ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Белсенділер мәдениет саласында миллиардтаған қаржы қайда жұмсалғанын айтып берді

Алматыда арнайы брифинг өтті 

Соңғы 20 жылда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне ел қазынасынан 1 трлн 356 млрд теңге бөлінген.  Салыстырмалы түрде алып қарағанда бұл сома 2020 жылға есептелген Қазақстан бюджетінің дефицит көлемімен тең. Ол шамамен  1 трлн 598 млрд теңге.  Мұндай мәлімдемені бүгін Алматыда Ботагөз Көпбаева есімді белсенді жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ботагөз Көпбаева 2017-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында  проректор болып еңбек еткенде жоғарғы оқу орнындағы қаржының мақсатсыз жұмсалғанын әшкерелеумен танымал. Сол кезде қоғамдық резонанс тудырған мәселеден соң, жемқорлыққа қарсы мемлекеттік органдар 3 қылмыстық іс қозғаған. Консерваторияға бюджеттен бөлінген қаражаттың 127 млн теңгесін мақсатсыз жұмсағаны үшін осы жоғары оқу орнының бас есепшісі Г. Жұмағұлова  8 жылға сотталды.  Ал 2018 жылы 12 маусымда ректор Жәния Әубәкірова Президенттің өкімімен қызметінен босатылды. 

Музыкалық жоғарғы оқу орны ректорының қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ботагөз Көпбаева  елдегі мәдениет және спорт саласына бөлініп жатқан қаражат көлемін саралап көрген. Бұрынғы прорекордың айтуынша министрлік ұлттық кино өндірісіне бөлінетін қаражатты соңғы он жылда 16 есеге арттырған. Бюджеттің шығыс бөлігінен киноға 2001-2019 жылдары 64 млрд теңге қаражат жұмсалған. Ал биыл отандық кинематография үшін 4,1 млрд теңге қарастырылып отыр.

Суретте: Ботагөз Көпбаева

«Бірақ осы жылдары қазақстандық кино, соның ішінде көркем, деректі, анимациялық, қысқа метражды және дебюттік картиналардың көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге ғана өскен. Тиісінше ұлттық кино өнімдерін жасауға жұмсалған қаражаттың мөлшері 5,7 есеге артқан. Қазақстандық кино туындылардың «А» санатындағы кинофестивальдердегі жетістігі көңілге қонымсыз. Ендеше мұнша қаражат қайда кетіп жатыр?

Тәуелсіздік жылдарында небәрі 2 фильм ғана атақты халықаралық фестивальдердің жүлдесіне лайық деп танылған. Олар Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі («Оскар» сыйлығының шорт-листіне енген- автор), Фархат Шәріповтің «Тренинг личностного роста» фильмі (2019 жылы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің гран-при иегері - автор). Ендеше министрлік тиісті қаражатты киноның сапасына емес санына қарай бөлетінін байқауға болады», - дейді Б. Көпбаева.

Спикер былтыр құрылған киноны қолдау жөніндегі ұлттық қордың жұмысын сынады. Үкіметтің қаулысымен жасақталған мекеме «Қазақфильм» ұлттық киносудиясының қызметін жанама атқарып отыр. Киножобаларды мемлекет есебінен бөлінген қаржымен қамтамасыз ететін бұл қорға айтарлықтай мүмкіндіктер берілген. Мемлекеттік органдар атқаратын қызметті акционерлік қоғам арқылы реттеп, киноға бөлінетін қаражатты басқару осы салада еңбектеніп жүрген мамандардың көзқарастар қайшылығын күшейтті.

Айта кету керек, 2019 жылы наурызда Қазақстанда тәуелсіздік жылдары осы салада қабылданған алғашқы заңнамалық құжат «Кинематография туралы» заң аясында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік қоры құрылды. Бұл ұйым ұлттық киноны қолдау, оны халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік нарыққа шығару, Қазақстан киноөндірісіне инвестиция тартумен айналысады деп мәлімделді.

Елімізде 2020 жылы спорт саласын дамытуға бөлінген қаражат 53 есеге көбейген. Егер 2001 жылы ең нәтижелі спорттық ойын түрлерін қолдауға 905 млн теңге қарастырылса, оның көлемі биыл 48,7 млрд теңгеге жеткен. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне үңілген белсенді Алматыдағы Республикалық спорт колледжіне соңғы он жылда жұмсалған қаражатқа назар аударады.

Оқи отырыңыз: Амалбек Тшанов Елбасыдан араша сұраған 7 оқушыны колледжден шығарып жіберді

Жоғарыдағы кестеде колледждің соңғы он жылдағы тыңдаушыларды қаржыландыру көлемі көрсетілген. Ашық дереккөздерінде де бұл мәліметтер кездеседі. Спортшыларды дайындайтын кәсіптік білім беру мекемесінде қаржыландыру көлемі 3,1 есеге артқан.

Соңғы онжылдықта министрліктің театр және концерттік мекемелерді қаржыландыруға жұмсайтын қаражат көлемі де айтарлықтай өскен. Бюджеттен бұл салаға 2001 жылы 604 млн теңге қарастырылса, өткен жылы оның көлемі 12 млрд теңгеге дейін шарықтаған.

Әлеуметтік маңызды әдебиеттерді басып шығару үшін 2001-2020 жылдары 19,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Жазушылардың шығармаларын баспадан шығарып, оқырманға жеткізу үшін 2001 жылы 100 млн теңге жеткілікті болса, биыл бұл қаржы 1 млрд 100 млн теңгеге жетіп отыр.

«Өкінішке қарай, мемлекеттік сатып алу порталынан әдеби шығармаларды баспадан шығару бағдарламасы бойынша қажетті ақпараттарды алу мүмкін болмады. Бірақ 2018 жылы 13 наурызда Мәдениет және спорт министрлігі мен «Алатау» баспасы арасында жасалған № 57 келісім шарт қолымызға түсті. Келісім шарт сомасы - 38,6 млн теңге. Екі лоттан тұратын келісім шарттың алғашқысы жазушы Оңдасын Елубаевтың «Панда қуанған жаз» шығармасын (22, 7 млн теңге), ал екінші лот бойынша Шоқан Уәлихановтың төртінші томын басып шығаруға (15,8 млн теңге) қаржы жұмсалған. Назар аударатыны - бұл екі келісім де өзге қатысушыларсыз, тікелей келісім шарт жасау арқылы жүзеге асырылған», - дейді Ботагөз Көпбаева.

Мәдениет және спорт министрлігінің өзіне бағынышты басқа да салалар бойынша қаржыларын ашық дереккөздерінен табуға болады. Мысалы, ведомство мемлекеттік тілді және өзге де елдегі халықтардың тілдерін дамытуға  1 млрд теңге қарастырса, түрлі әлеуметтік маңызды шаралар өткізу үшін 7,8 млрд теңге жұмсамақ.

Айта кету керек, биыл салалық министрлікті бірнеше жауапты мерейтойлар күтіп тұр. Мәдениет және спорт министрлігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған жетпіске жуық шара өткізуді жоспарлап отыр. Хакім Абайдың мерейтойлық жылында атқарылатын шаруаларға министрлік 3 млрд теңге қаражат қарастырып отырғанын бұрын жазған болатынбыз.

Оқи отырыңыз: Абайдың 175 жылдығын атап өтуге бір министрліктің өзінен 3 млрд теңге бөлінеді

Ришат Асқарбекұлы, Алматы