Абайдың 175 жылдығын атап өтуге бір министрліктің өзінен 3 млрд теңге бөлінеді
Мәдениет және спорт министрлігі биылғы жоспарлы бюджетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнамақ
Мәдениет және спорт министрлігінің Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап өткізетін шараларының саны жетпіске жуықтайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, Абай Құнанбайұлының 175 жылдың мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес, халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттары, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.
Маңызды жобалардың бірі ретінде Абай шығармаларының жинағы 10 тілге аударылатынын хабарланды. Сондай-ақ, ақын жайлы үш деректі-қойылымдық фильм түсіріледі.
«2020 жылғы тамызда Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Ал, ұлы Абай мерейтойының ресми салтанатты ашылу рәсімі 2020 жылғы 21 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді», - деді вице-министр.
Баспасөз мәслихатына жиналған журналистерт ақынның 175 жылдығын тойлау үшін бюджеттен қанша қаражат қарастырылып отырғанын сұрады.
«Мемлекеттік тойлауға байланысты Мәдениет және спорт министрлігінде қатысты жыл сайын гастрольдік сапарларға, басқа да ғылыми-тәжірибелік конференцияларға бөлінетін қаражат бар. Биыл бөлінген қаражаттың барлығын Абай жылына арнап отырмыз. Шаралардың барлығы жыл сайын министрлікке бөлінетін қаражат есебінен деп (атап өтеміз – авт.) жоспарлап отырмыз», - деді ол алғашқы бірнеше сұраққа жауап бере отырып.
Вице-министр журналистің нақтылап қойған төртінші сұрағына жауап бере отырып, Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге тек министрліктің өзінен 3 млрд теңге бөлінетінін жеткізді. Ал, әкімдіктер мен басқа ведомстволардың ұлы ақынның мерейтойына қанша қаржы жұмсайтынын айтқан жоқ.
«Мәдениет және спорт министрілігіне байланысты ғана Абайдың 175 жылдығына арналған шараларға жоспарланған қаржы 3 млрд теңгеге жуық», - деді Нұрғиса Дәуешов.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан