«Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған 200-ге жуық адам арнайы курстан өтті
Муфтият пен университет діни экстремизмге қарсы бірге күреспек
«Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегі 200-ге жуық адам арнайы курстан өткен. Жат ағым жолындағы жандарды дәстүрлі дінге қайтару үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Нұр-Мүбарак университеті бірлесе отырып, арнайы жоба жасады. Муфтияттың Діни оңалту бөлімі мен университет жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының алғашқы бірлескен жобасының тұсауы да кесілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қос тарап «Діни оңалту жұмыстарын жүргізудің тиімді тәсілдері» атты курсты да бастаған. Еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету – жалаң жобалар емес, нақты осы саладағы мамандардың біліктілігін талап етеді. Ал жат ағым жолындағы адамдарың ойын өзгертуде мамандарды даярлай алатын жалғыз ислами жоғары білім ордасы Нұр-Мүбарак университеті саналады. Діни басқарма, қоғамық ұйымдар, оқу орнының мамандары бірлесе жұмыс істеудің жолдарын талқылап, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстарына шолу жасады.
«Діни оңалту саласы өте ыждаһат пен сабыр, біліктілікті талап етеді. Оны өз тәжірибемізден білеміз, сондықтан осы бағыттағы қызметкерлерімізге қолдау жасау жағы үнемі назарымызда. Бұл әрі елдегі діни тұтастық пен тұрақтылықты сақтау саласында өте үлкен қызмет», - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ал университет ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шаххаттың сөзінше, жат діни ағымдар мен экстремизм, терроризм қазір барлық салада кездеседі. Жыл сайын жүздеген адам оқу орнын бітіргенмен, жат ағымнан қайтып жатқан жан саны аса көп емес. Елдегі діни ахуалды бағамдап, оған баға беру – Дін істері комитетінің құзырында. Комитет тарапынан үшінші жыл қатарынан «Исламдық бағыттағы деструктивті және радикалды діни идеологияны ұстанушыларды радикалды көзқарастан арылту және оңалту саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру» атты курстар ұйымдастырылып келеді. Бұл салаға тікелей қатысы бар 73 маман қауіпті ойдың жетегінде кеткен жандармен әңгімелесе алатындай білім алып шығыпты.
«Экстремизмнің алдын алу бағыттары бойынша тұрақты жоба, арнайы курстар жыл бойы жалғасып отыру керек. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктер, аймақтық діни зерттеу орталықтарындағы әріптестермен үнемі байланыстамыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандарына арналған курс басталып, оның ашылуына Нұр-Мүбарак университеті мен ҚМДБ басшылары қатысты. Бұл мәселенің назарда, өте маңызды екенін білдіреді», - деді академия директоры, теолог Тимур Нүсіпханұлы.
Соңғы 2 жылда ҚМДБ, аймақтық және қалалардағы дін істері басқармалары, оларға қарасты орталықтардан 700-ден аса маман қатысқан 9 курс өткізіліпті. «Жусан» гуманитарлық операциясымен қайтарылған және деструктивті діни ағым жетегіндегілерді оңалту мақсатында 200-дей адамға курстар ұйымдастырылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде деструктивті ағымдарды насихаттайтын шетелдік уағызшылар әлі тыйылмаған. Мамандар осындай 15 бейнежазбаға сараптама жасап, олардың теріс екенін дәлелдеп шыққан. Мамандар арнайы курстардан бөлек, отандық телеарналар арқылы халыққа жат ағымнан сақтандырудың жолдарын көрсететін жұмыстарды көбейту керек деп санайды.
«Республикалық «Жетісу» телеарнасымен бірлескен «Бүгінгі дін» телехабарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, дерадикализация бойынша өзекті тақырыптарға арналған 22 хабар көрерменге ұсынылды. Қоғамдық ұйымдардың өкілдері, теологтар, имамадар бұл салада бар білген білімдерін аянып қалмайды. Енді академия қызмет аясын халықаралық дәрежеде дамытуға көшудің жолдарын қарастырып жатыр», - деді Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі.