Алдағы үш күнде мегаполистердегі ауа райы қандай болады
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 1-3 маусым аралығында күтілетін ауа райы болжамы жарияланды
Қазақстанда жаз мезгілі бірден құбылмалы ауа райы құбылыстарымен басталғалы тұр. Синоптиктер еліміздің үш мегаполисі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 1-3 маусым аралығында күтілетін ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елордада жаздың алғашқы екі күнінде жауын-шашын болып, дауылды жел тұрады деп күтілуде. тек үшінші күнге қарай күн ашылады. Синоптиктердің болжамынша, 1 маусымда күн құбылмалы бұлтты болып, түнде және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ жаууы мүмкін, ал желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +18…+20°C, күндіз +28…+30°C болады. 2 маусымда түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал күндіз жауын-шашын күтілмейді. Желдің жылдамдығы 9-14 м/с шамасында болады. Ауа температурасы түнде +15…+17°C, күндіз +27…+29°C-қа жетеді. 3 маусымда жауын-шашын болжанбайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 9-14 м/с болады. Ауа температурасы түнде +13…+15°C болса, күндіз +29…+31°C-қа дейін көтеріледі.
Алматылықтар үшін жаздың басы аптап ыстықпен басталып, кейін қысқа мерзімді жаңбырға ұласады. Синоптиктердің болжамынша, 1 маусымда жауын-шашынсыз, ашық күн күтіледі. Күндіз желдің екпіні 13 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы түнде +20…+22°C, күндіз өте ыстық +33…+35°C болады. 2 маусымда күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +21…+23°C, күндіз +30…+32°C шамасында болады. 3 маусымда да күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшейеді. Түнде +20…+22°C, күндіз +28…+30°C шамасында салқындайды.
Шымкент қаласында маусымның алғашқы күндері өте жоғары температурамен ерекшеленеді. Синоптиктердің болжамынша, 1 маусымда күндіз қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде +20…+22°C болса, күндіз аптап ыстық +35…+37°C-қа дейін жетеді. 2 маусымда күн ашық, жауын-шашынсыз болады. Солтүстік-батыстан 8–13 м/с жылдамдықпен жел соғады. Түнде ауа температурасы +20…+22°C, күндіз +33…+35°C шамасында сақталады. 3 маусымда қайтадан құбылмалы бұлттылық орнап, күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің жылдамдығы 8–13 м/с болады. Түнде +18…+20°C, күндіз термометр бағаны +33…+35°C деңгейінде сақталады.