ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Нұр-Сұлтанда Ұлттық банктің «бәсекелесі» ұсталды

Елордада Ұлттық банк купюроларына қатты ұқсас жалған ақша басып шығаратын азамат қолға түсті

көрнекі фото: Батыржан Беспаев

Елорда тұрғыны өз үйінде 5 және 10 мың теңгелік купюроларды басып шығарған. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы экономикалық тергеу департаментінің 2 тергеу басқармасының басшысы Олжас Сүлейменов хабарлады.

«Бір азамат өз үйінде отырып, арнайы техника арқылы купюролар шығарып отырған. Оның шығарғандарын (жалған купюра – авт.) Ұлттық банк купюроларынан ажырату өте қиын. Ол өзі басқан жалған ақшаларды дүкендерге, базарларға өткізіп жүрген. Тергеу барысында айналымға түскен жалған купюролар бойынша 34 факт тіркедік. Кінәлі адам 5 жылға абақтыға жабылды», - деді О.Сүлейменов.

Ішкі істер қызметкерлері әзірге үйдегі «цехтан» шығып, айналымда жүрген 150 мың теңге көлеміндегі жалған ақшаны тапқан. Егер сома көлемі тағы да ұлғайса, сот шешімі де өзгеруі мүмкін.

Тергеушілер жалған купюра кездескен жағдайда шұғыл түрде құқық қорғау органдарына хабарласуды сұрайды. Егер жағдайды түсіндірсеңіз, жауапкершіліктен босатыласыз.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан