Алматыда коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан гинеколог ұсталды
Жалған хабарламаның авторы дәрігер болып шықты
Алматыда коронавирустың жұғып жатқаны туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап кеткен жалған хабарламаның авторы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау Министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының ресми өкілі Ержан Байтанаев өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Алматыда қауіпті коронавирустың тарап жатқаны туралы жалған хабарламаның авторы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы орталық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Айтжанов Думан есімді азамат болып шықты.
Ол өзінің жалған ақпаратты ойдан шығарғанын, оны WhatsApp желісіндегі сыныптастары мен достарының тобына әдейі жібергенін мойындады.
«Мен ол хабарламаны достарым аздап қорқып, сақтанып жүрсін деген ниетпен жіберген едім. Ал 70 адам жұқтырған деген ақпаратты достарымның арасында әлдекімнің айтып жатқанынан естіп қалып, қостым. Мен өз қателігімді мойындап, жалған ақпарат таратқаным үшін халықтан кешірім сұрай отырып, бұдан былай бәріңізді осындай жайттардан аса сақ болуға шақырамын», – деді дәрігер.
Айта кетсек, 30 қаңтар күні әлеуметтік желілерде Алматы қаласында коронавирустың көптеп таралып жатқаны, ендігі 70 адамның ауру жұқтырып үлгергені туралы жалған хабарлама тарап кеткен болатын. Бұл жалған ақпаратқа қатысты Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеме жасап, тұрғындардан арандатушылық пен қауесетке сенбеуге, тек билік тарапынан берілетін ресми ақпарат көздеріне сүйенуді сұрай отырып, құқық қорғау органдарының арандатушыларды анықтап жатқанын айтқан еді.
Еске салсақ, соңғы мәліметтер бойынша Қытайда коронавирустан 170 адам көз жұмды. Ал ауру жұқтырғандар саны 7 800-ден асып кетті.