«Бала ең бірінші ана тілінде сөйлеп, ойлап үйренуі керек»: педагог еліміздегі білім жүйесі жайлы
«Шетелдегі мектептер Кембриж университетінің бағдарламасын енгізіп жатыр»

Өскелең ұпраққа сапалы білім беру – өзекті мәселелердің бірі. Соңғы жылдары бұл салаға мемлекет тарапынан қолдаудың көбейгені айқын аңғарылады. Azattyq Ruhy тілшісі «Болашақ» бағдарламасынының түлегі Нұрғали Елшібековпен сұхбаттасты.
- Қазақстандық білім жүйесінің жұмыс істеп келе жатқанына 30 жылдан асты. Алайда тұрақтылық жоқ. Министр ауысқан сайын жаңашылдық енгізіледі. Сіздің ойыңызша бұл қалыпты жағдай ма, әлде білім беру саласының сапасын арттыру үшін мұндай тәжірибе қажет пе?
- Иә, білім беру саласында жыл сайын жаңашылдықтар енгізіледі. Олар зерттеулер негізінде емес, билік басында отырған азаматтардың тапсырмасымен немесе Президент мәселе көтеріп, Жолдау жасағаннан кейін жүргізіледі. Себебі министрліктің сапалы дүниелерді жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ. Білікті сарапшылар мемлекеттік қызметте тағайындалған жалақы үшін жұмыс істемейді. Олардың еңбегі тиісті деңгейде бағалануы керек. Қазақстанда белгілі бір жобаға бөлінген қаражат толықтай өз мақсаты бойынша жұмсалмайтыны тағы бар. Жемқорлық мәселесін шешіп алу қажет.
Ел боламыз десек, демократиялық институттар құрылуы керек. Дамыған шет елдерде жобаны жүзеге асырмас бұрын университеттер сынақтан өткізеді. Министрлік менеджер ретінде оған тапсырыс береді. Жобаның тиімділігіне көз жеткізілгеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі. Ал біздің университеттер ондай деңгейде емес. Олардың ресурсы шектеулі. Мәселен, жаңаланған білім бағдарламасы енгізілді. Жақсы жоба. Алайда оны тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін жағдай жасалып жатқан жоқ. Мұғалімердің жалақысы көтерілді, бірақ инфляция да қиындық тудырып отыр. Осылайша бір орында айналып жүрміз. Тұрақтылық – мен үшін тоқырау. Адам да, мемлекет те үнемі даму үстінде болуы керек.
- Білім беру саласында тәжірибеңіз мол. Кеңестік мектепте білім алдыңыз, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде оқып, кейін еңбек еттіңіз. Білім беру жүйесінің қай түрі тиімді деп ойлайсыз? Әрқайсысына жеке тоқталсаңыз.
- Әр кезеңнің өз міндеттері болды. Мектепте сыни тұрғыда ойлауды емес, партияны жақтауды үйретті. Ал 90-шы жылдары «аштан өлмесек болды» деген позиция басымырақ болды. Сол кезде еңбек еткен мұғалімдерге бас иемін. Жалақы алмаса да, балаларға білім беруге барынша күш салды. Бұрынғы қазақ-түрік лицейінде білім алдым. Онда тәрбиеге, рухани құндылықтарға басымдық берілді. Орта мектепте жұмыс істедім. Еңбек жолым Назарбаев зияткерлік мектебінде жалғасты. Мол тәжірибе жинадым. Ал «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемді танып, білімімнің көжиегі кеңейе түсті. Мен шет елде жұмыс істеген мектептер Кембриж университетінің бағдарламасын, яғни біздің жаңаланған білім беру бағдарламасын енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Оған арнайы қаржы бөлінген. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол берілмейді.
- Шет тілдерін нешінші сыныптан бастап оқытқан дұрыс деп ойлайсыз?
- Тіл маманы емеспін. Дегенмен, қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерін білемін. Бала ең бірінші ана тілінде сөйлеп, ойлап үйренуі керек. Содан кейін ғана басқасын меңгеруге болады. Кейбір зерттеулер нәтижесі өзге тілдерді ерте жастан үйренген балалар ана тілімен бірге қалыптасатынын дәлелдеген. Бұл мәселені терең зерттеген емеспін.
- Соңғы жылдары жекеменшік мектептер ашылып жатыр. Министрлік бұл саланы бақылай ма? Қаншалықты сапалы білім беріледі?
- Министрлік арнайы лицензия береді. Жекеменшік мектепке қатысты шағым болса, тексеріс жүргізіледі. Біздің позициямыз – тұтынушыларды жоғалтпау. Ал оны сапа арқылы ғана сақтауға болады. Сондықтан салада бәсекелестік болуы керек. Министрлік бүкіл мәселеге араласпауы тиіс, себебі ол жемқорлық фактілерін көбейтеді. Сапаны тексеруді ана-аналардың еншісіне қалдырған жөн. Мемлекеттік ұйымдар бюджет ақшасын жұмсау жағын ғана ойлайды. Ал бизнес сол қаражатты табуға бас қатырады. Біз саналы әрі сапалы білімге баса мән береміз. Оқушы не істеп жүргенін білуі тиіс.
- Білім саласында кезек күттірмей шешуді талап ететін қандай проблемалар бар?
- Салаға қаржы құюды молайту қажет. Сапалы мұғалімдерді тарту керек. Ол үшін жалақы жақсы болуы тиіс. Жемқорлық схемаларды кезек күттірмей жоюды талап ететін мәселе. Жекеменшік компаниялар қандай да бір мемлекеттік тапсырысты орындайды. Мәселен, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары делік. Олар педагогтардың тәжірибесін арттыруға емес, ақша табуды негізгі мақсат етеді. Жұмысты сапалы деңгейде атқарса да, діттеген табысын алады. Сондықтан бұл қаржыны жекеменшік ұйымдардың иелеріне емес, мұғалімдердің жеке шотына салу керек деп ойлаймын. Және оның мақсатты жұмсалатынын қадағалайтын механизм болуы тиіс. Сонда мұғалімдер қай семинарға немесе курсқа баратынын өзі таңдайды. Сәйкесінше бәсекелестік пайда болады.
- 12 жылдық білім беру қандай болуы керек?
- Бастауыш буында балалардың өмірге деген қызығушылығын арттыруға, тәрбиеге баса мән берілуі керек. Ал орта буында білімге басымдық жасалады. 11-12-сыныпта оқушылар университетке түсуге дайындалуы тиіс. Ал бізде барлық пәндер жалпылама оқытыла береді. Оқушылар болашақ мамандығы бойынша бағыт-бағдар алып, университетке түсу мақсатында емтихан тапсыру үшін өзі таңдаған сала бойынша ғана дайындалғаны тиімдірек болады.
- Қазір кейбір мектептерде «Жаһандық азамат» қағидасына басымдық беріліп жүр. Ол не және ол бізге қажет пе?
- Мәселен фашизм ұлтшылдықтан бастау алады. Яғни олардың өз ұлтын басқалардан биік санауы. Ресейде де қазір осындай құбылыс болып жатыр. Адамдар бір-біріне бауыр ретінде қарауы керек. Бірақ біз «жаһандық азамат» боламыз деп, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алуға болмайды. Әр жерде тепе-теңдік болуы керек. Абайдың айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап», сол жолмен жүрсек, адаспаймыз деп ойлаймын.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!