Амалбек Тшанов Елбасыдан араша сұраған 7 оқушыны колледжден шығарып жіберді
Колледж шәкірттері жұмыстан шығарылған бапкерді қайтаруды талап еткен

Бұған дейін әлеуметтік желілерде бір топ оқушының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, өздерінің колледж басшыларынан қысым көріп жатқанын айтқан видеоролик тараған болатын. Осыдан кейін видеороликтегі 7 баланы Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов оқудан шығарып жіберді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Директордың айтуынша, студенттер мен оқушылар бірнеше күн бойы оқудан себепсіз қалып, колледж басшыларына ультиматум қойған. Талап – жұмыстан шығарылған жаттықтырушы Төлеген Тілеумұратовты кері қайтару.
Фотода Амалбек Тшанов
«Амалбек Тшанов пен Ақтоты Райымқұлова қызметінен кетсін...»
Есте болса осыдан бірнеше күн бұрын 13 ата-ана Azattyq Rýhy тілшілеріне хабарласып, колледжде қалыптасқан ахуал туралы айтқан болатын. Артынша олар Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдеріне де өз шағымдарын жеткізген. Айтуларынша, соңғы үш жылдан бері оқу орнында дау тыйылмай келеді екен. Олардың айтуынша, колледж ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген және таэквондо жаттықтырушысы жұмыстан заңсыз қуылған.
Төлеген Тілеумұратұлы жұмысқа қайта келсін деп колледж басшыларына талап қойған 13 бала қыркүйектен бері сабаққа келмепті. Елбасы мен Президентке видеоүндеу жолдаған да солар. Балалар колледж директоры Амалбек Тшанов пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың жұмыстан кетуін де талап етіпті.
«Егер мемлекет берген жаттықтырушы ұнамаса, баласын оқудан алып кетіп сырттан жалдасын...»
Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов бұл студенттермен де, олардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін айтады. Алайда, еш нәтиже болмаған соң олардың жетеуін жуырда оқудан шығарыпты. Шәкірттердің бәріне «оқу пәндерін», «ішкі тәртіп ережелерін», «спорттық дайындық тәртібін» бұзды деп кінә тағылған.
«Біз мемлекеттік оқу орнымыз. 48 жыл күрделі жөндеу көрмеген оқу орнын биыл жаңаладық. Жекеменшікке сатылып кеткен 4,7 соттық футбол алаңын сот арқылы қайтардық. Интернатта 400-ден аса бала жатып оқиды. 4 мезгіл тамақ беріледі. Бассейн, жеңіл атлетика, баскетбол, таэквондо, семсерлесу сынды олимпиадалық спорт түрлері бойынша өтетін барлық залдарды жаңаладық. Жуырда Д.Тұрлыханов атындағы күрес залы ашылады. Бәрі тегін. Ал, осындай жан-жақты жағдай жасалаған жерде «жеке бапкер бер» деп талап қойғысы келеді. Олай болмайды. Ішкі тәртіп, ереже бар. Егер мемлекет берген жаттықтырушы ұнамаса, баласын оқудан алып кетіп сырттан жалдасын. Мен олардың талабын түсінбеймін. Қаншама бала осы колледжге оқуға түсе алмай кетіп жатыр», - дейді колледж директоры Амалбек Тшанов.
Колледждегі балалар спорттың 16 түрі бойынша білім алып жатыр. Басшылық сабаққа келмей жүрген спортшыларды райынан қайтару үшін бірнеше рет кездесуде жасаған. Колледжіден шыққан Олимпиада чемпиондарын шақырып, түсіндірме жұмыстарын да өткізіпті. Алайда, балалар райынан қайтпаған. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Ысқақованың сөзінше, «талапшыл» таэквондошылардың ісі тәртіптік кеңесте үш рет қаралған.
Фотода Жанар Ысқақова
«Ешбір мемлекеттік мекемеде мұғалімді таңдау деген болмау керек. Жұмыстан шеттеліген жаттықтырушы Төлеген осыншама шу ұйымдастырғандықтан болашақта осы жерде қайта жұмыс істей алмайды. Бүгінгіні қосқанда, бізде осы мәселеге қатысты үш тәртіптік кеңес қаралып, нәтижесінде тағы төрт оқушы оқудан шығарылды. Ата-аналардың өздері кеңеске келмеді. Бүгінге дейін 3 студент, 4 оқушы, барлығы 7 бала оқудан шығарылды. Араларында сабақты беске оқыған үлгілі студенттер де бар. Олар Төлеген келмесе сабаққа бармаймыз деп тұрып алды. Бүгін тағы үш оқушы сабаққа келмеді. Жалпы, қалған 6 оқушының тәртібін қадағалап көреміз. Егер тағы тәртіп бұзса, міндетті түрде олар да оқудан кетеді», - деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Ысқақова.
Аталған жайтқа қатысты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті де тексеру жүргізіп, колледж басшылары тарапынан заң бұзушылықтардың анықталмағанын мәлімдеді. Комитеттің ақпаратынша, жаттықтырушы Т.Тілеумұратов оқу орнында бұған дейін болған қылмыстық іске куәгер ретінде қатысқандықтан, жұмыстан шеттетілген. Өзге екі оқушының арасында орын алған қылмыстық іс Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасында қаралып жатыр. Ал, оқудан қуылған оқушы-студенттердің орнына қазір 25 бала таласып отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы