Байбек жылусыз отырған павлодарлық 800 тұрғынның проблемасы шешілетінін айтты
Аймақ басшылығы келесі маусымға дейін жылыту қазандығын салып береміз деп уәде етті
Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жыл басынан бері аймақтарды аралап, шалғайда орналасқан елді мекен халқымен кездесіп, сол жердегі қордаланған мәселелерді тұрғындармен бірге талқылап жүр. Бұл жолы Бауыржан Байбек Павлодар облысына сапармен барып, Новочерноярка аулының тұрғындарымен кездесті.
Бұл ауылда көпқабатты 16 тұрғын үйдің 800-ге жуық тұрғыны орталық жылыту жүйесінсіз тұрып жатыр. Ауыл тұрғындары бұл мәселені осыған дейін де бірнеше рет көтеріп, тіпті, партияның қоғамдық қабылдауы арқылы да қозғаған екен. Бүгін тұрғындар мәселені партия басшылығымен тікелей талқылап, аймақ басшылығы келесі маусымға (2020 жылғы жылыту маусымы – ред.) дейін жылыту қазандығын саламыз деп уәде берді. Ал, Бауыржан Байбек бұл уәденің орындалуын партия бақылайтынын жеткізді.
«Бүгін тұрғындармен бірге осыны шешу жолдарын талқыладық. Аймақ басшылығы ауылда жылыту қазандығы салынады деп сөз берді. Бұл аталған тұрғын үйлерден бөлек тағы да 5 әлеуметтік нысанды, оның ішінде таяу маңда орналасқан мектепті, бала бақшаны және дәрігерлік амбулаторияны жылытумен қамтамасыз етпек. Оның орындалуын Nur Otan» өз бақылауына алды», - деп жазды Б.Байбек..
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін партия басшылығы Атырау облысының бірнеше ауданын аралап, тұрғындардың өтінішін тыңдап қайтқан еді.