Үш жылға созылған жол: Атырау-Астрахань тасжолы биыл да қолданысқа берілмей ме?
277 шақырым тасжолдың құрылысы 2019 жылы басталып, былтыр бітуі тиіс болатын
Елімізде күні бүгінге дейін түйткілді болып келе жатқан мәселелердің бірі – жол проблемасы. Астана мен Көкшетау арасын жалғап тұрған автобан Қазақстанның өзге аймақтарында, әсіресе батыс өңірлерде де болса дейсің. Себебі бір ғана Атырау облысында жыл басынан бері 50-ге жуық адам жол апатының құрбаны болыпты. Оның да өзіндік себебі бар. «Астана» телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Кеңес заманында, дәлірек айтқанда 70-жылдары салынған жол егемендік жылдары жөндеу көрмей 2019 жылы бір-ақ қолға алынған екен. Әлбетте ара-тұра жекелеген тұстары жөнделгенмен ескі жолдарды бұзып, толықтай күрделі жөндеу күні бүгінге дейін жасалмаған. Сонымен 277 шақырым қашықтықты алып жатқан тасжол қашан аяқталуы мүмкін? Бұл істің тоқырап тұруына не себеп? Осыған жауап іздеп көрелік. Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі осыған дейін жарияланған ақпараттарға шолу жасап шығып, соңғы мәліметтерге жүгінді.
277 КМ ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТӨРТ ЖЫЛДАН БЕРІ БІТПЕЙ ТҰР
Еліміздің батысында жол сапасы өзге аймақтармен салыстырғанда айтарлықтай нашар екенін қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов осыған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тұрған шағында айтқан болатын.
Биыл сәуір айында Ералы Тоғжанов БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізіп, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген. Осы кездесуде Ералы Лұқпанұлы батыс аймақтардағы жол мәселесіне айрықша тоқталып өткен болатын.
«Қазақстанның барлық өңірін аралап, проблемаларымен танысып шықтым. Сонда байқағаным, еліміздегі ең сапасыз жолдар батыс аймақтарда орналасқан», - деген еді Ералы Тоғжанов Үкімет басшысының орынбасары болып тұрған шағында.
Осы орайда жұртшылық жиі қатынайтын – Атырау мен Астрахань арасындағы жолдың құрылысына тоқталып өтейік. Жаңа жол салу жұмысы о баста 2019 жылы басталған. ҚР ИИДМ таратқан хабарламаға сәйкес, 2019-2021 жылдар аралығында «Атырау-Астрахань» автожолының бірінші кезеңінде, Ресеймен шекарадан Ганюшкино ауылына дейін 60 шақырымдық жол қайта жөнделген. Ал қазіргі кезде қайта жөндеу жұмыстары — жалпы қашықтығы 217 шақырымды құрайтын учаскелерде жүргізіліп жатыр.
Жоспар бойынша аталмыш жол 2021 жылы бітуі тиіс еді. Алайда өңір жұртшылығы әлі күнге дейін шаңның ортасында өмір сүріп жүр. Оған жергілікті тұрғындар да шағымданып келеді. Алайда...
«Төрт жыл бұрын басталып, былтыр бітуі тиіс жол әлі сол қалпы тұр. Әзірге салынып біткен жол да жоқ, жұмыс та сол қалпы тоқырап тұр. Министр келеді деген соң техникалар әкеліп, қимылдап жатады. Ал оның алдында асфальт төселіп жатқан жұмысты көрген емеспін. Шұрық тесік жол сол қалпында әлі тұр», - деп ренішін білдірді Исатай ауданының тұрғыны Қуаныш Есмағамбетов.
Әлбетте жол құрылысы жүріп жатқан аумақта шаң көтеріліп, демалу мүмкіндігі қиындай түсетіні анық. Шаңның ортасында өмір сүру адам денсаулығына айтарлықтай зиян екенін де ұмытпаған жөн. Дәрігерлердің айтуынша диаметрі 2,5 мкм-ден (микрометр) кем ұсақ бөлшектер адамның денсаулығына қауіпті болып есептеледі. Ал шаңның қаншалықты зиянды болатыны ең алдымен оның құрамына байланысты. Шаң бөлшектері неғұрлым ұсақ болса, олар соғұрлым ауаға жиі тарап, адамның өкпесіне енгеннен кейін ағзаның ең терең бөліктерінде ұзақ сақталады. Шаңның әсерінен жиі кездесетін аурулар қатарына пневмокониоз бен бронхит жатады. Бұл мәліметтер Wikipedia сайтында жарияланған.
Сонымен жолдың созбалаңға салынып, әлі күнге дейін бітпеуіне не кедергі? 277 шақырымдық жолдың құрылысы не себепті төрт жылдан бері бітпей келеді?
«Бұл жолдың жалпы ұзындығы 277 шақырымды алады, ал оның 217 шақырымына қайта жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қажетті құралдардың жетіспеушілігі жұмысымыздың тоқтаусыз жүруіне кедергі болып тұр. Нақтырақ айтқанда, қиыршық тас пен битум қоспасының жетіспеушілігі, сол сияқты дизель бағасының күрт өсуі де үлкен себеп болып тұр. Жоспар бойынша көршілес Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінен 24 000 вагон қиыршық тас әкелінуі тиіс болатын, алайда бүгінге дейін оның тек 6000-нан аса вагоны ғана жеткізіліп отыр. Тасжолдың құрылысын төрт мердігер мекеме жүргізіп жатыр. 217 шақырымның 80 шақырымын аяқтауды жоспарлап отырмыз», - дейді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Болатбек Айтбеков.
МИНИСТР МЕН ӨҢІР ӘКІМІ НЕ ДЕЙДІ?
Биыл сәуір айында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында тасжолдың құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталуы үшін барын салатынын айтқан.
«Биыл бұл жолды ашып, келер жылы бітіретіндей деңгейге жеткізсін деген тапсырма бердік. Нақты тапсырмалар беріліп жатыр. Кедергі келтіретін жайттар болса оны шешу жолдары да қарастырылып жатыр», - деген еді министр.
Министрдің сөзіне мән берсек, «Атырау-Астрахань» жолы биыл ашылғанмен толық бітпейді. Яғни о баста 2021 жылы бітуі тиіс жұмыс биыл да аяқталмай, екі жылға кешігеді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сайтында тараған хабарламада «Атырау-Астрахань» жобасы 6 бөлікке бөлінгенін, 833-853 шақырымдық учаске 2020 жылы пайдалануға берілгенін, ал осы жылдың соңына қарай жолдың барлық ұзындығы бойынша қозғалысты ашу жоспарланып отырғаны жазылған.
Сол сияқты министрліктің сайтында әкім Серік Шәпкеновтің пікіріне мән берсек осы мәселеге білек сыбана кіріскенін байқауға болады.
«Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру – күн тәрбіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын күнделікті қадағалап отырады және маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру жолында қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», – деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.
Дегенмен Атырау облысының әкімдігі қыркүйек айында таратқан хабарламасында әкім Серік Шәпкеновтің мына бір сөздерін жариялап, өңір жұртшылығын тағы да алаң күйге салып қойды. Хабарламада әкім жол құрылысының 4 учаскесі бойынша нысандарды аралап шығып, жұмыстың тым баяу жүріп жатқанын айтқан екен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындар үшін аса қажетті көлік жолының мәселесіне ерекше назар аударып, нақты тапсырма берді. Мен жерлестеріме осы құрылыс жұмыстарының барысын бақылауыма алатынымды айтып, уәде бердім. Кесте бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кідіріс барын апта сайын маған берген мамандардың есебінен көріп, сапар барысында осыған көзім жетті. Мұндай жұмыс қарқынымен кестеде белгіленген межеден кешігесіздер. Ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, тиісті шараларды қабылдаңыздар», - делінген С. Шәпкеновтің пікірін өңір әкімдігі жариялаған болатын.
Әкімнің осы бір сөздерін естігеннен кейін былтыр бітуі тиіс жол биыл да аяқсыз қалуы мүмкін бе деген мазасыз ой кімнің де болмасын көкейінде қылаң берері анық...
Қыркүйек айында өңір әкімдігі таратқан ақпарат шынға айналғандай. Себебі қазан айының ортасында Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Үкімет сағаты өтіп, онда еліміздегі автожолдардың жай-күйі талқыланды. Осы отырыста ҚР ИИДМ басшысы «Атырау-Астрахань» жолына қатысты былай деді:
«Бұл менің тікелей бақылауымдағы жолдардың бірі. Не өзім, не орынбасарым, болмаса комитет төрағасы әрбір 10 күнде немесе екі аптада бір рет сол маңайға барып, жағдайды өз көзімізбен көріп, жиналыс ұйымдастырамыз. Бұл жолды биыл жыл соңына дейін толықтай бітіріп, қолданысқа беру үшін барымды салатынымды айтқанмын. Өкінішке қарай, биыл толықтай аяқтау мүмкін болмайын деп тұр. Атыраудан Жамбайға дейін асфальтталады. Ал Құрманғазы мен Жамбай арасында тағы 117 шақырым қалады. Оны келесі жылға жоспарлап отырмыз», - дейді Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің айтуынша ендігі жол учаскелерін аралап, құрылысшылармен кездесу уақыты қараша айының соңына жоспарланып отыр.
Сөз басында айтқанымыздай, еліміздегі сапасы төмен тасжолдар батыс аймақтарда орналасқан. Жауапты министрліктің сайтында жуырда ғана вице-министр Алмаз Ыдырысовтың іссапармен барып, «Атырау-Астрахань» тасжолын ғана емес, жалпы ұзындығы 722 шақырым болатын «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» жолдарын да қоса тексерген.
«ҚЫТАЙДА ЖЫЛЫНА 26 МЫҢ ЖОЛ САЛЫНАДЫ...»
Осы орайда «World China» басылымы таратқан ақпаратқа үңіліп көрелік. Іргеміздегі Қытай елінде жылына 26 мың шақырым жол салынады екен. Оның 10 мыңы – автомагистраль. Ал бұл жолда сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Сапаға да үлкен мән берілетін көрінеді. Автожолдардың жарамдылық мерзімі 15-25 жыл аралығын құрайды.
Басылымның жазуынша осыдан жарты ғасыр бұрын Қытай жол сапасы төмен елдердің бірі болған. 1988 жылы ел билігі жол құрылысына қатысты жоспар әзірлеп, онда 2020 жылға дейін 35 мың шақырым автомагистраль салу көзделген екен. 2019 жылы Қытай билігі осы жоспарды қорытындылағанда 149,6 мың шақырым жол салғаны хабарланды. Яғни жоспарды төрт есе артық орындаған. Осы көрсеткіш бойынша Қытай АҚШ-ты да, Еуропаны да, сол сияқты дамыған елдердің бірі – Жапонияны да басып озған.
Әрине Қытайдың 1,5 млрд халқы бар деген уәж айтуға болар. Алайда біздегі небәрі 277 шақырым жол үш жылдан аса уақытқа созылып келеді...
АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ЖОЛ АПАТЫНАН 49 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ
Атырау облысында жол апаты саны биыл азаймай тұр. Өкінішке қарай көрсеткіш өткен жылдан да асып түскен. Бұл мәліметті Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын қадағалауды ұйымдастыру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиев жариялаған болатын.
«Жыл басынан бері 7 айда 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 49 адам қаза тапты. Жол апатынан 227 адам әртүрлі дене жарақатын алды. Өткен жылмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы 17,9%-ға өсіп отыр», - дейді Аманжол Жұмалиев.