$ 515.18  570.66  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2022, 18:28
Қоғам

Ақтөбеде бейнебақылау камераларының көмегімен 14 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған

Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күн сайын Патрульдік полицияның 140 қызметкері жұмылдырылады

Ақтөбеде бейнебақылау камераларының көмегімен 14 мыңға жуық заң бұзушылық анықталған

Соңғы 8 айдың ішінде Ақтөбе қаласында тіркелген 92 қылмыс бейнебақылау камералардың көмегімен ашылды. Қазір қалада бас-ағы 338 камера бар. Келесі жылы бұдан 7 есе көп камера орнатылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhу тілшісі.

«Иә, биыл 92 қылмысты ашуға камераның көп септігі тиді. Сонымен қатар, 13 784 әкімшілік құқық бұзушылық та камераның көмегімен анықталды. Полиция департаментінің балансында 208 бейнебақылау камерасы бар. Келесі жылы оның санын 2 мың 424-ке көбейту жоспарлаған.

Халық көп жүретін жерлерге 5 стационарлық бекет қойылды. Бұл қылмыс болған жағдайда сақшыларға жылдам әрекет етуге, сондай-ақ, азаматтардың арыз тастауына ыңғайлы. Келесі жылы тағы екі бекет орнатылады», - деп мәлімдеді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Саркулов.

Бұдан бөлек, Цифрлық Қазақстан бағдарламасымен «Smart City Ақтөбе» жобасы бойынша қоғамдық қауіпсіздік бойынша 130 бейнекамера орнатылды. Оның 96-сы жол қауіпсіздігін бақылау үшін қойылған.

«Бүгінгі таңда 130 қоғамдық қауіпсіздік камерасының 89-ы Ақтөбе облысының ахуалдық орталығына және Ақтөбе облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Бұл бейнекамералар көпқабатты үйлердің аулаларында және саябақтарда орнатылған.

Алайда, бұл бейнекамералар қала тұрғындарының қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты, ағымдағы жылы 2 мың 900 қоғамдық және жол қауіпсіздігін бақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал, келесі жылы Ақтөбе қаласының әкімдігімен «Қауіпсіз аула» жобасы аясында 50 көпқабатты үйлердің аулаларына жарықтандыру жүргізу және көпқабатты үйлерге және кіреберістеріне бейнекамера орнату жоспарланып отыр», - деді Ақтөбе қаласы әкімдігі ақпараттандыру және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді үйлестіру бөлімінің басшысы Аманат Рахимов.

Ал қаладағы 50-ге тарта жаяу жүргінші жолды электрмен жарықтандыру көзделген. Ақтөбе қаласы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы жыл басынан бері 320-ға жуық жаңа жол белгілері орнатылғаннын айтты. Сондай-ақ, 250 жол белгілері қалпына келтіріліп, 180-і ауыстырылған. Ал елу шақты білім беру ұйымдарында зебра белгілері қойылып, 400 шаршы метр жасанды жол бұдырлары жасалған.

Бүгінгі күні жарықдиодты белгілерді сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Аталған жұмыстарды биыл желтоқсан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қылмыстың жолын кесу мен алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар аясында Ақтөбе қаласы аумағында 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қылмыс саны – 5,1 %-ға азайған. (4092-ден 3885-ге дейін).

Күн сайын Ақтөбе қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуге және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының 130-140 қызметкері мен 28 бірлік автокөлік жұмылдырылады», - деп мәлімдеді ведомствоаралық комиссия тарапы.

Серіктес жаңалықтары