Ауыл тұрғындары ауыз сусыз отыр: Кеген ауданында бір тамшы су шығара алмаған компания 16 млн теңге алған
2020 жылы тағы да 3 миллион теңге бөлініпті

Алматы облысы Кеген ауданының Тасашы ауылдық округіне қарасты Сарыкөл елді мекенінің тұрғындары ауыз суға жарымай отыр. Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін бұлақтан тасып ішеді. 2015 жылы сумен қамтамасыз етеміз деген «Азамат Құрылыс» компаниясына 16 миллион теңге қаражат бөлінген. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің жай-жапсарын анықтап білді.
Кеген ауданы Тасашы ауылдық округіне қарасты Сарыкөл елді мекенінің тұрындары қазынадан бөлнген қаражаттың желге ұшқанына наразы. Уәде айтылады, бірақ орындалмайды деген бұқара енді ашық жатқан құдыққа төрт түліктің түсіп өліп жатқанын айтады.
«2018 жылы «Азамат Құрылыс» деген компания жұмысты толық тапсырып беруі керек еді. Алайда бір тамшы да су шыққан жоқ. 2020 жылы тағы да 3 миллион теңге бөлініпті. Сол уақытта жаңа насос қоямыз деген. Бірақ орнатпады. Құдықтардың беті әлі күнге ашық жатыр. Оның ішіне мал түсіп, арам қатып жатыр. Оны ауыл әкімі Жасұлан Өмірзақовқа айтсақ, өздерің жауапқа тартылып кетіп жүрмеңдер деп кетті. Сонда біз жауапты кімнен сұраймыз?
Бар нәрсенің өзін пайдалана алмай отырмыз. Ауылдың төменгі жағынан өрге қарай су тартамыз деген, бірақ су шықпай қойған. Су шығарудың жөнді жүйесін ойлап таба алмай отыр. Сонда жоғарыдан ақша бөлінеді, бірақ оны ауаға шашып жібере салады. Бұл жерде жемқорлықтың бар екені анық. Тіпті қабылдап алған кезде де тексермеген. Мұның артында бір шикіліктің бары анық.
Кеген ауданы құрылғанда жаңа әкім Талғат Байәділов ауылға ат басын бұрып, мәселе шешіледі деп уәде берген. Алайда еш нәтиже жоқ. Су жиналатын орынның аумағы дұрыс қоршалмаған. Шұңқырлардың беті жабылмаған. Бұл мәселені көтергенімізге 3 жыл болды. Ешкім елер емес», - дейді ауыл тұрғыны Мұрат Рахымұлы.
«2015 жылы жердің бәрін қазып кеткен. Содан жоқ болып кетті. Қараша айында қазды, қара суықта. Одан кейін 2020 жылы тағы келді. Бәрі жасаймыз деп келіп айтып кетеді де, ешқандай жұмысты өндірмейді. Әбден сусыз тарықтық. Бұл не деген сұмдық», - дейді ауыл тұрғыны Гүлнәр Өзбекова.
Аудан әкімдігі 7 жыл бұрын ауыз су жүргізуі тиіс компания жұмысты бастағанымен аяқсыз қалдырғанын растады.
«Су бастау арқылы келіп тұр. Мұнарада қазір су сорғысы істеп тұрған жоқ. Қазір толық істен шыққан. Аудан бөлінбей тұрып, Райымбек ауданы кезінде 2015 жылы Сарыкөл ауылының ауыз су жүйесіне 16 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тапсырыс беруші – «Тасашы ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі. Мердігер мекеме – «Азамат Құрылыс» ЖШС. Аудан бөлінген кезде, біз қабылдап алғанда жарамсыз күйде болды. Келесі жылға жаңа жоба әзірлеуіміз мүмкін», - деп мәлімдеді Кеген ауданының әкімдігі.
Айта кетейік, Кеген ауданы 2018 жылдың 2 сәуірінде Райымбек ауданынан бөлініп қайта жеке аудан болып құрылған. Сол кезде су жүйесін жарымсыз қалпында қабылдап алған жаңа Кеген ауданының әкімдігі қаражат алып, жұмысты соңына дейін атқармай кеткен компанияны сотқа беруге асықпапты.