігетін қыз тігін машинасында өзі үйреніп алған. Айта кетерлігі, Айгерімнің қазіргі тігін машиналары зауыттардағыдай үлкен екен.  Қытайдан 4 миллион теңгеге өндірістік тігін машинасын  алған қыз болашақта шеберханасын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Алғашқыда тоқылып болған дайын киімдерді инстаграм арқылы сатылымға қойып отырдым. Одан жіп алатын дүкендерімнің келушілері сондағылардан «жақсы тоқымашыларыңыз бар ма» деп сұрайды екен. Сосын дүкен иелері менің нөмірімді береді. Осылайша  клиенттер базам пайда бола бастады. Одан бөлек көрмелерге қатысатынмын. Менің киімдерімді көргеннен кейін, кейбір дүкен иелерінен «менің брендімнің атынан киімдер тоқып бер» деген ұсыныстар түсе бастады. Осылайша жеке брендім қалыптасты»,-дейді ол.

Бүгінде «Aika Bolatovva» бренді қыз-келіншектерге арналған бас киім мен мойын орамалдан бастап, түрлі жемпірлер мен шалбарлар, спорттық костюмдерге дейін тоқып, тігеді. Аптаның төрт күні тоқымамен айналысатын қыздар, жұма-сенбі күні ірі сауда дүкендеріндегі көрмелерге қатысады. Айгерімнің қол астында қазір екі қызметкері бар.

«Жұмыс жасайтын қыздарға да кез келген өнімімізді жүз пайыз жақсы атқаруымыз керек деймін. Жіптерді мен Италиядан алдырамын, олардың сапасы жоғары. Қазір табысымның көп бөлігін шеберханама салып отырмын. Машинкалар алдыруым керек. Қоластымдағы қызметкерлердің айлығы бар. Көрмелерге орынды жалға аламын»,-дейді ол.

Айгерім киім өндіруден бөлек, жексенбі күні жеке компаниялардың бірінде әкімші болып істейді. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап  жүзуден параолимиадаға қатысып, республика бойынша жүлделі орындарды қанжығасына байлап үлгерген.

«Жұмыстан бос уақытым болмайды. Алғашқыда бимен айналыстым, бірақ арбамен билеу менікі емес екен. Содан суда жүзуді армандап, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының еңбек сіңірген жаттықтырушысына бардым. Алғашқыда ол кісі маған «бір рет айқайласам, қашып кетесің ғой. Жүзе аласың ба» деді. Мен батып кетпейтінімді айттым. Содан ол кісі мені жаттықтыруға келісіп, кейіннен республика көлемінде жарыстарға қатыстым. Биыл халықаралық жарыстарға апармақшы болған, бірақ денсаулығыма байланысты бара алмай қалдым»,-дейді ол.

Айгерімнің Қазақстанға танымал болуына елімізге белгілі журналист, селебрити - Динара Сәтжанның ықпалы болған. Айтуынша, бір кездесуде Динара Айгеріммен танысып, оның мұндай халге не себепті түскенін сұрайды. Сөйлесе келе оның киім тоқитынын білген кәсіпкер телефон нөмірін қалдырып, дүкеніне киімдерін әкелуді ұсынады.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЛҒЫЗ ЖҮРУ ҚИЫН

Айгерімнің айтуынша, Қазақстанда арбамен жүретін жандарға жағдай жасалмаған.

«Сауда үйлерінде қиын емес. Ал қаланың ішінде, банкке, ХҚО-ға, дәріханаларда пандустар жоқ, бар болса да өзіме шығу қиын. Екі жақтан адамдар итеріп, көмектеспесе жалғыз өзім шыға алмаймын.  Қырымда Саки деген қала бар, мен сол қалаға ем алуға екі-үш айға жалғыз өзім бара беретінмін. Өйткені үйден шыққаннан бастап, барлық жерде мен сияқты адамдарға жүз пайыз мүмкіндік қарастырылған. Қазақстанда жалғыз жүру қиын. Жұмысқа өзім көлікпен келемін, әке-шешем қасымда болмаған кезде әріптестерім көмектеседі. Басқа жерлерде көлігімнің сигналын басып, адамдардан көмек сұраймын. Көп адам қолұшын созып, коляскамды көлігіме салып береді. Ол жағынан біздің адамдарға ризамын!»,-деді ол.

Кәсіпкер қыз шабытты отбасым, жақын туыстарым сыйлайды дейді. Бойынан қайсарлығы бірден сезіліп тұрған Айгерім үшін отбасының бірінші орында екенін байқадық.  

 «Ата-анама мен үшін қатты қиын болды деп ойлаймын. Мен бірінші күннен өзіме мықты болуға сөз бердім. Кейде қатты аурудан, күле алмайтындай жағдайлар болады. Бірақ көрші бөлмеден анамның көзі қызарып шыққанын көргенде, жүрегім ауырады. Менің көңіл-күйім болмаса, үйдегілердің де көңіл-күйлері болмай қалады. Сондықтан әрдайым позитивте жүруге тырысамын. «Маған неге мұндай сынақ берілді?» деп емес, «бұл сынақтың маған берілгендегі миссиясы қандай» деп сұрау керек. Мүмкін мен адамдарды шабыттандырып, олардың өмірден күш алулары үшін, біреулерге үлгі болу үшін осылай жүрген болармын. Әйтеуір мұның да бір қайыры бар»,-деді ол.

ДИПЛОМЫ ЖОҚТЫҚ, ЖҰМЫС ЖОҚТЫҒЫ ЕМЕС

Айгерім жұмыс жоқ деген адамның ниетінің дұрыс емес екенін айтады.

«Жалпы жұмыс істеймін деген жанға мүмкіндік көп. Менің дипломым жоқ және арбада отырмын. Егер мен жұмыс істегім келмесе, осы екі себептің өзі жеткілікті. Мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар сағат 11-ден 16:00-ге дейін бір жерлерде 60-70 мыңға жұмыс істеп кетуге болады. Бірақ дипломның жоқтығы, жұмысқа жарамсыз дегенді білдірмейді ғой.

Алғашқыда мен «тырнақ жасайын ба, торт пісірейін бе» деп отырып істейтін, дипломды қажет етпейтін жұмыстарды іздестіре бастадым. Адам жұмыс жасамаса, оған себеп жоқ, тек сылтау ғана. Мен аяғым сау болса, тіпті қажет жағдайда еден де жуар едім. Өмір бізге сондай көп мүмкіндік береді, ал да, пайдалана бер. Мен не істесем де, жақындарымды ойлаймын. Анам мен әкеме, бауырларыма сыйлық сыйлағанда, олардың қуанышы мені қанаттандырады»,-деп аяқтады ол әңгімесін.  

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары