Дарынды балаларды гаджеттер «ұрлап жатыр» – педагогпен сұхбат
Мұғалім Гүлсара Көбекованың айтуынша, балалардың телефонға тәуелділігі бүгінгі күннің басты проблемаларының біріне айналып отыр
Гүлсара Көбекова – 30 жыл өтілі бар педагог. Ол Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы Таукент ауылындағы Смет Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Мұғалімнің айтуынша, балалардың телефонға тәуелділігі бүгінгі күннің басты проблемаларының біріне айналып отыр. Оның пікірінше, мектеп пен ата-ана бұл мәселені бірлесіп шешуі тиіс. Тәжірибелі маманмен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
- Қазір мамандар балаларға телефонның орасан зиян келтіретінін айтып жүр. Көру қабілетінің нашарлайтынын былай қойғанда, гаджеттерге әуестік психикалық ауытқушылықтарға алып келуі мүмкін. Қазіргі оқушылардың бойында осындай оғаш мінез-құлық байқала ма?
- Мен жоғары сынып оқушыларына сабақ беремін. Балалардың гаджетке тым тәуелді болып кеткенін күн сайын байқап жүрмін. Олар әлеуметтік желілердің виртуалды әлеміне түсіп кеткен. Өздері соны аңғармайды да. Шынайы әлемнен алыстап, сол ортада өмір сүріп жатқандай. Достар арасында бір-біріне әңгіме айту, сырласу, табиғат аясына шығып серуендеу мүлде жоқ. Түрлі кештер ұйымдастыру жұмыстарына қатысуға тіптен құлықсыз. Бар назары, ойлары – тик-токпен байланып қалған. Маған кейде оқушылар өмірді де соның тезіне салып өлшейтінде көрінеді.
- Ата-аналар бұл мәселеге мән беріп отыр ма? Әлде бұл проблеманы мұғалімдер ғана байқай ма?
- Кейде балалардың ата-аналарынан да келеңсіз жайттар жайында естіп жатамыз. Жасөспірімдер әбден жалқау болып алған. Бұрынғының балалары сияқты үй шаруасына көмектесу жоқ. Оның бәрі өскелең ұрпақтың телефонға байланып қалғанынан. Олардың мінезі дөрекіленіп, әке-шешесін тыңдаудан қалғанының да куәсі болып жүрміз. Тіпті агрессия танытатындар бар. Мәселен, кішкентай балалар ойыннан жеңіліп қалса, қолындағы телефонды, басқа да заттарды жан-жаққа лақтырып, қиратуы да соның белгісі. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бәрі бірдей емес, бірақ уақыт озған сайын телефонға тәуелді бала көбейіп барады. Уақыт өте олар смартфонды бәрінен жоғары қоятын болды.
- Балаларды гаджеттерден қалай қорғаймыз?
- Дұрыс пайдалана білген адамға гаджеттердің пайдасы көп. Айшылық алыс жерлердегі шаруаны саусақтың бір қимылымен тындыруға болады. Тек әр нәрсенің өз шегі бар. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Мәселен, дәрумендердің адам ағзасына пайдасы зор. Ал оны шектен тыс көп қабылдасақ, уға айналады. Гаджеттер де солай. Сондықтан балаларға ерте жастан оны пайдалану мәдениетін үйрету керек. Ұялы телефонды күшпен тартып алу, тығып қою да дұрыс емес. Өйткені балаға тыйым салған сайын ол сол нәрсеге әуес болып, қызығушылығы арта береді. Одан да пайдалану шартын, әдебін үйреткен дұрыс. Танымдық дүниелер ғана көріп, телефонды пайдалану уақытын шектеуге баулу қажет.
- Қазақ баласы орыс тілін тез үйреніп алады. Ал өзге ұлт өкілдері неге мемлекеттік тілді меңгере алмай келеді деп ойлайсыз? Әлде орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту бағдарламасы тиімсіз бе?
- Ауылдық жерлерде мемлекеттік тілді меңгерудің еш қиындығы жоқ. Менің оқушыларымның арасында кәріс, грузин, орыс тағы басқа ұлт өкілдері бар. Олар қазақ тілін жақсы біледі. Өз ойларын еркін жеткізе алады. Ал қала балалары қазақ тіліне шорқақ. Оларды ата-аналардың өздері дүбара етіп отыр. Себебі олар аулада, отбасындағы қарым-қатынас жасауда орыс тіліне басамдық береді. Сондықтан баланың санасына туған тілін сіңіруді отбасынан бастау керек. Өзің орысша сөйлеп тұрып, мұғалімге, мектеп бағдарламасына талап қою – бекершілік.
- «Дарынсыз бала жоқ, талапсыз мұғалім бар». Осы оймен келісесіз бе?
- Дарынды оқушыларды гаджеттер білдіртпей "ұрлап жатыр". Ал мұғалім оны қайыра алмай әлек. Әр ұстаз өзіне берілген уақытты тиімді пайдаланады деп ойлаймын. Бар білгенін шәкіртіне үйретуге күш салады. Балаға үйде берілген тәлім-тәрбие темірдей болуы тиіс. Екі жақты тең ұстаған абзал. Ата- аналардан көп көмек болуы керек. Ал қазіргі ата-аналардың көбі материалдық құндылықтарға баса мән беріп, рухани тәрбиені ұмытып кетеді. Мәселен қымбат киім, телефон алып берсе, ата-аналық борышын орындадым деп есептейді. Ал балаға айфоннан гөрі жақсы тәрбие берген дұрыс.
- Мұғалімдердің аузынан «қазіргі балалар сөзге шорқақ, өз ойын еркін жеткізе алмайды» деген пікірді жиі естимін. Себебі неде?
- Өз ойын толық жеткізе алатын оқушылар азайып барады. Себебі, олар кітап оқымайды. Әлеуметтік желілердегі қысқа-қысқа роликтерді көреді. Соған сәйкес адамның ойлау қабілеті де таяздана береді. Қазірдің өзінде сабақта атын атап, түсін түстемесең үндемей отыра беретін балалар көп. Өйткені ол өзінің виртуалды әлемнің жетегіне еріп кетеді.
- Қазір педагогтардың біліктілігін арттыруға арналған түрлі курстар көп. Бір мұғалім кейде жылына 3-4 курс оқиды. Осының бәрі нәтиже беріп жатыр деп ойлайсыз ба? Мүмкін ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдаудың басқа да жолдары бар шығар?
- Курстардың көп болғаны жақсы. Мұғалім үшін пайдасы зор. Бірақ олардың бағдарламасы ұлтық тәлім-тәрбиені негізге ала отырып жасалса деймін. Мұғалім баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып білім берсе, ертең нағыз патриоттар өсіп шығады.
- Сіздің пікіріңізше бүгінгі күні мұғалімнің келбеті қандай болуы керек?
- Біз – өте жоғары қарқынмен дамып жатқан заманда өмір сүрудеміз. Мұғалім сол жаңашылдықтарға тез бейімделе білуге міндетті. Сондықтан бүгінгі педагог жаңашыл, білімі терең, талапшыл, жан-жақты болуы шарт. Себебі бізге үлкен жауапкершілік – елдің ертеңгі тізгінін ұстар ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісі тапсырылған.
- «Педагог мәртесебі туралы» Заңның шарапатын сезіне алдыңыз ба?
- Әрине, кейінгі жылдары қоғамда мұғалімнің беделі көтеріліп келе жатқандығы байқалады. Қазір бізді көрермен санын көбейту үшін түрлі іс шараларға апару, жиналыстарға шақыру, сенбіліктерге шығару тыйылды. Мұғалімдердің демалуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына жағдай бар. Түрлі қағазбастылықтан арылдық. Өз ісінде жақсы нәтиже көрсеткен әріптестер марапатталады.
- Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет. Дарынды шәкірттеріңіз көп болсын!