Алматыда Nur Otan-ның қоғамдық қабылдауына келген бір топ адам шу шығарып, жиынның шырқын бұзды
Соның салдарынан қарапайым тұрғындар партияның қабылдауына кіре алмады
Бүгін Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалындағы жұмыс күні әдеттегідей басталған болатын. Азаматтар өз проблемасын айту үшін партия төрағасы орынбасарының қабылдауына жазылып, кезектерін күтіп отырған. Алайда, партия ғимаратына келген бір топ адам жиынның шырқын бұзып, өзгелердің қабылдауға кіруіне барынша кедергі жасады.
Альнур Ильяшев пен Даная Қалиева бастап келген топ өзге тұрғындармен бірге кезек күткен жоқ. Шу шығарып, жұртың сөйлеуіне мүмкіндік бермегендіктен, партия өкілдері оларды кезексіз қабылдап, конструктивті диалогқа шақырған. Алайда, кезек күткен қарапайым халықтың шыдамы 40 минутқа ғана жетті. Қабылдауға келген тұрғындар Ильяшев пен Қалиеваның «жағасынан алып», ғимараттан шығуын талап етті.
«Мен қабылдауға жеке басымның мәселесін айтуға келдім. Ешкімнің тыныштығын бұзбай, мәселемді шешкім келді, алайда, осында келген мына адамдар кедергі келтіріп жатыр. Айқай-шу бастады, ойран салып, ұрыс керіс тудырды. Кезек бұзылып, бейберекет болды. Тура цирк секілді. Ал, уақыт болса өтіп жатыр, басқа жұмыстарыма кешіккен мен олардың кесірінен мәселемді шеше алмай отырмын. Мен ғана емес, басқа қаншама адам келді. Бұл ызаландыратын жағдай», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Николай Резников.
Қабылдауға жазылған зейнеткерлер де белсенділердің әрекетіне шағым түсірді.
«Өте мәдениетсіз адамдар. Араларындағы бір әйел тіпті боқтық сөздер қолданып сөйлейді, түсінесіз бе? Олар ұялмастан қабылдау кестесін, жалпы, қоғамдық тәртіпті бұзды. Кезекке тұрмай, өз мәселелерін айтып кетті. Алдағы уақытта осындай жағдай қайталанбауын қалаймыз», - дейді зейнеткер Пернебек Сауытбеков.