«Жалған ЖСН нөмірлерді енгізген»: Artsport бағдарламасындағы дауға қашан нүкте қойылады?
Балалармен сотталаған жаттықтырушылардың жұмыс істеп келгені анықталған
Алматыда Artsport бағдарламасына қатысты жүргізіліп жатқан тексерудің алдын-ала қорытындысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Бұған дейін хабарланғандай, аталған жобаны жүзеге асырушылар үйірмеге мүлдем бармаған балаларды есепке алып, олар үшін мемлекеттен миллиардтаған ақша алған. Бір ғана Алматы қаласы бойынша келтірілген шығын 2,5 млрд теңгеге жетіп отыр.
Осы жайтқа байланысты Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша қоғамдық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Еске салсақ, жұмыс тобы 2 қыркүйекте ата-аналар, ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығының мүшелері және әкімдік қызметкерлерінен құрылған еді. Өйткені, қолданыстағы artsport.edu.kz платформасында олқылықтар тіркелген. Яғни үйірмеге мүлдем қатыспаған балалардың есімдері ақпараттық базаға тіркелген. Сәйкесінше, қызмет көрсетушілер мен бапкерлер негізсіз қаржы алып отырған.
«Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы қолданыстағы ваучерлер бойынша жеткізушілерге қызметтерді төлеу үшін ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін бөлінгені - 11,7 млрд теңге.
Бүгінгі таңда artsport.edu.kz сайтының деректері бойынша үйірмеге қатысушылардың саны 83 мың баланы құрайды, оның 35,5 мыңы спортпен және 47,5 мыңы шығармашылықпен айналысады»,-деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Үйірме ашып, жалған деректерді енгізгендердің алдын-ала қитұрқы әрекеттері белгілі болды. Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының Алтай Бердіқұлотың сөзінше, олар жалған ЖСН нөмірлерлерді енгізген. Сондай-ақ, басқа өңірлерде тіркелген балалардың ваучерлер алуы анықталған.
«Жоқ ЖСН-ге берілген ваучерлердің саны -2,5 мыңнан астам. Басқа өңірлерде тіркелген балалардың ваучерлер алуы -18 мыңнан астам. Ал бұрын Алматыда тұрған, бірақ тіркеуден шығарылған балаларға ваучерлер берілген. Сонымен қатар, 4 жасқа дейінгі балаларға спорттық секцияларға қатысуға 150 ваучер берілгені белгілі болып отыр.
Қазіргі уақытта қолда бар ақпарат бойынша бюджет қаражаты есебінен жалған қызметтер мен Алматы қаласында тіркелмеген балалар үшін 2,5 миллиард астам теңгеге төлем жүргізілген», - деді Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының Алтай Бердіқұлов.
Құрзырлы орган тарапы олардың бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданғанын алға тартты.
«ҚР Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы Artsport бағдарламасын тексеріп жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталды. 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар. Біреуінің материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды, қалғанына аудит, тиісті сараптамалар тағайындадық, бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды», - деді Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев.
Оның айтуынша, балалармен сотталаған жаттықтырушылардың жұмыс істеп келгені анықталған. Үйірмелерде 5 мыңнан астам сабақтың өтпегені де белгілі болған.
«Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек. Бағдарлама функционалының өзі тиімсіз, бақылау-қадағалау органдарына бюджет қаржысының жұмсалуын уақытылы әрі тиімді бақылауға мүмкіндік бермейтінін көріп отырмыз. Сол себепті бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік, онда осы бұзушылықтардың барлығын көрсеттік. Сонымен қатар, бұрын сотталған 10-нан астам жаттықтырушының балалармен жұмыс істеген фактілері бар. Тексеру жалғасып жатыр.
- 3000-нан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген;
- 5000-нан астам сабақ өткізілмеген.
Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілді. Бірнеше миллион долларлық залал келтірілді, тексеру әлі жалғасып жатыр. Бұған қоса, жүйенің жұмысына қатысты мәселелер бар. Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және тағы басқа сол сияқты алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Нәтижесі жақында белгілі болады», - деп түйіндеді сөзін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев.
Қала әкімдігінің маусым айынан тамыз айының соңына дейін көрсетілген қызметтер үшін 2,2 млрд теңге көлемінде берешегі бар. Әкімнің орынбасары Арман Қырықбаев төлемдердің жақын арада түсетінін айтты.
«Бірден хабарлаймын, Алматы қаласы әкімдігінің бюджет комиссиясы бұл соманы мақұлдап, өтінім мәслихатқа жіберілген болатын. Мәслихат отырысы 30 қыркүйекте өтеді. Депутаттар бұл өтінішті қолдайды деп үміттенеміз. Яғни мәслихат жұма күні мақұлдағаннан кейін, біз одан әрі рәсімдердің жылдам өтуіне және барлық жеткізушілермен есеп айырысуға тырысамыз. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жалпы, Артспорт жүйесі бойынша өте маңызды мәселелер бар. Мұны прокуратура мен тексеру комиссиясының өкілдері де растап отыр» - деді Арман Қырықбаев.
Ол тексеру комиссиясы мен прокуратураның алдын ала деректерін ескере отырып, жыл соңына дейін қажетті болжамды қаражат көлемі 8,5 миллиард теңгеден 5 миллиард теңгеге дейін төменеуі мүмкін екенін де алға тартты.
«Жақын арада, тексеру барысында біз бұл көрсеткіш одан да азаятынына сенімдіміз. Бұл кейбір жеткізушілермен, жүйенің өзінде күрделі проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Бұл туралы біз бұрыннан айтып келеміз. Егер сөз Алматы қаласында тұратын және тіркелген, секциялар мен үйірмелерге нақты қатысқан адал жеткізушілер, нақты бар балалар туралы болған жағдайда ғана орындалатынын хабарлағымыз келеді. Барлығы заң негізінде, тексеру комиссиясы мен прокуратура айтқан тексерулердің нәтижелеріне сүйене отырып, қатаң түрде белгіленген ережелер аясында төленеді», - деп ескертті Арман Қырықбаев.
Айта кетейік, Artsport бағдарламасы бойынша тергеу жұмыстары Шымкент қаласында да жүргізіліп жатыр.