ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

«Қызыл диплом 105 мың теңге»: Jas Otan жемқорлықпен аты шыққан ЖОО-лар тізімін жариялады

Жастар ұйымы 7 бірдей оқу орнын анықтаған

Отандық жоғары оқу орындарының жемқорлыққа бейім екендігіне әрбір сегізінші студенттің көзі жетіп отыр. «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев «Таза сессия» акциясының екінші кезеңінің қорытындысын айтты, деп хабарлайды Аzattyq-ruhy.

Анонимді сауалнамаға еліміздегі 64 жеке меншік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан.

«Сауалнама негізінде студенттердің жемқорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Бұлар: Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық университет, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті, Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Алматыдағы Орталық Азия университеті, «Алматы» университеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Респонденттердің пікірінше, жемқорлық фактісі ең көп емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8%), дипломдық жұмыс қорғау кезінде (8,7%) көрініс беріп отыр. Ал, «ЖОО студенттер параны кімге көп береді» деген сұрақ бойынша студенттердің 30% конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4% ректорларды тікелей сатып алатыны анықталды. Ұсынылатын параның мөлшері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жасотандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы 22 мың теңгені құрайды, бір пәнді тапсыру 14 мың болса, курстық жұмыс 32 мың теңге тұрады екен.

«Диплом жұмысын өте жақсы деңгейде қорғап шығу үшін 105 мың теңге төлеу жеткілікті, ал ақылы бөлімнен грантпен оқу бөліміне ауысу үшін 400 мың теңге беруге тиіссіз. Бұл адамның ақылына сыймайтын дүние», – деп ашуланды «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы.

Сауалнама талданып біткен соң, барлық ақпарат «Jas Otan» тарапынан Білім және ғылым министрлігіне жолданатын ұсыныс хатта көрсетілетінін атап өтуге болады.

«Біз Білім және ғылым министрлігіне шақыру жібергенбіз, министрлік өкілдері баспасөз- конференциясына келуге тиіс еді, алайда ЖОО жемқорлық мәселесінен олардың аппараттық жиналыстары маңызды болғанға ұқсайды», – дейді Елнұр Бейсенбаев.

Естеріңізге сала кетейік, «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ЖОО жемқорлықты жоюды тапсырған болатын. Сонымен қатар, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015- 2025 жылдарға арналған Бағдарламасы аясында нұротандықтар парақорлықтың аясын тарлытып келе жатыр.