«Иесіне қайтарып бердік» - СҚО әкімінің ауыл мектебіне сыйлаған автобусы табылды

Мектеп мүлкінің ұшты-күйлі жоғалуына қатысты бұған дейін жазған болатынбыз

«Иесіне қайтарып бердік» - СҚО әкімінің ауыл мектебіне сыйлаған автобусы табылды

2016 жылдың 1 қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылында жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның тұсаукесер рәсіміне келген сол кездегі әкім Ерік Сұлтанов (қазіргі таңда Сенат депутаты) халықты қуанышты жаңалықпен құттықтап, мектеп директорына су жаңа автобустың кілтін табыстаған еді. Алайда балалар көлікке мініп те көрмеген. Автобус ұшты-күйлі жоғалып кеткенін бұған дейін Azattyq Rýhy тілшісі жазған болатын. Қызылжар аудандық әкімдігі мектеп мүлкінің жоғалуына қатысты ақпарат берді.

Оқи отырыңыз: СҚО әкімінің ауыл мектебіне сыйлаған автобусы ұшты-күйлі жоғалды

Жоғалған автобусқа қатысты мәліметті бірнеше күн күтуге тура келді. Мектепке сыйланған мүлікті көз ілеспейтін жылдамдықпен, ешкімге байқатпай алып кетуде асқан шеберлік танытқан аудандық әкімдік, ақпарат беруге келгенде баяу болып шықты. Көліктің қайда кеткенін 400 үйлі ауылдың бір тұрғыны да байқамай қалған.

«2016 жылдың 1 қыркүйегі күні жаңадан салынып ашылған, Бәйтерек орта мектебіне жеткізушіден кепілдік міндеттеме арқылы ПАЗ автокөлігі алынған болатын. Мектеп контингентін толық жинақтаған кезде, барлық оқушылар Бәйтерек ауылында тұратын болғандықтан, оқушыларды күнделікті тасымалдау қажеттілігі болмады. Осыған орай, ПАЗ автокөлігі жеткізушіге қайта қайтарылды. Оқушыларды аудан және облыс көлемінде өтетін іс шараларға тасымалдау үшін Бәйтерек орта мектебіне Газель автокөлігі берілді», - делінген ресми жауапта.

Автобустың ұшты-күйлі жоғалып кетуі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. «Түйені түгімен жұтқан» дегенді естуші едік, темірді де жұтатындар бар екен», - деп жазды әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірі. Экс-әкімге «Сонда не, үш жылдың ішінде мектептің автобусын ешкім іздеп, керек қылмаған ба? Жайшылықта, әр жайттың ізіне түсіп, майшаммен қарайтындар қайда болды екен. Осыншама уақыт өткенде көзден кеткен әкімге жала жауып, қаралай салу оңайырақ әрине», - деп араша түскендер де табылды.

Ал Қызылжар аудандық білім бөлімінің жетекшісі Амангелді Әдбірахмановтың айтуынша, Газель 2016 жылы емес, 2019 жылы ғана берілген. Сондықтан, сыйлықтың не себепті қайтарылып алынғандығы күмәнді күшейте түседі.

«Мен осы мектепте 2016 жылдың 10 қыркүйегінен бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеймін. Біздің мектепке ПАЗ, яғни автобустың берілгеніне мен куә болған жоқпын. Бірақ мектепке қазір Газель берілді. Аудандық деңгейде жарыс сайыс өтетін болса, ол оқушыларды тасымалдайды», -  дейді Жанат Сәдуақасов.

Газельдің жүргенінен тұрғаны көп. Ата-аналар балаларын түрлі жарыстарға өз есебінен апаратындықтарын айтады. Кейбірі мектепте арнайы көліктің барын да білмейтін болып шықты.

«Менің қызым мектепке дейін 30 минут жүреді. Қараңғыда міндетті түрде өзім барып әкелемін. Ал күндіз иттерден қорқамыз. Кейде олардан қашып, мектепке бармастан үйге қайтып келеді. Мектептің көлігі жоқ. Тіпті ауданда жарыс болғанда да өзіміз көлік жалдап апарамыз. Білім ордасына көлік артық етпейтін еді», - дейді Дина Ізтаева.  

Бәйтерек орта мектебінде бүгінде 300-ге жуық оқушы бар. Оқу орнына көлік артық етпейтіні анық. Өйткені 50 шақты баланың үйі мектептен шамамен 1,5 шақырым қашықтықта арналасқан. Оқушылар үшін ол кемінде жарты сағаттық жоқ. Оған оппа қар, ауыр сөмке мен қалың киімді қосыңыз. 

«Менің бұл мектепте екі балам оқиды. Күн суық немесе боран болған кезде үйде отырамыз. 3-4 күн шықпайтын кезіміз де болады», - дейді Лилия Медведева.

Кепілдік міндеттеме арқылы ПАЗ автокөлігі сатушыға қайтарылса, оның ақшасы қайда кетті? Не себепті Газель үш жылдан кейін ғана берілді? Бұл сұрақтардың жауабын білу мақсатында Қызылжар аудандық әкімдігіне тағы да сауал жібердік. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі құзырлы мекемеге ресми хат жолдады.

Бәйтерек ауылында негізінен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Моңғолия,  Өзбекстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түркіменстан сынды тағы басқа мемлекеттерден қоныс аударған қандастарымыз тұрады. Қандастарымыз мемлекеттік бағдарлама аясында әр жылдары көшіп келген. Барлығы 400-ге тарта шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда мектеп болмағандақтан балалар бірнеше жыл бойы аудан орталығына қатынап оқыған еді. 2016 жылы бұл мәселе түбегейлі шешімін тауып, елдімекенде жаңа мектеп ашылды. Ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен сол кезде Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің қызметін атқарған, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов құттықтап, ПАЗ маркілі су жаңа автобустың кілтін сол кездегі мектеп директоры Саяудат Сұлтанғазинаға табыстаған еді. Бұл жайында жергілікті ақпарат құралдары да сүйіншілеп жазған болатын. Сол кезде түсірілген бейнежазбалар да сақталған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.