ШұғылЕлімізде тағы 813 адамнан коронавирус анықталды

«Жауапкершілігі жоқ»: жалған ақпарат таратқан гинекологтың әрекетіне әріптестері баға берді

Дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғалды 

Фото: tengrinews.kz

Алматыда коронавирустың 70-ке жуық адамға жұққаны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған жалған хабарламаның авторы туралы оның тікелей басшысы айтып берді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында қарауындағы қызметкердің заң алдында тиісті жазасын алуы керектігін айтты.

Бұл аурухана Алматыдан 40 шақырым жердегі Есік қаласында орналасқан. Аудандық аурухананы үш жыл бұрын басқаруға келген Жәмила Әбілова гинеколог-акушер болып жұмысқа орналасқан дәрігерді кәсіпқой маман деп бағалайтынын айтады. Думан Айтжанов гинекология саласында күрделі операцияларға қатысатын білікті маман, дейді аурухана басшысы 

«Ол қырық жаста, интитутты бітірген соң, көп жылдан бері жұмыс істейді, тәжірибелі акушер-гинеколог, күрделі операцияларға қатысады. Біз аурухананың бұл тұрғыдағы позициясын әлеуметтік желідегі парақшаларымызда білдірдік. Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының атынан бұл оқиға үшін өкініш білдіреміз. Сөйте тұра өзге әріптестерімізге де көпекөрнеу жалған ақпарат таратуға болмайтынын қатаң ескерттік. Бұл қылмыстық іс болып саналады. Олар науқастарды емдеумен айналысуы керек, мұндай жағымсыз жағдай қалыптастыру ұят. Өкінішке орай бұл іске біздің дәрігердің қатысы болып отырғанын мойындаймыз. Заң алдында бәрінің жауапкершілігі бірдей»,- деді Ж.Әбілова.

Алматы облысының полиция департаменті медицина қызметкерінің үстінен ҚР ҚК 274 бабы 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның ұсталғаны туралы айтқан болатын.  

«Кеше біздің дәрігерге қатысты процессуалдық әрекеттер басталып кетті. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды деп бізге хабар жіберілді. Бірақ оның нақты қамауда екендігінен әзірге хабарым жоқ. Қазір тергеу жүріп жатқандықтан мен өзге де пікір білдіруге құқығым жоқ. Десе де бұл оқиға ауруханамызға қатысты емес, жеке өзінің ойлап шығарғаны екені анық. Ол бұл мәлімдемесін ресми түрде жариялады ма, әлде өзге біреу оны теріс пиғылға пайдаланды ма? Ол жағын қазір тиісті органдар анықтап жатыр деп ойлаймын»,- дейді аудандық аурухананың бас дәрігері.

«Аман саулық» қорының президенті Бақыт Түменова бұл жағдай медицина қызметкерінің жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді деп есептейді. Қазір бүкіл қоғам болып дәрігерлердің аузына қарап отырғанда, жалған ақпарат тарату осы сала мамандарына  деген сенімге селкеу түсірді, дейді белгілі медицина маманы.

«Бұл жауапкершілігі жоқ адам. Қазір қоғам дәрігерлерге, кәсіби мамандарға қарап, солардың аузын бағып отырғанда дәрігердің осындай әрекетке баруы жағамызды ұстатты. Қытайда және бүкіл әлемде қалыптасып отырған жағдайда осы дәрігердің айтқандары көптеген адамдарға психологиялық соққы болып тиді деп ойлаймын. Ақ халат киіп, дәрігердің байсалды сөйлеп отырғанын көргенде, қарапайым адам бірінші соған сенеді ғой. Өйткені қандайда бір күдікпен науқастанған адам дәрігердің алдына барады. Дәрігер осылай өтірікті соғып тұрса, не болағаныі?!»,- дейді Бақыт Түменова.

Енді болар іс болған соң, кешірім сұрап, ақталудың түк пәтуасы жоқ. Оның қандай мақсатпен айтқаны, қалжыңдап айтқаны да маңызды емес. Дәрігердің ақ халатын пайдаланып, қалыптасып отырған әлемдік оқиғаға жеңіл қарау емес, осындай кезде ісіне адал болу міндет еді, дейді қоғамдық қор басшысы. 

«Меніңше осы оқиға үшін түрмеге отырғызу артық болады. Оның өз кінәсін мойындап, кешірім сұрағанын ескеріп, қатты жазалаудың қажеті жоқ. Бірақ бұл өзгелерге сабақ болуы керек. Қытайдан тараған инфекцияның салдарын қазір ең бірініш дәрігерлер ауыр қабылдап отыр. Олардың ауруды жұқтыру тәуекелдігі өте жоғары. Себебі науқастармен тікелей жұмыс істейді. Сондықтан ол өз қатесін сезінгендіктен, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек»,- дейді Б.Түменова.

Айта кетейік, Алматыда қауіпті коронавирустың тарап жатқаны туралы жалған хабарлама кеше күндіз жазылып, әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының акушер-гинекологы полиция бөлімінде кешірім сұрады.

Оқи отырыңыз: Алматыда коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан гинеколог ұсталды

Ал бүгін ол тағы да бір қосымша бейнетүсірілім жариялап, өз қателігі үшін халықтан кешірім сұрады. Өз сөзінде дәрігерлер алғашқы жазбаны жолдастарына жіберіп, қауіпті вирустан сақ болуды ескерту екенін айтты. Белгілі болғандай күдіктіге бұлтартпау шарасы қолданылмаған. Ол тергеу біткенше ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы