Астанада көпбалалы жүз отбасыға балабақшаның тегін сертификаты табысталды
Қайырымдылық акциясының құны жүз балаға үш жылға 130 миллион теңгені құрайды
Елордада көпбалалы жүз отбасыға балабақшаларға тегін баруға сертификаттар табысталды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін көпбалалы жүз отбасыға елордалық балабақшаларға тегін баруға сертификаттар табысталды. Сондай-ақ, 3,5 жастан асқан жүз баланың әрқайсысына балабақшаға қажетті керек-жарақтарды сыйға тарттық. «Nur Otan» партиясы елордалық филиалының «Бақытты балалық шақ» акциясы «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы аясында өтті», - деп жазды Е.Каналимов.
Көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларды арнайы құрылған комиссия «Жанұя» отбасын қолдау институтының өкілдерімен, аудан әкімдіктерімен, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе отырып іріктеді. Бүгін сертификатқа ие болған жүз бала үш жыл бойы мектепке дейінгі балалар ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы есебінен жекеменшік балабақшаларға тегін барады.
Айта кетерлігі, астаналық жекеменшік балабақшаларда ай сайынғы төлем бір балаға орта есеппен 35 мың теңгені құрайды. Жалпы, қайырымдылық акциясының құны жүз балаға үш жылға 130 миллион теңгеден асады.