$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Биліктегі үлесі аз: «Томирис» жобасы көшбасшы әйелдерді көбейте ме?

«Томирис» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасына қатысатын 30 адам іріктеліп алынды

Биліктегі үлесі аз: «Томирис» жобасы көшбасшы әйелдерді көбейте ме?

Қазақстан «Global Gender Gap» халықаралық рейтингінде әйелдердің саясаттағы үлесі бойынша биыл 156 елдің ішінде 103-орында тұр. Өйткені, елде саяси-мемлекеттік қызметкерлер арасындағы қыз-келіншектердің үлесі 30 пайызға да жетпейді. Қазір Президент әкімшілігінде тек 1 әйел, үкіметте 2 әйел министр қызмет етсе, облыс әкімдерінің ішінде бір де біреуі әйел емес. Бұдан бөлек, вице-министр әйелдердің де саны тым аз. Гендерлік экономика зерттеушісі Айгерім Құсайынқызының айтуынша, Қазақстан мұндай көрсеткіште мемлекеттік басқару жүйесінде әйелдердің үлесі өте төмен болғандықтан көштен қалып келеді.

«Біздің үкіметтегі 2 әйел министр «әйелдерге тән» деп саналатын әлеуметтік және денсаулық саласына жауапты ведомстваны басқарып отыр. Яғни, бізде қорғаныс, ішкі істер, әділет министрліктерін әйелдерге сеніп тапсырмайды. Қыз-келіншектер тек білім, мәдениет, денсаулық және әлеуметтік салаларға маманданған деген сияқты көзқарастар бар. Мұндай тәжірибе тек біздің ғана елде емес, әлемнің көптеген мемлекетінде қолданылып келеді. Дегенмен, бұл стереотипті бұзу керек. Мысалы, Қазақстанда әйелдер жалпы халықтың 52 пайызын құрайды. Бірақ, қыз-келіншектердің саясаттағы үлесі әлі 30 пайызға да жеткен жоқ. Жалпы халықтың 50 пайызын құрап отырған әйелдер, неге саясатта да 50 пайыз орынды алмайды? Неліктен бізде шешім шығаруды тек әлі де еркектердің ісі деп қабылдайды», - деді Айгерім Құсайынқызы.

Гендерлік экономика зерттеушісі, қазақстандық әйелдердің дәл қазір билікке араласып, саясатпен айналысуға білімі мен біліктілігі де жетеді дейді. Тек оларға қоғам тарапынан қолдау жетіспейтінін айтады. Маманның пікірінше, қоғамда «саясат қыз-келіншектердің араласатын ісі емес», «әйелдер бала тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы болуы керек» деген сынды тыйым көп. Ал мұндай патриархалды көзқарастар Қазақстан жүргізіп отырған гендерлік саясатқа қайшы деп отыр.

Қазақстанда әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту және ілгерілету үшін түрлі оқу бағдарламалары қолға алынып жатыр. Солардың бірі, «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірлескен «Томирис» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасы. Жобаға елдің әр өңірінен қоғамда, саясатта көш бастап жүрген және «AMANAT» партиясының активінен 30 әйел іріктеліп алынды. Олар 5-9 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін бес күндік оқыту бағдарламасына қатысады.

«Жобаның идеясы, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту және ілгерілету. 2019 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биліктегі әйелдердің үлесін арттыру керегін айтқан еді. Сондықтан, саяси партиялардың депутат болудан үмітті адамдары тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайыз болуы міндеттелді. Қазақстанда басқа шет мемлекеттердегідей билікте әйелдердің үлесі өте аз. Біз биыл барлық ауыл әкімдерін оқу тәжірибесінен өткіздік. Сонда байқағанымыз, барлық ауыл әкімдерінің тек 8 пайызын әйелдер құрайды екен. Бұл көрсеткіш өте аз. Сондықтан, осы жоба арқылы саясатта, атқарушы билікте жолы болатын көшбасшы әйелдер саны көбейеді деп үміттенеміз», - деді «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директоры Данияр Мұқитанов.

«Томирис» оқыту бағдарламасына қатысушыларға Саяси менеджмент академиясының танымал және тәжірибелі мамандары дәріс береді. Іріктеуден өткен әйелдер курста көшбасшы болуға, коммуникацияға, көпшілік алдында салмақты сөз сөйлеуге үйренеді. Әрі жобалық менеджментті меңгереді. Яғни, қыз-келіншектер саяси-қоғамдық жобаларды қалай құру қажеттігін және оны қалай іске асыруға болатынын осы оқу барысында үйреніп шығады. Сондай-ақ, «Қазақстанның саяси жүйесі қандай? Сайлау процесі қалай жұмыс істейді? Қалай сайлауға түсуге болады? Сайлауалды бағдарламаны қалай құру керек?» деген сынды маңызды сұрақтарға жауап алады.

«Әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға тағайындалуына көмектесетін дағдыларды үйренеді. Оқу қорытындысы бойынша, әр қатысушы өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси, қоғамдық және әлеуметтік жобаларды әзірлейді. Академия жыл соңына дейін коучингтік онлайн-сессиялар арқылы ол жобаларды қалай жүзеге асыруға болатынына бағыт беріп, қолдау көрсетеміз. Ең бастысы, оқуға келген қыз-келіншектер бір-бірмен танысып, тәжірибе алмасады. Бәлкім болашақта олар өзара бірлескен жобаларды жүзеге асырып қалар», - деді «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент мектебінің директоры Данияр Мұқитанов.

Бұдан бөлек, «Томирис» оқыту бағдарламасының қатысушылары танымал отандық саясаткерлермен, депутаттармен, партия жетекшілерімен, атқарушы билік өкілдерімен кездеседі. Бағдарламаға жолдама алғандардың бірі 34 жастағы Түркістан облысының тұрғыны Ұлжан Шілібекова. Ол оқу курсына қатысу арқылы біліктілігін шыңдап, әйелдердің басшылық қызметке ұмтылуына жол ашатын тетіктерді меңгермек. Әрі қыз-келіншектердің саясат сахнасында беделін көтеретін өзінің жобасын жүзеге асырмақ.

«Үш жылдан бері квазимемлекеттік секторда жұмыс істеп жүрмін. Әкімшілікпен де тығыз қарым-қатынастамыз. Байқағаным, біздің өңірде басшылық қызметтерде әйел адамдар өте аз. Мәселен, бізде 27 басқарма болса, соның кейбірінде тек 2 әйел маман істейді. Осы «Томирис» бағдарламасына қатысамын дегенімде таныстарым, әріптестерім күле қарады. Олар «Әйел бастаған көш оңбайды», «мемлекеттік қызметте бәрібір әйелдер жоғары лауазымға ие болмайды» деген пікірлер айтты. Неге қыз-келіншектерді шешім қабылдайтын, лауазымды орындарға жайғастырмасқа? Әйелдердің бұған толық мүмкіндігі келеді», - деді Ұлжан Шілібекова.

Қазақстан iскер әйелдерi қауымдастығының президентi Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, елде көшбасы әйелдердің қатарын арттыру үшін әртүрлі оқыту курстарын көбейту керек. Ол барлық саяси партиялар өздеріне мүше әйелдерді оқытумен айналысу қажет дейді.

«Қазір AMANAT партиясы саясатқа араласатын әйелдерді «Томирис» бағдарламасы арқылы оқытуды қолға алып жатыр. Мұндай бағдарлама әр партияда болуы керек. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі билікте 30 пайыздық квота жүйесі толық сақталуы шарт. Егер әкім ер адам болса, оның орынбасары болып әйел тағайындалуы тиіс. Әр өңірде саясаткер әйелдер клубын құру керек. Ол кадрлық резервке арналған тізімдерді қалыптастырады», - деді Раушан Сәрсембаева.

Гендерлік экономика зерттеушісі Айгерім Құсайынқызының айтуынша, халықаралық аренада дамығысы келетін кез-келген мемлекет өзінің адами капиталына баса назар аударады. Адами капитал – халықтың бірден-бір өкілі әйелдерсіз дамымайды. Әрбір мемлекет алға ілгерілеу үшін, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету арқылы адами капиталдың сапасын арттырады.

«Қазақта «Қыз тәрбиелеу арқылы, күллі ұлтты тәрбиелейсің» деген мақал бар ғой. Біз кейде соның астарын түсіне бермейміз. Егер әйел адамдар білімді, білікті болса, олар да жоғары жалақы алса, еркектермен тең деңгейде өмір сүрсе, ол мемлекет дамиды. Ол мемлекетте салауатты, сауатты ұрпақ болады. Әйелдерге тек бала туатын, мемлекеттің демографиясын көтеретін репродуктивті машина ретінде қарамауымыз керек. Ол толыққанды азамат. Білімді ана білімді бала тәрбиелейді. Сондықтан, әйелдер қандай таңдау жасаса да, мемлекет оны қолдауы керек. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіргісі келсе, гендерлік теңдікке қол жеткізуі қажет. Егер біз гендерлік теңдікті таптайтын болсақ, адам құқығы тапталатын болады. Экономика да дамымайды», - деді Айгерім Құсайынқызы.

Серіктес жаңалықтары