«Жолдың жарығы бағдаршамға жетпей қалды». Астанада ата-аналар балалары мектептен келгенше үрейде отырады
Елорданың жаңа ауданындағы жаңа мектепке апаратын жолды әлі күнге дейін жарық жоқ
Күні кеше елордада кешқұрым сабақтан келе жатқан үшінші сынып оқушысын жол талғамайтын көлік қағып кеткен еді. Абырой болғанда, бала дін аман, жүргізуші оқиға орнынан қашпай, полицияны күткен. Осы оқиғадан кейін 38-ші көшенің бойындағы «Саранда» тұрғын үйлер ауданындағы бір топ ата-ана жаңадан салынған жолды жауып тастады, деп жазады Azattyq Ruhy тілшісі.
Айта кетейік, 38-көшенің бір жағында оншақты үйден тұратын «Саранда» тұрғын үй кешені орналасса, екінші жағында Астана әкімдігі мен кәсіпкер Айдын Рахымбаев салған «Бином» мектебі орналасқан. Биыл оқу жылының басында оқушыларды қабылдаған мектепке қатысты ата-аналар көтеріп отырған осы жол мәселесі ғана емес. Әуел баста мектептің айналасында жаяу жүргіншілерге арналған жол болмай, оқушылар күздің батпағына малынса, кейін мектептің қасына дейін баратын қоғамдық көлік «табылмай», ата-аналар тағы да мәселе көтерген еді.
Ал 38-көшені кесіп өтетін сегіз жолақты үлкен жол ашылғалы бері ата-ананың проблемасы да қиындай түсті: жол салған жергілікті орган оның бойындағы бағдаршамды бірден іске қоспаған. Күз кезінде бір топ оқушы сабақтан кейін үйіне бару үшін арлы-берлі сабылған көліктің азайғанын күтіп, жолдан жүгіріп өтетін. Жүргізушілер көлікте отырып, мұндай қорқынышты сәттерді видеоға түсіріп, желіге салған соң, «Саранда» тұрғын үй кешенінің бойынан бірнеше бағдаршам іске қосылған болатын.
Мәселе енді шешілді-ау дегенде күн қысқарып, жолдың тағы бір «шикі» тұсы көрінді: үлкен жолдың бойына бірде-бір жарық қойылмаған. Күн қысқарған қыстың күні бұл, әрине, ата-ана мен оқушы үшін тағы да қорқынышты жағдайға айналды. Кешегі жол апатынан кейін ата-ананың мәселе көтеріп, көлік қозғалысына кедергі келтіруі де осыдан еді.
Azattyq Ruhy тілшісімен сөйлескен ерікті ата-ананың бірі Татьяна Брынзаның айтуынша, жолдағы жарық мәселесіне қатысты жауапты тұлғалар көп сылтау айтқан.
«Біресе жолдың бойына баған орнатып, жарық тарту үшін сол жердегі тоқтың қуаты жетпейді деді. Біресе кабель жоқ деді. Біресе жолды әкімдіктің балансынан аймақтық электр желісі компаниясының балансына өткізу керек деді. Содан қыс түсіп кетіп, көктемде жерді қазып, жарық тартамыз деген еді. Бірақ кеше үшінші сынып оқушысын көлік қағып кетті. Сондықтан біз тағы да мәселе көтердік. Сөзге сенбей, жарық тартқанша тұрдық. Ақыры, 38-көшенің бойына жарық қосты, бірақ жартылай ғана қосылды. Тартқан жарықтары бағдаршамға дейін жетпей қалды», - дейді Татьяна.
Оның айтуынша, ата-аналар жолды жапқан соң, оқиға орнына Есіл аудандық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Марат Дубаев келген.
«Ол алдымен ата-аналарды тыңдады, бағдаршамның жұмысын тексерді. Енді осы жарықтандыру мәселесін де назарға алып, істі бақылауда ұстаймын деп уәде берді», - дейді Татьяна Брынза.
Ата-аналар жергілікті әкімдіктің жолды жарықтандыру бойынша жұмысын назарда ұстап, келіспеген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы проблеманы тағы да қозғаймыз деп отыр.