$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2023, 15:10
Қоғам

Қазақстанда интернет халық игілігіне жарап тұр ма

Әлеуметтік әмиян мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Қазақстанда интернет халық игілігіне жарап тұр ма
Фото ашық дереккөзден

Қазақстандағы электронды үкіметтің мүмкіндіктерін кеңейту, елдегі интернет сапасын жақсартып, ауылға да бұл «игіліктің» сапалы жетуіне әрекет ету, ғаламтордың бұғатталуына жол бермей, цифрлы қызметтерді жақсарту, міне, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәбісі министрі Бағдат Мусин  Үкімет мүшелерінің алдында осы жұмыстардың қалай атқарылып жатқаны туралы есеп берді, деп жазады Azattyq Ryhy.

Жыл басында Үкіметтің әр тармағы, яғни, әр саланың министрлігі алқа отырысын өткізіп, қандай жұмыс атқарғанын және алдағы уақытта қандай жұмыс атқаратынын айтады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің алқа отырысына арнайы барған премьер-министр Әлихан Смаилов бұл салада атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдап, қордаланған мәселелер бойынша министр Мусинді сынға алды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ 20 ҚАЛАСЫНДА 5G ПАЙДА БОЛАДЫ

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, бүгінде елімізде проактивті қызметтер енгізіліп жатыр, қазір олардың жалпы саны 40-қа жеткен. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл жұмыс елдегі әрбір азамат пен мемлекет арасында үшінші тұлғасыз «қарым-қатынас» орнату. Бұл әрине өз кезегінде үкімет ұсынатын электронды қызметтерді сапалы, таза әрі ашық ете түспек.

«Проактивті тәсіл - «Invisible Government» тұжырымдамасын іске асыру кезеңдерінің бірі. Біздің стратегиялық міндетіміз - әрбір өмірлік жағдайды талдау, азаматтың нені бастан өткеретінін түсіну, кедергілерді жою және бәрін ыңғайлы әрі түсінікті процеске көшіру. Ол үшін фокус-топтар жиналып, нақты мемлекеттік органдар, CDO және т.б. ұйымдар тартылатын болады. Бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін оларды проактивті қызметтерге барынша ауыстыру жоспарлануда», - дейді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар, министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Қазақстандағы интернеттің сапасын жақсарту үшін, дәлірек айтсақ, бесінші буындағы байланысқа қол жеткізу үшін арнайы гранттар бермек. Мусин атап өткендей, цифрлық ведомствоның маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі байланыс саласын дамыту екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда 4,9 мың ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылған деп сендірді Мусин.

«Жұмысымыздың тағы бір бағыты – халықты және бизнесті интернет желісіне (100 Мбит/с) қолжетімді жоғары жылдамдықпен қамтамасыз етуге бағытталған «қолжетімді Интернет» жаңа ұлттық жобасын әзірлеу. Ұлттық жобаның басты іс-шараларының бірі - 3 мыңға дейін елді мекенге оптика төсеу болып отыр.  Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «соңғы миля» Интернетке қосылуға арнайы гранттар береді. 20 қалада 5-ші буын ұялы байланыс желілерін енгізу және салу басталады», - дейді Мусин.

«ШАЛҒАЙ АУЫЛДЫ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ІРІ ҚАЛАДА ИНТЕРНЕТ САПАСЫ НАШАР»

Бірақ, дәл осы жерде премьер-министр Әлихан Смаилов Бағдат Мусинге «қарсы шығып», Қазақстандағы интернеттің мәселесіне назар аудару керек екенін айтты. Өйткені, Үкімет басшысының қолында бар ақпаратқа сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі интернеттің сапасына қатысты әлі де болса көп шағымданады. Премьер шалғай ауылдарды былай қойғанда,  Қазақстанның ірі қалаларының өзінде кейде интернет сапасыз жұмыс істейтінін алға тартты.

«Бағдат Батырбекұлы, мен ғана емес, өзіңіз де көріп-біліп отырсыз ғой, қазақстандықтар тарапынан Интернет сапасының нашарлығына, ұялы байланыс сапасының сын көтермейтініне қатысты шағымдар көп түседі. Кейде тіпті ірі қалаларда да байланыс жөнді болмай жатады. Қазір қолдағы ұялы телефонның арқасында талай мәселені шешуге болады, алайда, интернет жоқ болған соң, қол байланып отырады. Бұл мәселені тез арада шешу керек»,- деді Премьер-министрі Бағдат Мусинге қарата айтқан сөзінде.

Үкімет басшысы бұл ретте тек халық саны көп қалаларда ғана байланысты жақсартып, елді мекендердің халқын назардан тыс қалдырып қоюға болмайтынын алға тартты.

«Цифрлық даму министрлігі анализ жүргізіп, елдегі ұялы байланыс пен интернеттің қай жерде жақсы, қай жерде нашар жұмыс істейтінін толық біліп отыруы керек. Президент тапсырмасына орай, еліміздегі барлық қала мен аудан орталығы, тіпті, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың бойы да байланыспен қамтылуы керек», - деді Смаилов.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЙ ЕМЕС, СУПЕР ХҚО-ЛАР ПАЙДА БОЛАДЫ

Соңғы жылдары еліміздегі элекронды қызметтер саласында серпін болғанын алқа отырысына жиналғандар мен бізбен сұхбаттасқан қарапайым халық ашық айтып отыр. Жалпы, Бағдат Мусиннің айтуынша, қазір Қазақстанда  324 Халыққа қызмет көрсету орталықтары бар, өткен жылы оның 14-і жаңғыртылды, биыл тағы 50-і жаңарады деген жоспар бар. 

«Ал,таяу болашақта елімізде барлық ұйымдар орналасқан және қазақстандықтар мемлекетпен өзара іс-қимыл жасай алатын және қызметтерді бір жерден ала алатын азаматтарға ыңғайлы және сапалы қызмет көрсетуге арналған бірыңғай кеңістік - Супер ХҚО-лар пайда болады», - деп мәлім етті Бағдат Мусин алқа отырысында.

Оның сөзіне сенсек, енді бала босанған әйел туу туралы куәлігін, балаларына төленетін жәрдемақыны ұялы телефон арқылы лезде рәсімдеп отыр. Ал, жуық арада Цифрлық даму министрлігі елдегі аналардың декреттік төлемдерін алу мерзімін де он бес күннен бір сағатқа дейін қысқартпақ.

«Біз көп қызмет түрін барынша түсінікті, қарапайым, проактивті қызметтер түріне ауыстырғымыз келеді. Баланың дүниеге келуімен байланысты қызметтерді мысалға алып, қарапайым тілмен түсіндіре кетейін. Дәл осы процестегі негізгі проблема мынада екенін анықтадық – жүкті келіншектер қайда барып кеңес алатынын, бала босанғанға дейінгі қызмет түрлерін, яғни, декреттік төлемдерін алу үшін не істеу керек екенін білмей жатады, білсе де, шатасып кетеді. Өйткені, біз аяғы ауыр және босанған елу келіншекті жинап, зерттеу жүргіздік. Олар үшін ең керегі – өзіне тиесілі төлемдерін алу, яғни, базалық қажеттіліктеріне қол жеткізу. Бұл процестегі көп түсініксіз мәселе оларға көп қиындық туғызған. Сондықтан, енді туу туралы куәлік алу, баланың жәрдемақысын рәсімдеуден бөлек, бала босанғанға дейінгі төлемдерін де лезде алуға жағдай жасамақпыз. Бұрын декреттік төлемдерін алу үшін 15 күн кететін, біз бұл мерзімді бір сағатқа дейін қысқартпақпыз», - деп мәлім етті Мусин.

«ДЕКРЕТТІК ТӨЛЕМДІ ОН БЕС КҮН ЕМЕС, ҮШ АЙ ДЕГЕНДЕ ӘРЕҢ АЛДЫМ»

Мусиннің осы мәлімдемесінен кейін біз декреттік төлемдерді рәсімдеумен айналысатын мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының елордадағы филиалына барып, бірнеше келіншекті сөзге тартып көрдік. Келіншектердің көбі әрине әзірге бұл ақпараттан бейхабар болып шықты. Қызмет алуға кезекте тұрған Әсемгүл есімді жас ана «осы ақпаратты әлеуметтік желіден оқыған кезде сенер-сенбесімді білмедім» дейді. Анықталғанындай, Әсемгүл бірінші баласын босанған кезде декреттің төлемді алу үшін әбден әуреге түскен. Тіпті, тиісті төлемі баласын босанып, үйіне шыққан соң, бірақ қолына түскенні айтады.

«2021 жылдың күзінде алғаш рет декретке шықтым. Қандай құжат жинау керек екенін, ол құжаттарға қойылатын талаптарды тіпті білмейтін болып шықтым. Апарған құжатымды тапсырамын, дұрыс емес деп хат келеді. Әлеуметтік төлем жасайтын мекемеге қайта-қайта баратын болдым, тиісті анықтамаларды алып, өзімнің табысымды растайтын құжаттарды жинап, әбден әуреге түстім. Осылайша, 2021 жылдың қарашасында басталған әуре баламды босанғанға дейін, яғни, 2022 жылдың ақпанына дейін жалғасты. Ақыры, айы-күнім толып, босандым, бірақ, декреттік төлемімді әлі ала алмадым. Жолдасыма сенімхат тапсырып беріп, баламның әкесі де біраз жүгірді. Ақыры, үш жарым ай дегенде әлеуметтік есепшотыма декреттік төлем түсті. Енді қазір екінші балама аяғым ауыр. Бұрынғыдай емес, құжаттардың ретін біліп қалдым. Оның үстіне, егер министр айтқандай, декреттік төлем он бес күн ішінде емес, бір сағат ішінде шотыңа түсетін болса, көп ана баласына керек-жарағын ерте алып қояр еді», - дейді Әсемгүл.

ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯНҒА 13 МЛН-НАН АСТАМ АДАМ ТІРКЕЛГЕН

Жалпы, халықтың алғашқы әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру үшін электронды қызметтер түрін барынша дамыта түсу керек екені белгілі. Бұл ретте Бағдат Мусин хабарлағандай, былтыр «eDensaulyq» сияқты маңызды әлеуметтік электрондық сервистер іске қосылған. Бұл қызмет аясында азаматтардың донорлық мәртебесін, ішетін дәрілерінің рецептілерін, жүкті әйелдерді есепке алу, ауруханаға жатқызу бойынша кеңейтілген ақпараттар осы сервиске жиналып тұрады.

«Ұялы байланыс қосымшасы пациентке өзінің жеке медициналық деректеріне қол жеткізуді басқаруға, өзінің ЭЦҚ көмегімен келісімдерге қол қоюға, емханаға бармай-ақ дәрігермен онлайн кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Дәрігерлер өз кезегінде денсаулық сақтау жүйелеріндегі пациенттің деректеріне қол жеткізе алады. Олар медициналық ақпараттық жүйенің «бір терезесінде» жұмыс істей алады және көптеген құжаттарды толтырудың қажеті болмайды», - деді Бағдат Мусин.

Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың тағы бірі – «әлеуметтік әмиян» жобасын дамыту.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге отбасылардың әл-ауқатын 80 параметр бойынша өлшеуге мүмкіндік беретін отбасылардың цифрлы картасын әзірледік. «Әлеуметтік әмиян» платформасы қазір ілкі жоба ретінде жұмыс істеп тұр. Яғни, қазір әлеуметтік осал топтағы азаматтар  eGov платформасыдағы «әлеуметтік әмиян» арқылы өзіне керек қызмет түрін пайдалана алады. Қазір жобаға 13 млн адам тіркелген», - дейді Бағдат Мусин.

ҚАЗАҚСТАНДА КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҒДАЙДА БҰҒАТТАЛМАЙТЫН РЕСУРСТАР ТІЗІМІ ЖАСАЛАДЫ

Баршамызға аян, «қаңтар трагедиясы» кезінде елде интернет уақытша бұғатталып, Төтенше жағдай орнаған кезде «цифрлы ақшаға» үйренген халық тіпті азық-түлік ала алмай қалды. Өйткені, интернет жоқ болған соң, электронды қызметтердің бәрі, банк қосымшалары мүлде істен шықты. Алқа отырысын қорытындылаған Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елде қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, бұғатталмайтын интернет ресурстардың тізімі жасалады деп мәлім етті.

«Қаңтар оқиғаларынан түйгеніміз, мемлекет төтенше жағдайға қарамастан, аса маңызды деген интернет ресурстардың жұмысын мүлде тоқтатпауы керек. Адам өмірін құтқаратын нысандар, мемлекеттік және кейбір жекеменшік ұйымдар, яғни, электронды үкімет пен банк қосымшалары сияқты ресурстар кез келген жағдайда жұмыс істеп тұруы керек. Сондықтан қазір біз кез келген жағдайда қолжетімді болатын интернет-ресурстардың тізімін жасап, оны нормативтік-құқықтық акт ретінде бекітіп, төтенше жағдайлар бола қалса, ол қызметтерді бәрі бір халыққа қолжетімді етпекпіз», - деді сөзін түйіндеген Мусин.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары