$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.02.2020, 16:05
Қоғам

​​​​​​​Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігер жұмысынан әлі босатылмаған

Ауданда маман тапшы 

​​​​​​​Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігер жұмысынан әлі босатылмаған

Осыдан бір ай бұрын Алматыда коронавирустың 70-ке жуық адамға жұққаны туралы тараған жалған хабарламаның авторы жұмысынан әлі кетпеген. Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында қарауындағы қызметкердің өз еркімен әлі арыз жазбағанын айтты. Алматы облысы Есік қаласында орналасқан аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбілова гинеколог-акушер болып жұмыс істейтін дәрігермен 4 наурызда еңбек келісім шартын бұзатынын айтты. Мекеме басшысының айтуынша, білікті дәрігерлер жетіспеушілігі аймақта үлкен мәселе. Десе де Думан Айтжанов өз еркімен жұмыстан кетуге ниет білдірген.

«Ол 4 наурызға дейін еңбек демалысында. Жақында ол аяқталады. Келген соң біз онымен қоштасамыз. Жиырма күндік демалыс алған болатын. Бірақ жұмысқа шықпай, бірден арыз жазып кететін болады. Бұл оның өз шешімі. Өзге қызметкерлердің арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта мұндай болмайды деп үміттенеміз. Министрліктің бұйрығы бойынша бұл тұрғыдан тиісті бақылау бар. Әрине қазір аймақтағы ауруханаларда білікті дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан тәжірибелі маманның осылай жұмыстан шығуы оңай емес»,- дейді Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

Ал Алматы облыстық полиция департаменті күдіктіге қатысты қылмыстық істі әлі тергеп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ақбота Әзірбек мәлімдеді.    

«Қазір Думан Айтжановқа қатысты қылмыстық іс тергеліп бітпеді.  ҚР ҚК 274 бабы 2 бөлімі  3 тармағы, яғни көрнеу жалған ақпарат тарату бойынша айыпталып отыр. Оның қорытындысы бойынша іс жақында процессуалдық шешім қабылдануы үшін  сотқа жолданатын болады»,- дейді департаменттің баспасөз хатшысы.

Оқи отырыңыз:«Жауапкершілігі жоқ»: жалған ақпарат таратқан гинекологтың әрекетіне әріптестері баға берді

Алматы облысының полиция департаменті күдіктіге бұлтартпау шарасы қолданған жоқ. Ол тергеу біткенше ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Айта кетейік, Алматыда қауіпті коронавирустың тарап жатқаны туралы жалған хабарлама 30 қаңтарда әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының акушер-гинекологы полиция бөлімінде халықтан кешірім сұрады. Өз сөзінде дәрігер жазбаны жолдастарына жіберіп, қауіпті вирустан сақ болуды ескерту екенін айтты.

 Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары