$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау: Ядролық медицинаның маңызы мен рөлі

Елімізде жақында Ядролық медицина орталығы жұмысын бастайды

Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау: Ядролық медицинаның маңызы мен рөлі

Ядролық медицина – адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі аурулардың алдын алуға көмектеседі, яғни науқастардың диагнозымен айналысатын медицина саласы. Жақында елімізде Ядролық медицина орталығы жұмысын бастайды. Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берген орталықтың мамандары ядролық медицинаның қыр-сырын, тексерілу жолдарын егжей-тегжейлі айтып берді.

Ядролық медицина орталығы өндіріс бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Әбішев жаңа әдістің негізгі артықшылығына тоқталды.

«Ядролық медицина – ауруларды диагностикалау және емдеу үшін радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды (РФДП) қолданумен байланысты медицина саласы. Радиоизотоптық диагностика – емдеуге ақпарат алуға арналған қауіпсіз, ауыртпалығы жоқ әдіс. Радиоизотоптық диагностиканың бірегей аспектілерінің бірі – әртүрлі ағзалар мен жүйелердің функциялық және құрылымдық өзгерістерін жоғары дәлдікпен анықтау.

Радионуклидтік диагностикалық әдістер көбінесе ауруларды өте ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді. Емдеуді ерте кезеңдерде бастауға және ем нәтижесін жақсартуға тікелей әсер етеді. Ядролық медицинаның ең көп таралған терапиялық әдістеріне қалқанша без ауруларын немесе нейроэндокриндік ісіктерді емдеу жатады», - дейді маман.

Ол аталған әдіс арқылы алдын алуға болатын ауру түрлерін атады.

«Бүгінгі таңда ядролық медицина адам ағзаларының барлық дерлік жүйесін зерттеуге мүмкіндік береді және неврология, кардиология, онкология, эндокринология, пульмонология және медицинаның өзге салаларында қолданылады.

Мәселен, таяуда өз жұмысын бастайтын Ядролық медицина орталығында өндірілетін 9 радиофармпрепаратты (18F-FDG, 18F-NaF, 18F-DOPA, 18F- PSMA, 18F-FET, 18F-FLT, 11C-MET, 68Ga-PSMA, 68Ga-DOTA) енгізу – обырдың  метаболикалық белсенді түрлерін ғана емес, сонымен қатар нейроэндокриндік патология, қуықасты без обыры, ұйқыбез, бүйрекүсті безі, өкпе безі обыры және т.б. ауруларды да қамтитын онкологиялық аурулардың кең спектрін диагностикалауға мүмкіндік береді», - дейді Ядролық медицина орталығы өндіріс бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Әбішев.

Жақында ашылатын Ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев тәжірибеде ядролық медицинаның қалай жұмыс істейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, ядролық медицина арқылы онкологиялық аурулардың 95%-на диагноз қоюға болады.

«Радиоизотоптық диагностикада тасымалдаушы молекуламен біріктірілген аз мөлшерде радиоактивтік материал қолданылады. Бұл қосылыс радиофармацевтикалық дәрілік препарат (РФДП) деп аталады. РФДП организмге енгізілгенде, ол дененің зақымданған аймақтарына, мысалы қатерлі ісік немесе қабыну аймақтарына жиналады.

ПЭТ/КТ үшін ең көп қолданылатын РФДП – фтородезоксиглюкоза - 18F (18F-FDG). Жоғары белсенді обыр жасушалары дененің қалыпты жасушаларына қарағанда анағұрлым көп энергияны қажет етеді, олар глюкозаны көбірек сіңіреді, осылайша 18FFDG көмегімен онкологиялық аурулардың 95%-ына диагноз қоюға болады. ПЭТ/КТ аппаратының детекторлары РФДП шығаратын сәулелерді ұстайды. Сигналды өңдеу және талдау жүйесі зақымданған аймақтың орналасқан жерін ғана емес, изотоптың сіңіру белсенділігінің деңгейін де көрсетеді», - дейді дәрігер.

ЯДРОЛЫҚ МЕДИЦИНА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасы жанынан ашылатын Ядролық медицина орталығы циклотронды-өндірістік кешен мен диагностикалық блоктан тұрады.

«Ядролық медицина орталығының өндірістік базасында 9 жаңа радиофармацевтикалық дәрілік препараттар өндірілетін болады. Оның 8-і бұрын ҚР аумағында өндірілмеген. Бұл радиофармпрепараттар диагноз қою қиын обыр ауруларын, сондай-ақ кардиологиялық және неврологиялық ауруларды ерте кезеңде айырып тануға мүмкіндік береді.

Диагностикалық блоктың негізі ПЭТ/КТ және БФЭКТ/КТ аппараттары. Позитрондық-эмиссиялық компьютерлік томограф (ПЭТ / КТ аппараты) – әлемдегі ең жаңа модель, абсолютті инновациялық цифрлық детекциялау жүйесіне, ісіктік өспелерді визуализациялаудың ең жақсы сипаттамаларына және жоғары сканерлеу жылдамдығына ие. Бұл заманауи аппарат ПЭТ/КТ зерттеуінен өтетін пациенттер санын жылына 3 мыңнан 7 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді. БФЭКТ/КТ аппаратында организмнің барлық ағзалары мен жүйелерінің қызметіне зерттеулер жүргізіледі. Ядролық медицина орталығы Қазақстанда ғана емес, халықаралық аренада да қабылданған радиациялық қауіпсіздік жөніндегі барлық талаптарға сәйкес салынған», - деді Мақсат Жайымбаев.

ОРТАЛЫҚТА ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МАМАНДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ – ОТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР

«Ядролық медицина орталығының жұмысына әртүрлі бейіндегі 100-ге жуық білікті маман жұмылдырылды: циклотронды-өндірістік кешеннің инженерлері, химик-сарапшылар, радиозотоптық диагностика дәрігерлері, клиникалық физиктер, радиохимик-технологтар, радиофармацевтер, ПЭТ/КТ және БФЭКТ/КТ зертханашылары, орта және кіші медициналық персонал.

ЯМО мамандары Ресей Федерациясы, Словакия, Кипр, Жапония, Германия, Голландия, Израиль, АҚШ сияқты жақын және алыс шетелдердің озық клиникаларында білім алып келді», - дейді маман.

Ядролық тексерістен онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған ел азаматтарының  барлығы өтуге болады. Ешқандай шектеу жоқ.

«Онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған барлық ҚР азаматтары үшін ПЭТ/КТ зерттеулері тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі шеңберінде тегін негізде қолжетімді. МӘМС шеңберінде сцинтиграфиялық зерттеулерден өтуге болады. Сондай-ақ, ЯМО-да ақылы негізде қызмет алуға болады. Зерттеу алдын ала дайындық жүргізіле отырып жасалды.

Радионуклидтік зерттеу әдістері әлемдік тәжірибеде ондаған жылдар бойы қолданылады. Радиациялық қауіпсіздік қағидаттары барлық елдер мен ұйымдарда негізгі қағидат болып табылады. Зерттеулер дәрігердің тағайындауы бойынша жасалады, зерттеудің қаупі мен жанама әсерлеріне қарағанда пайдасы анағұрлым көбірек. Көктамыр ішілік инъекцияларды қоспағанда, радиоизотоптық диагностика емшараларының көпшілігі пациент үшін ауыртпалықсыз өтеді. Айтарлықтай ыңғайсыздық сирек кездеседі. Ағзаға неғұрлым аз сәулелік жүктемемен аз мөлшерде РФДП енгізіледі. Препараттың көп бөлігі ағзадан несеп шығару жүйесі арқылы, аз бөлігі асқазан-ішек жолдары арқылы шығады», - дейді Ядролық медицина орталығының радиоизотоптық диагностика дәрігері Мақсат Жайымбаев.

Серіктес жаңалықтары