СҚО-да 48 адам педикулез жұқтырды
Мамандар аталған паразитті ауруды жұқтырмаудың жолдарын да айтты
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан педикулез жұқтырған 48 адам тіркелді. Оның 21-і 14 жасқа толмаған балалар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Мамандар жұқпалы аурудың өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе азайғанын айтып отыр.
Педикулез – адам арасында кездесетін паразиттік ауру. Оның таралуының алдын-алу мақсатында мамандар жүйелі түрде мектептер мен балабақшаларда медициналық тексеріс ұйымдастырады. Жұқпаға шалдыққандар көбіне осындай шаралар кезінде анықталады. Медициналық жәрдем сұрайтындар да аз емес.
«Педикулездің қоздырғышы қан соратын жәндік – биттер. Ауру тұрмыстық және жыныстық қатынастарда, науқастың заттарын қолданған кезде жұғады. Бірінші белгі – қышу, бұл қан сору кезінде теріге енгізілген биттердің сілекейіне аллергиялық реакцияның нәтижесі. Әрбір науқаста педикулезді емдеу эпидемияға қарсы іс-шаралармен бір мезгілде жүзеге асырылуы тиіс. Оған бас киімдерді, киімдерді, төсек-орын жабдықтары мен үй-жайларды дезинсекциялау және тағы басқа шаралар жатады», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағындықова.
Статистика көрсетіп отырғандай, көбіне жеке гигиенаны тиісті деңгейде сақтамайтындар педикулез жұқтыруға бейім келеді.
«Жәндіктерді жою паразиттерге қарсы құралдармен жүзеге асырылады. Науқастың денесін ғана емес, оның заттарын да өңдеу қажет. Барлық сіркелерді киімнен, төсек-орыннан, жеке заттардан және жиһаздан алып тастау керек. Әдетте науқастың денесінде битті өлтіру қиын емес. Денеден де, заттардан да барлық сіркелерді алып тастау әлдеқайда маңызды. Сонымен қатар, инфекцияның көзін анықтау және оны қайта жұқтырмас үшін емдеу маңызды», - дейді маман.
Бас терісінің педикулезі адамға ерекше қауіп төндірмейді. Табиғатта бұл паразиттердің тағы бір түрі – сүзек инфекциясын тасымалдаушы биттер бар. Дегенмен, олар сирек кездеседі.