«Өтемақы төлеуге дайынбыз». Алматыда заңсыз ағаш кескендер 55 мың көшет отырғызамыз деп уәде берді
Әр кесілген ағаш бес еселеніп өтелмек
Алматының Медеу ауданына қарасты аумақта 11 мың түп ағашты рұқсатсыз кесті деп айыпталған компания мемлекетке келтірілген залалы үшін 55 мың көшет отырғызбақ. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің Алматыдағы тілшісі хабарлайды.
Оқи отырыңыздар: «11 мың ағашты рұқсатсыз кескен». Алматы әкімдігі ағаш кескен кәсіпкерді тоқтата алмай отыр
Жақында Құлжа тас жолының бойында аумағы 120 мың шаршы метрлік «APORT EAST» ойын-сауық орталығының құрылысын жүргізбек болған кәсіпкерлерді Алматы әкімдігі сотқа бергені жайлы жазғанбыз. Жасыл экономика бақармасы дабыл қағып, табиғатты қорғау полициясы тарапынан іс қозғалатынын да хабарлаған. Басқарманың бөлім басшысы Олжас Жаңыспаевтың сөзінше, 26-ақпан күні аталған заңсыздыққа байланысты алғашқы сот отырысы да өтуі тиіс болған. Алайда арада апта өткенде рұқсатсыз ағашты жатқан жандарға қатысты істің тоқтатылғаны белгілі болды.
«Бізге қарсы қозғалған іс тоқтады. Қазір әкімдікпен келісім жүргізіп жатырмыз. Жасыл экономика басқармасы айтқандай, біз 11 мың ағашты кескен жоқпыз. Мамандардың пікірінше, бір гектарға 300 ағаш сыяды екен. Сонда осындағы 11 гекатрда ары кетсе 3300 ағаш болу керек. Алайда, біз ағаштарды санаған жоқпыз, әрі бұндай ағаш бұл аумақта болған жоқ. Оны бұған дейінгі түсірілген картадан да көруге болады. Соған қарамастан біз әр түп ағаш үшін бес көшеттен, яғни бес есе көбейтілген көлем бойынша өтемақы төлеуге дайынбыз», - деді «Aport Malls» компаниясының басқарушы менеджері Тимур Мұхамеджанов.
Мұхамеджановтың сөзінше, ағаш көшеттерін сатып алатын питомниктер де дайын. «Шығынды өтеуге дайынбыз деген кәсіпкерлер» жіберген қателігі үшін 300 миллионнан астам қаржы қарастырып қойған. Табиғатқа залал келтіріп, ағаш кескені үшін өтемақы ретінде екі жыл бойы отырғызылған көшетті күтіп-баптауға міндетті.
«Өсімдіктерді қорғау институты біз үшін 55 мыңға жуық көшет бермек. Біз ол ағаштарды сатып алуға 55 миллион теңге, ал көшеттердің 2 -2,5 жылға дейін өсіп-жетілгенше 260 миллион теңге жұмсамақпыз. Біз Алматы мен Алматы облысында өсуге бейім пирамидалық теректерді отырғызамыз. Гипоаллергенді теректер мамық шығармайды. Әкімдік қанша ағаш отырғызу керектігін айтса, келісімшарт жасасып, өтемақы ретінде ағаш өсіруге бірден кірісеміз», - деді Тимур Мұхамеджанов.
Дегенмен, дауға қалған компания өздеріне тиесілі аумақтағы жұмысын әлі тоқтатпаған. Кесілген ағаштардың орнына коммуналдық жүйелерді жүргізіп жатқан мекеме басшылары келесі жылы «APORT EAST» орталығын қалайда қолданысқа бермек. Себебі, 5 мың адамды жұмыспен қамтитын алып ғимараттың құрылысы әлі басталмаса да, ондағы сауда орындарының 85% жалға беріліп қойған. Ал табиғатқа зиян тигізді деген экологтар 10 наурыз күні кесілген ағаштардың орнына барып қоғамдық тыңдау өткізбек. Әкімдік болса, сот ісінің тоқтағанын жоққа шығарды. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты даулы іс әлі жалғасатынын жеткізді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы