«AMANAT» партиясы жанынан Мұнай-газ саласы комитеті құрылды
Сондай-ақ, саладағы өзекті проблемалар айтылды
AMANAT партиясының жанынан құрылған комитеттің құрамына 24 адам кірді. Олардың қатарында мұнай-газ саласындағы кәсіпкерлер, бизнес-қоғамдастықтардың мүшелері және тәуелсіз сарапшылар бар. Бұл туралы осы мәселеге қатысты партияның орталық аппаратында өткен жиында мәлім болды.
Комитет төрағасы болып Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, төменгі палата депутаты Ғалым Әміреев бекітілді. Ал комитеттің хатшылық қызметін кәсіпкер Ғибрат Сәрсенов атқаратын болады.
Комитеттің мақсаты мұнай-газ саласындағы мәселелер мен міндеттерді дамыту және шешу мақсатында бизнес-сектордың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы үшін тиімді алаң құру.
«Сонымен қатар, біз мұнай-газ саласындағы басым проблемаларды анықтауды, саланы дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге және іске асыруға атсалысып, ҚР осы бағыттағы заңнамалық базасын жетілдіруге күш саламыз. Тағы бір мақсатымыз – мұнай-газ саласын дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру, халықаралық ұйымдармен және қауымдастықтармен ынтымақтастықты нығайту және дамыту, ESG принциптері мен бастамаларын ұстану», - деді Ғибрат Сәрсенов.
Жиын барысында Мұнай сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов отандық мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелерді тізіп, комитет мүшелеріне алдағы уақытта соларға қатысты ұсыныстар әзірлеуге шақырды.
«Президент өзінің бір сөзінде өнген өнімді бөлісу келісімшартын қайтадан қарау керектігін атап өтті. Бірақ оның қандай болуы керек туралы осы комитеттен ұсыныс жасалуы керек деп ойлаймын. Бір жағынан осы жұмысты тезірек бастап кетсек, алдағы уақытта келетін және осында жұмыс істеп жатқан инвесторлар сол бағытқа қарай өзгеретін болады. Ал екінші бағыттағы жұмыс, өндірісті көшіру мәселесімен байланысты. Бұл орайда еліміздің географиясы мен мамандардың жоқтығының салдарынан инвесторлар аса қузығушылық танытып отырған жоқ. Сол үшін біз жоқ дегенде қызмет көрсету орталықтарын ашуымыз керек. Кейде өндірісте бір тетік бұзылған кезде тіпті 3 айға дейін күтетін кездеріміз болады. Себебі бізде маман жоқ. Бұған дейін түрлі бағдарламалар, жол карталары әзірленді. Бірақ ешқайсысы өміршең бола алмады. Бұл ретте ақсап тұрған екі мәселе бұл – тауармен қамтамасыз ету мен IT мамандардың жоқтығы. Осы мәселелерге баса көңіл бөлу керек», - деді Рашид Жақсылықов.