«Аяқ киімі төсектің үстінде жатады» - америкалық жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы
Мира мен Бэннің отбасы Нұр-Сұлтанда тұрады
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Әулие Валентин күні қарсаңында Facebook-ке қазақ-америка отбасының өмірі туралы қысқа видео жариялады. Онда америкалық Бэн есімді жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы Мира отбасы жайлы айтады.
«Мен туыстарға қонаққа барғанда өзімнің ең әдемі киімдерімді киюге тырысамын. Бэн футболка, джинсымен шығып кете береді. Ол үшін бастысы – киімнің ыңғайлы болуы», - дейді ол күйеуі жайлы.
Сондай ақ, ол Бэннің әлі күнге дейін қымыз бен шұбатты айыра алмайтынын, кейде жылқы етінен жалығатынын, аяқ киімі төсектің үстінде жата беретіні туралы айтып күледі. Бэн туған-туыстарының саны бесеу-ақ екенін, ал жұбайының 100-ден аса жақыны барына таңданыс білдіреді.
Бейнематериал аралас некедегі түрлі ұлттардың мәдениеті мен тұрмыс салты қаншалықты бөлек болса да, махаббат өзара түсіністікке алып келеді деген оймен қорытындыланады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан