Кәсіби мерекеде оралдық ұстаздар шаһар басшысынан марапат алды
Қазір қалада 7 мыңға жуық ұстаз бала оқытумен айналысып келеді
Ұстаздар күні мерекесіне орай Орал қаласында өткен салтанатты шарада «Орал қаласының құрметті педагогі» атағының иегері анықталып, үздік ұстаздар марапатталды. Мерекелік шарада қала әкімі Миржан Сатқанов педагогтар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Ұлтымыздың болашағын қалыптастыратын мамандық иелерін қолдау әрдайым мемлекет назарында. Мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25 пайызға көтеріліп келеді. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға көңіл бөлініп, жалақысы артатын болады. Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетуге бағытталған шаралар, жергілікті атқарушы орган тарапынан ынталандыру жұмыстары жалғасын табатын болады», – деді Миржан Мұнайдарұлы.
Қаладағы білім беру ұйымдарында 7 мыңға жуық ұстаз еңбек етеді, олардан 58 мыңдай шәкірт білім мен тәрбие алуда. Жергілікті атқарушы орган тарапынан педагогтарды ынталандыру мақсатымен үшінші рет өткізілген «Орал қаласының құрметті педагогі» байқауына биыл 40-тан астам ұстаз қатысып, комиссия шешімімен жеңімпазға «Орал қаласының құрметті педагогі» төсбелгісі, 300 АЕК көлемінде сертификат табыс етілді.
Сондай-ақ салатантты жиында ұзақ жылдар қызмет еткен ұстаздарға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құрмет грамотасы», Орал қаласы білім беру бөлімінен арнайы номинациялар берілді.
Сонымен «Ең тәжірибелі басшы» болып №47 ЖОББМ директоры Нұрлан Саттықов танылса, «Ұлағатты ұстаз» аталымына Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей мұғалімі, педагог-шебер Гүлзиһан Тасқарина ие болды. «Үздік әдістеме көшбасшысы» аталымын Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия директорының орынбасары Гүлбану Қарағойшина жеңіп алды. Круглоозерный орта мектебінің физика пәні мұғалімі Хатира Айтқалиева «Зерделі тәлімгер ұстаз» атанды. «Заманауи шығармашыл тәрбиеші» болып №22 «Колобок» бөбекжайының тәрбиешісі Баянсұлу Сақыпова танылды. «Үздік қосымша білім беру шебері» аталымына мектептен тыс жұмыс орталығының педагогы Олег Ли, «Жұлдыз жаққан» аталымына №19 ЖОББМ хореографы Гүлден Канатова ие болды.