Бердібек Сапарбаев Қордай оқиғасының тағы бір себебін атады
Масаншы ауылындағы мектептен 10 жыл бойы бірде-бір «Алтын белгі» немесе Үздік аттестат иегері шықпаған, бір ғана түлек ЖОО грантын иеленген

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Білім беру саласының қызметкерлерімен кездесу барысында сапалы білімнің болмауы және тәрбиенің жетіспеуі де Қордайдағы қақтығыстың тағы бір себебі болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұғалімдермен кездесу барысында облыс әкімі Масаншы ауылындағы мектептердің бірінен он жыл бойы бірде-бір «Алтын белгі» немесе Үздік аттестат иегері шықпағанын, тек бір ғана түлектің жоғары оқу орнының грантына қол жеткізгенін атап өтті.
«Міне, Қордай оқиғасының түпкі себебін осыдан іздеу керек. Бұл сапалы білім мен жас ұрпақты тәрбиелеу барысындағы ұлттық дәстүрлерден алшақтап кеткенімізді, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру деңгейінің төмен екенін көрсетеді», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі сондай-ақ, мектеп директорларын да сынға алды.
«Оқу орындарының кейбір басшылары «Менің мектебім», «Менің ұстаздарым», «Менің шәкірттерім» деген сияқты тіркестерді қолданып, өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлға ғана болуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, мектеп директорлары біртіндеп өзіне керекті байланыстар арқылы өсіп отырады, нәтижесінде ондай әрекеттер сыбайлас жемқорлықтан туындайтын құқықбұзушылықтарға әкеп соғады.
«Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақша алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Біліктілігімен емес, ақшасымен жұмысқа орналасқан мұғалім содан соң кеткен шығынын ата-аналардан қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», - деп тоқталды әкім.
Ал салалық басқарма басшысының міндетін атқарушы Жәмиля Бекбатырова ауылдық мектептердегі басты проблеманың бірі – педагогтар сапасының төмен екенін, олардың көбі жоғары оқу орнын сырттай бітіргенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, 100-ден астам мектеп инспекторы жетіспей жатқанын да мысалға келтірді.
Сондай-ақ, облыстағы білім беру саласының ардагері Камилаш Ахметова өз кезегінде, білім сапасының төмендеуіне әкеп соғатын жайттарға тоқталды.
«Кейінгі кезде мұғалім үшін көп сағат алу басты мақсат болып кетті. Көбі тезірек сабағын беріп, үйге кетуге асығады. Ал балалардың сапалы білім алуы үшін кім жауапты? Дұрыс тәрбие мен білімге ден қоймаған жеткіншектер түрлі құқық бұзушылықтар жасайды! Біз бұл орайда ұлттық дәстүрлерді, дала философиясын, Абай мен Шәкәрім еңбектерін негізге алуға тиіспіз», - деді Камилаш Ахметова.
Аймақ басшысы спорт залдары мен білім беру және мәдениет нысандары барлық жергілікті тұрғынның, әсіресе жастардың жиі бас қосатын орнына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғалар БАҚ пен әлеуметтік желілерде айтылған сыни ескертулерге жедел жауап беріп, тиісті нәтиже шығару қажет екенін қадап айтты.