Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды – Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев ұрпақ тәрбиесінің өте маңызды мәселе екенін айтты
Мемлекет басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесінде дәстүрлі исламды дәріптеудің маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қасым-Жомарт Тоқаев рухани құндылықтарымызды сақтау маңызды екеніне назар аударды.
«Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды», - деп атап өтті Президент.
Осылай деген Мемлекет басшысы шын мәнінде, ұрпақ тәрбиесі өте маңызды мәселе екеніне тоқталды.
«Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тақырыпқа орай: Тоқаев: Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады
Айта кетсек, бүгін Премьер-министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен өткізген кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуына және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуына ерекше назар аударылды.