$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.03.2020, 13:01
Қоғам

«Жарты ставкада жұмыс істеп жүрмін» - Күдебаев ісі бойынша жұмыстан шеттетілген дәрігер

Қанат Тезекбаев тергеу нәтижесін күтіп жүр

«Жарты ставкада жұмыс істеп жүрмін» - Күдебаев ісі бойынша жұмыстан шеттетілген  дәрігер

Жақында Алматыдан Алматы облысына қызмет ауыстырған генерал Серік Күдебаевтың баласының өліміне қатысты іс әлі тергеліп жатыр. Алты айдан бері сотқа жолданбаған қылмыстық іс қазір Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің қарауында. Ал қызметінен уақытша шеттетілген қаланың бұрынғы бас травматологы, Қалалық №4 клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісіне шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүргенін айтты.

Қанат Тезекбаев Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде студенттерге лекция оқитынын айтады. Ол сондай-ақ осы ЖОО-ның кафедра меңгерушісі. 

«Медициналық университетте жарты ставкада жұмыс істеп жүрмін. Оқу орнының травматология кафедрасының меңгерушісімін. Сабаққа келемін, жоғары курс студенттеріне, резидентура тәлімгерлеріне лекция оқимын. Әрине бұл мен үшін жеткіліксіз. Операция жасағым келеді. Менің кәсібім сол ғой. Қаншама адам мені қашан жұмысқа шығады деп күтіп жүр. Барлығы өзім ойлағандай аяқталады деп үміттеніп жүрмін», - деді Қ. Тезекбаев.

Тергеу басталғалы алты ай уақыт өтті. Дегенмен «біреуге зияным тие ме» деп қаймығатын дәрігер басқа мәліметтермен бөліскісі келмеді. Ал оның адвокаты Қайрат Байбазаров қорғауындағы тұлғамен бірге тергеудің нәтижесін күтуге мәжбүр. 

«Олар істі уақытша тоқтатып қойды. ЭТД-ге (Экономикалық тергеу департаменті- автор) мен де, Тезекбаев та қолхат бердік. Тергеудің мән-жайларын жария етпеуіміз керек. Бірақ істі жапқан жоқ. Қазір олар Германияға сұрау жолдаған, соны күтіп жатыр. Қанат Марденұлы уақытша жұмыстан шеттетілген, ол үйінде. Енді қандай қорытынды келеді, білмейміз»,- дейді дәрігердің қорғаушысы.

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201 бабы бойынша аталған іс туралы ақпараттар жария етуге жатпайтынын меңзеді. Департаменттің баспасөз хатшысы Жақсылық Мырзахан да сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге болмайтынын айтады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуі тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн. Ақпарат бере алмаймыз, бізде бәрі прокуратураның келісімімен. Іс аяқталғанда прокуратура айтатын шығар»,- деді құзырлы мекеменің өкілі.

Оқи отырыңыз: Күдебаев ісіне қатысты дәрігерлер Тоқаевты алдады - адвокат

Айта кетейік, «Күдебаев ісі» деген атпен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс былтыр қыркүйек айында басталған болатын. Алматы қалалық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін №4 аурухананың бас дәрігері мен анестезиологының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған болатын. Алайда 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі істің әділ тергелуін тапсырды. Көп ұзамай  аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев уақытша ұстау изолияторынан сот қаулысымен босатылды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары