$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Психикалық диспансерлер қабылдамайды»: бір жылда Алматыдағы қаңғыбастар үйіне 400-ден астам ақыл-есі кем адам түскен

«Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығын паналауға былтыр 930 адам келген

«Психикалық диспансерлер қабылдамайды»: бір жылда Алматыдағы қаңғыбастар үйіне 400-ден астам ақыл-есі кем адам түскен
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Тағдырдың бұралаң жолдарында сағы сынып, барар жер, басар тауы қалмаған азаматтардың саны күн сайын көбейіп жатыр. Алматыдағы 23 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Пана» орталығы қауқарсыз жандарды қоғамға қайта бейімдеуге барынша тырысып жатыр. Бірақ, мұнда келіп түсетін кісілердің тең жартысының ақыл-есі дұрыс емес. Орталық мамандары «бұл біздің үрейімізді ұшырып отыр» деп дабыл қағуда. Azattyq Ruhy тілшісі орталықтағы ахуалды өз көзімен көріп, ондағы үйсіз-күйсіз жандармен тілдескен еді.

Дәл қазіргі уақытта орталықты 213 адам паналап отыр. Келушілер алдымен екі апта карантин бөлімінде жатады. Ауруы асқынғандар ауруханаға, ал қалғандары осында өмір сүруге қалады.

«Біздің орталық 5 бөлімнен тұрады: түнгі, карантин, таза, әйелдер, ерлер бөлімдері бар.

Азаматтарды қабылдаған кезде ең алдымен 14 күн карантин бөлімінде жатады. Онда оның денсаулығы толығымен тексеріледі. Орталыққа келген кезде ең алдымен санитарлық, алғашқы медициналық жәрдем пен психологтар көмек көрсетеді. Карантиннен шыққандар таза бөлімге ауыстырылады.

Айта кету керек, карантин бөлімінде азаматтар оқшауланып жатпайды. Онда 35 адамдық төсек болады. Таза бөлімде де тура осыншама кісі болады»,- дейді «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығының қызметкері Рыскүл Құсайынқызы.

Фотода Рыскүл Құсайынқызы

Орталықта ер адамдар көп. Қазір 50 шақты әйел адам болса, қалғаны түгел ер азаматтар. Олардың жасы 18-бен 80 жас аралығында. Ең көбі - орта жастағы ер кісілер.

Мамандардың сөзінше, көбі алып шаһар Алматыға жұмыс іздеп келеді. Кейіннен түрлі жағдайларға тап болып, қолындағы құжаттарынан, телефондарынан айырылып қалып жатады. Араларында тіпті Кеңес дәуіріндегі қызыл паспортпен жүргендер де бар.

«Басым бөлігі қыс мезгілінде келеді. Бір күнде 20 адамға дейін түсіп жатады. Мәселен, күні кеше 9 адам орталықты паналауға келді. Сыртта қалып қалған адамдарды жедел-жәрдем мен полиция қызметкерлері де әкеледі. Өзіміздің мобильді топ та жұмыла жұмыс істейді.

Стандартқа сәйкес, Алматыдағы келушілерді біз 1 жылға қабылдаймыз. Ал өзге өңірдің тұрғындарына 1 айға уақыт қызмет көрсетеміз. Әрі қарай қай өңірдің тумасы сол жақтағы осындай орталықтарға хабарласып, сонда жібереміз.

Алматыдан келген үйсіз-күйсіз жандар 1 жылдың ішінде жұмыс тауып, өз бетінше өмір сүремін деп кете алмаса, келісім-шартты әр 6 ай сайын созуларына мүмкіндік беріледі. Бірақ өмір бойы орталықта тұратын адам жоқ. Өйткені, көбінің құжаттары болмағандықтан, ешқандай жұмысқа тұра алмайды. Біз төлқұжатты рәсімдеуге көмектесеміз. Оған 1 жылдай уақыт кетеді. Зейнет жасына келгендерді зейнеткерлікке шығарамыз, ал жарымжан жандарды мүгедектікке шығаруға тырысамыз. Кейіннен ол кісілерді қарттар үйіне жібереміз», - дейді орталық қызметкері.

Рыскүл Құсайынқызы орталықтың берекесін алатын психикалық ауытқуы бар адамдар екенін айтады. Олардың құжаты болмағандықтын ешқандай психикалық орталық қабылдамайды дейді. Ал нақты диагнозы бар адамдарды емдейтін сала мамандары «Пана» орталығында жоқ.

«Көбі ішкілікке салынып кеткен. Отбасымен ажырасқандар. Келушілердің тең жартысы психикалық ауытқуы бар кісілер. Олардың құжаты болмағандықтан психикалық диспансер қабылдамайды. Ал құжаты барларды сонда жібереміз, олардың өзі 1 айға барып жатып келеді де, қайта бізге келеді.

Олардың аурулары көктем, күзде қозады ғой. Сол кезде психикалық орталықтың мамандарын шақырамыз. Өйткені, бізде ондай мамандар жоқ. 15 күн ауруханада жатып, қажетті ем-домын қабылдаған соң қайта бізге келеді.

Біз шеше алмай отырған мәселе осы. Психикалық ауытқуы бар адамдарды емдеу біздің стандартқа сәйкес келмейді. Сол кісілерге көмек берілсе, арнайы орталықтарына жіберілсе, соларды қабылдап алса дейміз. Өйткені, олардың басқа адамдарға зияны тиіп кете ме деген үрей бар. Біз кикілжің болып қалса тоқтатуға тырысамыз, дереу учаскелік полиция қызметкерін шақырамыз»,- деді Рыскүл Құсайынқызы.

Жылына кем дегенде орталықты паналаған 30 шақты адам көз жұмады, дейді қызметкерлер. Өйткені, көбінің ауруы асқынып келеді. Тіпті жарты жылдап ауруханада жатып, емделіп келетіндердің бар екенін айтты.

Орталық қайтыс болған кісілер туралы ең алдымен полиция мен жедел-жәрдем қызметіне, ағайын-туысына (егер телефон нөмірлері бар болса) хабарлап айтады. Ал мамандар мүрделерді  мәйітханаға алып кетеді.

«2022 жылы «Пана» бейімдеу орталығының көрсеткен көмегі:

  •  57 адамның жоғалған құжаттары қалпына келтірілді (жеке куәлік);
  •  4 адамның Туу туралы куәлігі рәсімделді;
  •  30 адам жұмысқа орналастырылды;
  •  12 адамға зейнет жасына байланысты зейнетақысы рәсімделді;
  •  5 адамға мүгедектік рәсімделді;
  •  «Шаңырақ» әлеуметтік-қызмет орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылды;
  •  27 адам отбасына қайтарылды;
  •  9 адам осыған дейінгі мекенжайлары бойынша өңірлерге жіберілді;
  •  6 шетел азаматы өз отандарына қайтарылды (Әзірбайжан, Ресей
  • және Өзбекстан).

2022 жылы орталықта 25 адам қайтыс болған. Мұндай жағдайда дереу жергілікті Ішкі істер органдарына хабарланады, сондай-ақ, қайтыс болған адамның денесін полиция қызметкерлері Сот-медициналық сараптама жасау үшін алып кетеді (мәйітханаға)»,-деп мәлімдеді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасы.

Орталық жабық мекеме емес. Сондықтан ондағы адамдарға таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін сыртқа шығуына шектеу жоқ. Бірақ, көшеден арақ ішіп келген адамдарды мастығы тарқамағанша ішке кіргізбейді. Өйткені, өзгелердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін, дейді мамандар.

Ал психикалық ауытқуы бар адамдар мүлдем сыртқа шығарылмайды.

Фотода Ғалымжан Билібаев

Осында өлместің күйін кешіп жүрген көптің бірі - Ғалымжан Билібаев. Ол өзін Түркістан облысы Төлеби ауданы Алғабас ауылының тумасымен деп таныстырды. 1998 жылы жұбайымен дәм-тұзы жараспай ажырасып, Ресейге жұмыс істеуге кетіп қалған. Онда 20 жыл уақыт болып, қайта еліне оралған екен. Бірақ, туған бауырларымен сыйыса алмай, Алматыға кетіп, ақыры осындай күйге түстім деп отыр.

«Алматыға 2020 жыл келдім. Осы орталықта 7 ай уақыт жаттым. Кейінен жұмыс іздеп кетіп қалдым. Көп жерлерде мал бақтым. Еңбекақымды басында алып жүрдім, соңғы бірнеше ай бермей қойды. Мен ашуланып кетіп қалдым. Бақанас жақтан шығып тас жолмен Алматыға қарай 3 күн жаяу жүріп келдім.

Алдымен Алтын Орда базары жаққа келдім. Далада жүрдім, үйлердің кіреберісінде жаттым. Бір жарым ай уақыт қара суықта көшеде жаттым. Жүрегімнің әлсіреп бара жатқанын сезген соң, сырттағы кісілерге жедел-жәрдем шақырып беруін өтіндім. Дәрігерлер келіп, Қалқамандағы ауруханаға жеткізді. Содан кейін мына «Пана» орталығына келдім. Осымен екінші рет түсіп отырмын.

Өзімнің туған қызым бар. Қазір 3 немерем бар екен. Ал әйелім екінші рет тұрмысқа шығып кеткен. Мен бауырларыма қатты өкпелімін. Олардың үйіне барғым келмейді. Жүрегім жылымайды.

Енді 1 жылдың ішінде орталық менің құжаттарымды реттеп берсе екен деймін. Әрі қарай жаңа өмір бастағым келеді», - дейді Ғалымжан Билібаев.

Айта кетейік, 2022 жылы жергілікті әкімдіктен 930 адамды қамтамасыз ету үшін «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығына 31 миллион теңге бөлінген. Бұл 4 уақыт тамағы, киім-кешегі, төсек орнына жұмсалған қаражат. Ал құжат ресімдеуге келгенде төленетін айыппұл мен қосымша шығындарды орталық өз мойына алып отыр. Ол үшін бюджеттен қаражат қарастырылмаған.

Әдетте, жыл сайын бұл орталыққа түскендердің 30-ға жуығы қайтыс болады, ал тағы 30-ын туыстары алып кетеді екен. Қалғандары тағдырын өз бетінше шешуге тырысады.

Серіктес жаңалықтары