Дулат Ағаділ өліміне қатысты зорлық-зомбылық нұсқасы тексеріледі
Полицейлер оның өз өлімімен көз жұмғанын айтып отыр
Тергеу абақтысында қайтыс болған белсенді Дулат Ағаділге зорлық болған-болмағаны тексеріледі. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мәлімдеді.
«Зорлық нұсқасына қатысты тексеріс болады. Ағаділ отырған абақтыда қазір біздің өкіліміз жүр. Ол бақылау камерасы түсірілімдерін тексереді. Мекемеге кірген беттен бастап видеокамералар қойылған. Ағаділ отырған жердегі бейнежазбаның ұзақтығы 8 сағат. Оны тексеру уақыт алады», - деді ол журналистермен болған кездесуде.
Оның пікірінше, Дулат Ағаділдің өліміне қатысты халық тарапынан күдіктің пайда болуы заңдылық. Сондықтан, өлімнің тексерілуіне азаматтық қоғам араласуы керек дейді ол.
Еске салайық, бүгін ІІМ өкілдері қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің тергеу абақтысында қайтыс болғанын мәлімдеген еді. Полицейлердің айтуынша, марқұм алкогольдік ішімдікке мас болған. Алдын ала болжам бойынша, оның жүрегі тоқтап қалған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан