«Адам өміріне араша түсті»: қаза болған және зардап шеккен өрт сөндірушілер
Жыл басынан бері елімізде екі өрт сөндіруші қызмет барысында қаза тапты
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, биыл 11 айдың ішінде елімізде 10 567 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4%-ға төмен. Өрттің пайда болуының негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, отты абайсыз пайдалану, пеш орнату және оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу. Azattyq Rýhy тілшісі биылғы өрт оқиғаларын ескере отырып, жыл басынан бері өрттен қаза тапқан және адам өмірін сақтап қалған өрт сөндіру қызметкерлеріне тоқталып өтті.
Биыл қызыл жалынмен күресте 2 өрт сөндіруші көз жұмды. Еліміз егемендігін алғаннан бері 169 өрт сөндіруші түрлі дәрежеде жарақат алған екен. Төтенше жағдайлар министрлігі күнделікті қызметінде ерлігімен көзге түскен өрт сөндіру қызметкерлерінің тізімін берді.
«АДАМ ӨМІРІНЕ АРАША ТҮСТІ...»
Өрттен адамдарды құтқару және олардың мүліктерін қорғау – өрт сөндірушілердің негізгі міндеті. Азаматтық қорғау лейтенанты Қанат Балабеков азаматтық қорғау органдарында 15 жылға жуық уақыт қызмет атқарып келеді. Ол 1984 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2003 және 2005 жылдар аралығында Қарулы күштер қатарында қызмет еткен. 2007 жылдан бастап өрт сөндіру саласына келіп, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушісі, өрт сөндіруші, бөлімше командирі лауазымдарында қызмет еткен, ал 2020 жылдан бастап №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына тағайындалыпты.
«Тілсіз жаумен күресте алдыңғы шептерде көрінген кәсіби маман Қанат Айтбайұлы адам өмірін құтқаруға әрдайым үлесін қосып келеді. 2020 жылы 16 тамызда Шымкент қаласындағы пәтерден шыққан өрттен өз өмірін қатерге тігіп ес-түссіз жатқан ер адамды құтқарды. Есін әрең жиған азамат өміріне араша түскен Қанатқа келіп, алғысын білдіргені әлі көз алдымызда. Сондай-ақ биыл Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Төменгі отырар шағын ауданында болған өртте 5-қабаттағы пәтерлердің бірінен түтінге уланып қалған 2006 жылғы қыз баланы және 2014 жылғы ұл баланы анықтап, пәтерден алып шықты. Жедел әрекет етудің арқасында өрт сөндірушілер екі баланың өмірін құтқарып қалды. Қанат Балабеков осылайша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды», - делінген Шымкент қаласы ТЖД баспасөзінің берген ақпаратында.
ШУХРАТЖОН ХАЛМЕТОВ
Өрт сөндіру саласының жастары да өте белсенді. Азаматтық қорғау сержанты Шухратжон Халметов аталған салада 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Жастайынан спортты өзіне серік еткен ол қазіргі таңда «Қол күрес» және «Гір тасын» көтеру бойынша спорт шебері.
«Шымкент қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші лауазымында қызмет атқаратын Шухратжон өз міндетін атқарып, тілсіз жаудан талай адамды құтқарған жан. Солардың бірі 2019 жылы 5 қабатты үйден 2014 жылы туылған қызды қауіпсіз жерге шығарып, өмірін аман алып қалды. Жалпы осы орын алған өртте 14 ересек және 6 бала қауіпсіз жерге шығарылған. Батыл әрі тез өзіне қойылған міндеттерді орындауының арқасында өртте адам шығыны және жарақат алғандар болған жоқ. Өрт сөндіру барысында ерлік пен қайсарлық көрсетті. Осы үшін де 25 жылдық мерейлі мереке қарсаңында «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісімен мараппаталды.
Сондай-ақ жақында ғана бір адамды тілсіз жаудан құтқарып, өзінің кәсібилігін дәлелдей білді. Өз міндетіне адал, жан-жақты, белсенді мұндай мамандар әрқашанда марапатқа лайықты», - дейді Қызмет бастығының міндетін уақытша атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Серік Шойманов.
АБЫЛАЙ КҮЛБАЕВ
2022 жылғы сәуір айында көп қабатты тұрғын үйдің жанынан өтіп бара жатқан Шымкенттік өрт сөндірушілер А.Күлбаев, Н.Рахым, К.Альменов үйдің жанында адамдардың жиналып қалғандығын көріп, бесінші қабатта орналасқан пәтердің терезесінен қарап тұрған баланы көреді. Абылай Күлбаев, Нұрболат Рахым тез арада жоғары қабатқа көтеріліп, К.Альменов баланың назарын аударып тұрады. Көрші пәтер арқылы Абылай Күлбаев бала тұрған терезеге өтіп, еш қауіпке қарамастан, бірлесе әрекет етіп баланың өмірін құтқарып қалды.
Өз өмірін қатерге тігіп, терезе арқылы өтіп, баланы құтқарып қалған №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Абылай Күлбаев Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі №136 бұйрығымен «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны және адам өмірін аман алып қалғаны үшін» медалімен марапатталды.
«БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – МІНДЕТІМІЗ!»
ҚАНАТ ЕШМАҒАНБЕТОВ
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 10 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Қанат Ешмағанбетов азаматтық қорғау органдарында 2013 жылдың наурыз айынан бері қызмет етіп келеді.
«Ол өзінің кезекті жұмысын атқару кезінде 1984 жылы туған әйелді өлімнен құтқарды. Пәтерден шыққан өрттен жатын бөлмеден өте ауыр жағдайда ес-түссіз жатқан екі адам табылды. Өрт сөндіруші зардап шеккен жандарды шығарып, жедел жәрдемнің келуін күтпей реанимациялау бойынша іс-шаралар жүргізді. Өкпеге таза ауа жіберу үшін жүрек массажына кірісті. Нәтижесінде 1984 жылы туған әйел өмір сүру белгілерін көрсете бастады, ал пәтер иесі өте ауыр жағдайда болды. Зардап шеккендер одан әрі ауруханаға жеткізілді.
Азаматтық қорғау капитаны Қанат Ешмағанбетовтің кәсібилігінің арқасында өрт сөндіріліп, екі адам құтқарылды. Қызметтік борышын атқару кезінде бірнеше рет көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы және адамдардың өмірін құтқарғаны үшін азаматтық қорғау капитаны Қанат Ешмағанбетов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Өрт сөндіруші жоғары марапатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды», - дейді Қарағанды облысының ТЖД баспасөз қызметі.
2022 ЖЫЛЫ ҚАЗА БОЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау органдары қызметкерлеріне (өрт сөндірушілерге) әлеуметтік көмек көрсету «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңымен (бұдан әрі - заң) регламенттеледі. Қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшін олардың үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді (Заңның 67-бабы).
АСҚАР ЗАБИКУЛИН
Асқар Забикулиннің ерлігі әлі ел аузында. Қызмет барысында өз өмірін қиған азамат қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі қалды. 2022 жылы 16 қарашада Астана қаласы Момышұлы даңғылы, 14 мекенжайында шыққан өртке барған Асқар үйіне аман-есен оралмады.
Астана ТЖД берген ақпаратына сәйкес Асқар Забикулин 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны көмегімен жанып жатқан пәтердің (11-қабатқа) терезесіне түседі, сол уақытта пәтерде адамдар болды. Зардап шеккендерді кіреберіс есік арқылы алып шықты. Кейін Асқар көрші пәтерге жүгіріп кіріп, қатты түтіннен шыға алмай отырған 10 жастағы баланы тауып алып, құтқарды. Ең өкініштісі адамдарды құтқару кезінде Асқар 80%-ға жуық дененің термиялық күйіктерін алып, № 1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескенмен 2022 жылғы 20 қарашада ауруханада көз жұмды.
Оның батыл, сауатты әрекетінің арқасында адам өмірі сақталды. Қызметтік борышын орындау және адамдар өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен өз ісіне берілгендігі үшін азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулин Қазақстан Республикасының «І дәрежелі Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Асқардың артында әйелі және екі қызы қалды.
АЙДОС ТОҒЫЗБАЕВ
Айдос Тоғызбаев 2022 жылдың 7 қыркүйегінде Абай облысы Жарма ауданының Бозығұрт ауылдық округі Бірінші ауылының учаскесінде болған өртте қаза тапты.
Құрғақ шөп жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскеннен кейін шақыру орнына келген өрт сөндірушілер дереу қызыл жалынды сөндіруге кіріседі. Табиғи өртті сөндіру кезінде жел бағытының өзгеруі салдарынан өрт автоцистернаға қарай аумақты шарпыған. Техникаға арналған эвакуациялау жолдары барлық жағынан отқа оранып, биіктігі екі метр қараған ағашы өртенеді. Өрт сөндірушілер жағдайды бағалап, өрт-техникалық қару-жарақты жинауды тоқтатып, шұғыл эвакуациялауға кірісті. Осылайша автоцистерна мен КАМАЗ су тасымалдаушы көлігі толығымен жанып кетеді. Нәтижесінде өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Амангелді Тұрлыбеков пен өрт сөндіру бекетінің жүргізуші-қызметкері Айдос Тоғызбаев, өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрлан Салимжан түрлі дәрежедегі күйік алып, Жарма ауданы Шар қалалық ауруханасына жатқызылды.
Айдос қатты күйік алып ауруханада есін жимастан жан тапсырды. Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі үшін азаматтық қорғау сержанты Айдос Ерұланұлы Тоғызбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
36 жастағы Айдос Тоғызбаев артында әйелі мен 5 баласы қалды.