$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.02.2020, 10:54
Қоғам

Елімізде пайдаланылмаған жерлерге салынатын салық 20 есеге артады

Министрлік жыл басынан бері 1,8 млн га жайылымды мемлекет меншігіне қайтарған

Елімізде пайдаланылмаған жерлерге салынатын салық 20 есеге артады

Елде игерілмеген жерлерге салынатын салық көлемі 20 есеге артуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті заңнамаға түзетулер енгізбекші. Ол құжат жақын күндері Парламенте талқыланады. Бұл туралы бүгін министрліктің кеңейтілген алқа жиынында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Биылдан бастап малды тірідей экспорттауға тыйым салынған, алайда бұған наразылық танытқан кәсіпкерлер ара-тұра бой көрсетіп тұрады. Министрлік мұны уақытша құбылыс деп бағалады. Олардың пайымынша, малды сыртқа шығарғаннан елдегі ет бағасы едәуір өскен. Бұл өзгеріс сол үшін де қажет болды дейді. Алайда, ведомство ет бағасын тұрақтандыруға әлі кепіл бола алмай отыр. 

«Біз өндіреміз, ал дүкендер бөлшек саудада сатады. Ал оны Сауда және интеграция министрлігі бақылайды. Арада делдалдар болуы мүмкін. Мен дәл соның ешбірі ет бағасына үстемақы қосып сатпайды деп дөп басып айта алмаймын», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек САПАРОВ.

Бұдан бөлек, ведомство игерілмеген жерлер үшін де талапты күшейтпек. Министрлік жыл басынан бері ғарыштан мониторинг жүргізу арқылы, бос жатқан жерлерді анықтап, 1,8 млн гектар жайылымды мемлекеттің меншігіне қайтарған. Биылдан бастап жерді иемденіп, бірақ игілігін көрмей отырғандарға айыппұлды еселеуді көздеп отыр. Тіпті оның пайдалау мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқартпақ.

«Бұған дейін бос жатқан жерлер үшін салықты 10 есе артық төлейтін. Біз бұл мөлшерлемені қайта қарап, 20 есеге ұлғайтқымыз келеді. Арамызда 50 есеге дейін көтерейік деп ұсыныс тастап жатқандар да бар. Бұл кезде қожалық иесі бос жатқан жерінен өз еркімен бас тартады. Ал біз оны игере алатындарға береміз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем ҚҰРМАНОВ.

Министрлік жасаған зерттеу қорытындысына сенсек, барлық аймақта жайылымды жер жетіспеушілігі бар. Әсіресе оңтүстік өңірлерде. Бір қызығы осы уақытқа дейін шаруа қожалықтардың атына тіркелген 72,4 млн гектар аумақтың жартысында ғана төрт түлік жайылып жүр. Осыған байланысты құзырлы министрлік жергілікті атқамінерлерге тиісті шаралар қолдануды ескертіп хат жолдаған. 
 

Серіктес жаңалықтары