$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2020, 18:56
Қоғам

«300 мың теңге». Петропавл зираттарында «элиталы» орындар сатылып жатыр

«Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлері мәселе көтерді

«300 мың теңге». Петропавл зираттарында «элиталы» орындар сатылып жатыр
көрнекі фото: 2019 жылы СҚО-да өртенген зират

Петропавлда екі христиан зираты бар. Екеуі де қалалық әкімдіктің шешімімен «Петроспецобслуживание» ЖШС-ға сенімді басқаруға тапсырылған. Алайда, монополист кәсіпкер жерлеу рәсімін бизнес көзіне айналдырып, зираттың кіреберісіне, орталығына жақын жерлерді алушыларға арнап жеке тариф те орнатып қойған. Тіпті, «брондау» қызметін де ұсынады. Бұл туралы СҚО-дағы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

ҚАРАЛЫ ХАБАРДЫҢ АРТЫНША АРНАЙЫ АГЕНТТІКТЕН ҰСЫНЫС КЕЛЕДІ

О дүниелік болған адамды жерлеу рәсімі – тұрақты табыс көзіне айналған. Аталған саланың жұмысы мемлекет тарапынан қадағаланбайтындықтан, кәсіпкерлер өздері үшін тиімді шарттар бекітіп алған. Бұл мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде өткен жиында талқыланды. Адам дүние салғаннан кейін, туған-туыстарына жеткен суыт хабардың артынша жерлеу рәсімдерімен айналысатын мекемелерден телефон шалынатын жағдайлар да тіркелген.

«Адам қайтыс болғаннан кейін, ізін ала отбасы мүшелеріне жерлеу рәсімдері агенттіктерінен қоңырау түскен жағдайлар болған. Олар қаралы хабардан есеңгіреп жатқан марқұмның жақындарына өз қызметтерін ұсынған. Бұндай қылық адами нормаларға жат. Әрі тұрмыстық жемқорлыққа жол ашады. Кез келген адам жайындағы жеке ақпарат құпия сақталуы тиіс. Осындай келеңсіздіктердің алдын-алу мақсатында біз облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментіне ресми хат жолдадық», - дейді «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов.

Аталған ведомство өкілдері жерлеу рәсімдерін жүзеге асыратын агенттіктер мен денсаулық сақтау, полиция арасында байланыс барына сенімді. Кәсіпкерлерге адамның көз жұмғанын, оның туған-туыстарының телефон номірлері сынды құпия ақпаратты шұғыл жеткізетіндер бары анық.

ЖЕРЛЕУ РӘСІМІ – ТҰРАҚТЫ ТАБЫС КӨЗІ

Петропавлда жерлеу рәсімдері қызметтерін ұсынатын агенттіктер көп. «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің арнайы мониторинг тобы аталған нысандардың жұмысын тексерген.

«Қазіргі заңнамаға сәйкес, қайтыс болған адам зейнеткер болса, оның отбасына жерлеу рәсімін жасау үшін 15,7 АЕК көлеміндегі әлеуметтік төлем жасалады. Егер марқұм соғыс ардагері немесе мүгедек болса,  онда - 36,6 АЕК. Оны алу үшін жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш жазу керек. Бір реттік төлем зейнетақы немесе әлеуметтік төлем алған адамдарға ғана беріледі. Жер кодексі бойынша, қайтыс болған адамды жерлеу үшін зираттан 6 шаршы метрден кем болмайтын орын тегін берілуі тиіс», - дейді «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Амангелді Сатанов.

«ЭЛИТНЫЙ» ЖЕР - 300 МЫҢ ТЕҢГЕ

Александр Пономаренко - Петропавл қаласының тұрғыны. Ол Жұмысшы кентіндегі зиратқа барғаны жайында баяндап берді. Жылы қарсы алған серіктестік әкімшісі бірден өз шарттарын ұсыныпты.

«Зират аумағы үлкен. Жыл сайын кеңейіп барады. Сондықтан оның екінші шетіне жету - қарияларға қиын. Серіктестік әкімшісі маған бірнеше шарт ұсынды. Кіреберістен, ыңғайла жерден орын алу үшін 73 мың теңге төлеу керек. Оған көр қазу, мәйітті көму, белгі орнату сынды қызметтер кіреді. Ал шет жақтан орын алсаң, 63 мың теңге төлейсің. Зират әкімшісінен қызмет құнының айырмашылығы себебін сұрағанымда ол «тәртіп сондай» деп қысқа қайырды. Часовняға жақын орындар да ұсынылды. Зираттағы жер учаскелерінде «элиталы» санаттағы орындар да бар екен. Оның құны 300 мың теңге. Оған арнайы қымбат ескерткіш, қоршау қойылады. Арнайы келісімшарттары да бар», - дейді Александр Пономаренко.

Александрға қатарынан екі орынды алып, біреуін «брондап қою» қызметі де ұсынылған.

Мамандардың сөзіне қарағанда зираттарды басқаратын серіктестік әкімшілігі заң талаптарын өзіне тиімді етіп алған. Заң бойынша олар жерлеу рәсімдерін өткізгені үшін ғана ақы талап етуге құқылы. Сондай-ақ зираттарды сенімді басқаруға алған мекемелер өздеріне берілген аумақтың тазалығына жауапты.

ДІНИ РӘСІМДЕРДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАДАҒАЛАНБАЙДЫ

Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында 6148 адам көз жұмған. «Қызылжар адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары аталған сала тиісті деңгейде қадағаланбайтындықтан, кәсіпкерлердің басым көпшілігі пайдасын еселеу үшін неше түрлі қулыққа баратындықтарын айтады.

«Діни рәсімдерді, оның ішінде жерлеуді жүзеге асыратын ұйымдардың жұмысы қадағаланбайды. Олардың қызметіне арнайы лицензия берілмейді. Қалаған адам жеке кәсіпкерлік немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып, бизнес жүргізіп, жұмыс істей береді. Олардың көрсететін қызметтерінің құнын да ешкім қадағалап жатқан жоқ. Бұл республика көлеміндегі мәселе», - дейді Амангелді Сатанов.

Кәсіпкер көрсетілетін қызмет бағасын өзі белгілейді. «Орталыққа жақын», «шеттен», «элиталы», «алдын-ала брондау» сынды қызметтерді тұтынушы қалтасының қалыңдығына қарай өзі таңдайды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары