«Аралдың тұзы Солтүстік мұзды мұхиттан табылған»: Көкарал бөгеті апатты жағдайда тұр ма?
Бөгеттің бір бөлігі желініп, қираудың алдында тұр
Арал теңізінің тартылуы Қазақстанға ғана емес Орта Азия аймағына, табиғатқа, өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесіне экологиялық, сол сияқты әлеуметтік-экономикалық үлкен апат болып отыр. Өз уақытында өңірдегі суармалы жер көлемінің артуы, суды қажет ететін кәсіпорындар санының көбеюі, бұдан бөлек Арнасай, Шардара, Сарықамыс сияқты өзге де жасанды су қоймаларының пайда болуы – Арал теңізінің аумағын, көлемін, тереңдігін азайтты. Тақырыбымызға арқау болып отырғаны – Аралдың бүгінгі жағдайы ғана емес, табаны құрғап кеткен теңіз бен Кіші Аралдың арасына салынған Көкарал бөгетінің қазіргі жай-күйі. Бұл бөгеттің ерекшелігі – артық суды құрғаған теңізге ағызып, қалған уақытта кіші теңіздің суын ұстап тұруға арналған. Маңызы зор бөгеттің бір шеті соңғы жылдары ескіргенін айтып, жауапты мамандар дабыл қағып отыр. Azattyq Ruhy тілшісі Арал теңізі мен аталмыш бөгет мәселесіне шолу жасап шықты.
АРАЛДЫҢ ТҰЗЫ СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТТАН ТАБЫЛҒАН
Иә, бұл әлемдік деңгейдегі проблема. Дегенмен Арал өзімізде орналасқандықтан ең алдымен Қазақстанның басты проблемасының бірі деуге болар. Арал теңізін ғарыштан қарағанда жиегінен 400 км-ге дейін созылған «тұзды бұлт» жүретіні осыған дейін де айтылған болатын. Салдарынан өсімдік пен жануарлардың түрлері азайды. Ал теңіз маңында мекендеген су құстары толықтай, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген жануарлардың кейбір түрі (итала қаз, бұлдырық, жидек, арал шағаласы, ондатр, т.б.) жойылып кетті деуге болады. Қоршаған ортаға, адам баласына үлкен зиянын тигізіп отыр. Арал апаты сол өңірдегі 60 мыңға жуық тұрғынының денсаулығына зиянды әсерін тигізгені жөнінде де ақпарат бар.
Былтыр Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында бір топ БАҚ өкілі Арал теңізіндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтты. Осы жиында ұйымдастырушылар ғалымдардың сөзін мысалға ала отырып, жыл сайын Арал теңізінің құрғаған жерінен жүз мың тоннадан астам тұзды құм көшіп, жақын маңдағы ауыл аймақтарды басып жатқанын ерекше атап өтті. Тіпті тұзы мен топырағы ауаға тарап, Памир тауы мен Солтүстік мұзды мұхиттан табылғаны да ғылыми тұрғыда дәлелденіпті. Мамандардың айтуынша Аралдағы тұзды көшті тоқтатудың жалғыз ғана жолы бар, ол – теңіз ұлтанын көгалдандыру.
«Сексеуіл тұзды топырақта тамыр жайып өсе алатын санаулы өсімдіктің бірі. Бір түп сексеуілдің төрт тонна топырақты ұстап тұруға шамасы жетеді. Бұл маңайда фитогенді төмпешіктер толып тұр. Көшкен топырақ сексеуілдің түбіне жиналып, төмпешіктерге айналып қалады. Жыл сайын қар енді ери бастағанда тұқым себе бастаймыз. Небәрі 10-15 күннің ішінде отырғызып үлгеруіміз керек. Суаруды қажет етпейді, шөлді жерде өсе беретін энергетикалық әлеуеті мықты ағаш.
Арал тартыла бастағанда тұщы су көздері де жойылған. Қазір бір жұтым су таппайсың», - дейді Барсакелмес қорығының директоры Зәуреш Әлімбетова.
Биыл наурыз айының соңына таман ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі іске асырылғаны жөнінде ақпарат жариялады.
Жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізілгені айтылды:
Сырдария өзені арнасының өткізу қабілеті 350-ден 700 м3/с дейін артты.
Арал теңізінің солтүстік бөлігін географиялық климат түзуші объект ретінде сақтау мақсатында:
- теңіздің құрғаған түбінің аумағы 870 км2 көлемінде (2414 км2-ден 3288 км2-ге дейін) су айнасымен жабылған;
- теңіздегі су көлемі 11,5 км3-ке (15,6 км3-тен 27,1 км3-ке дейін) артты;
- судың минералдануы 23-тен 17 г/л-ге дейін төмендеді;
- Ирригациялық және көлдік жүйелердің сумен қамтамасыз етілуі артты;
- Шардара бөгетін пайдалану қауіпсіздігі және Шардара СЭС-інің жұмыс режимі тұрақтандырылды (қысқы уақытта электр энергиясын өндіру ұлғайды).
- Арал өңірі мен халқының экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды.
- жергілікті балық түрлерінің дамуы артып, бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасалды;
- аулау көлемі 0,4-тен 6 мың тоннаға дейін ұлғайды және перспективада балық аулауды 11 мың тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.
- Өзендегі қолданыстағы құрылыстардың сенімділігі артты, оларды пайдалану мерзімі ұзартылды, су тораптарының пайдалану сипаттамалары жақсартылды.
- Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің биоалуантүрлілігі қалпына келтірілді.
Иә, бұл жауапты министрлік таратқан хабарлама. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады.
КӨКАРАЛ ТЕҢІЗ БӨГЕТІ – «ҒАСЫР ЖОБАСЫ»
Арал теңізі бүгін-ертең бұрынғы күйіне қайта келуі екіталай. Алайда жағдайы қазіргі күйінен едәуір жақсарады деген үміт те жоқ емес. Осы мақсатта түрлі шаруалар қолға алынып жатқаны анық. Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Арал апатының проблемасын шешудің бір жолы – Көкарал теңіз бөгеті. Алайда қыруар қаржы бөлінген бөгеттің бір бөлігі апатты күйде тұр. Осы мәселеге қатысты Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Арал теңізінің проблемасын қозғай отырып, аталмыш бөгеттің жағдайына тоқталып өтті.
«Кезінде су көлемі жағынан әлемде төртінші орында тұрған Арал – Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын шектен тыс көп пайдаланудың нәтижесінде айналдырған жарты ғасырдың ішінде көлдің 10 пайызы ғана қалып, теңіз аумағының төрттен үшінің қысқаруына әкеп соқтырды. Арал трагедиясы кезінде БҰҰ мінберінде де көтеріліп «Арал теңізінің жойылуы тек Орталық Азия өңіріне ғана емес, бүкіл әлемге қауіпті мәселе» екендігі ашық айтылған болатын», - дейді сенатор Дана Нұржігіт.
Ол өз сөзінде 2005 жылы «Сырдарияның арнасын реттеу және Солтүстік Аралды құтқару» жобасы аясында Кіші Аралды сақтап қалу үшін «Ғасыр жобасы» атанған ұзындығы 13 шақырым болатын Көкарал теңіз бөгеті салынғанын айрықша қозғап өтті.
«Көкарал бөгетінің арқасында Кіші теңіз суы біршама молайып теңізге балық толып, өңір тұрғындарының әл-ауқаты жақсарды, ең бастысы экологиялық ахуал жақсара бастады. Көкарал бөгеті – табаны құрғап кеткен теңіз бен Кіші Аралдың арасына салынып, артық суды құрғаған теңізге ағызып, қалған уақытта кіші теңіздің суын ұстап тұратын ерекше бөгет. Бұл құрылысқа республикалық бюджеттің де, дүниежүзілік банктердің де қаржысы тартылды», - дейді Дана Нұржігіт.
2017 жылы қазан айында Су ресурстары комитетімен гидротехникалық құрылыстарды зерттеу жөніндегі құрылған Комиссия Көкарал бөгетінің су тастау құрылысының оң жақ жағажай еңістігі сумен шайылып, зақымдалғанын анықтады. Бұл мәселе бойынша 2019 жылы 14 мамырда Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қызылорда облысының әкімдігіне Кіші Аралды сақтап қалу бойынша шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырған болатын.
«Бүгінде Көкарал бөгетінің 200 метрі шайылып кеткен. Сондықтан да біз тез арада күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін қаржы бөлуіміз керек. Келесі жылдың бюджетін қарағанда осы жобаға тиесілі соманы толық беруге тырысайық», - деп Сенат төрағасы М. Әшімбаев осы жылдың мамыр айындағы Сенат отырысында Қаржы министрлігіне тапсырған болатын.
Сенат депутаты Дана Нұржігіттің айтуынша осыған байланысты республикалық бюджет есебінен осы жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, осы жылдың тамыз айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны 4 млрд 582 млн теңгені құрайды.
«Биыл қыркүйек айында республикалық бюджеттік комиссияның отырысында Су ресурстары комитетінің бюджетін қайта бағыттау есебінен жобаны іске асыруды бастауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 500 млн теңге бөлінді. Алайда 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте осы жобаны қаржыландыруға қаржы қарастырылмаған. Президенттің Көкарал бөгетін нығайтуға қатысты берілген тапсырмасы ескерусіз қалған.
Осыған байланысты, Құрметті Әлихан Асханұлы, жобаның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет шеңберінде жоба бойынша құрылыс жұмысын аяқтауға қалған 4 млрд 080 млн теңге бөлінуін қамтамасыз етуіңізді сұраймыз. Қазір Сырдария өзенінен кіші Теңізге түсіп жатқан судың аздығы құрылыс жұмысын барынша жеңілдетеді және қаржы үнемдеуге ықпал етеді. Егер Көкарал бөгетін сақтай алмасақ 27 млрд м3 су көлемі бар Кіші Арал теңізінен айрылып экологиялық апат болатыны сөзсіз», - деп Сенат депутаты алаңдаушылығын білдірді.
Сенат депутатының бұл сауалына Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауап бере отырып, 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама рәсімінен өткенін атап өтті. ҚР Премьер-Министрінің жауабында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы осы жылдың қыркүйегінде алынғаны және 2022 жылғы республикалық бюджетті түзету кезінде жобаны іске асыруды бастауға 500 млн теңге сомасында қаражат бөлінгені белгілі болды.
«Көрсетілген қаражат есебінен бүгінгі күні орындалған жер жұмысының көлемі 125 624 м3 құрайды (топырақты қазу және тегістеу). Сонымен қатар бөгетте 1 км қашықтықта өсімдік қабаты тазартылды.
Сонымен қатар Жобаны одан әрі іске асыру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2023-2024 жылдары құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыруға бюджеттік өтінім дайындады, ол белгіленген тәртіппен 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қаралатын болады.
Жалпы Жобаны іске асыру мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деп жауап берді Әлихан Асханұлы.
Сөзімізді түйіндей келе, Солтүстік мұзды мұхиттан табылған Арал теңізінің тұзы жаһандық жылынуға, алып мұздықтардың еруіне әсер ететіні сөзсіз. Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге қауіп тудырып отырған Арал теңізінің проблемасы толық назар аударуды талап етеді...