Қостанай облысында өрттен қаза тапқандар саны екі есеге артқан
Өрттің шығуына басты себеп - пешті дұрыс қолданбау мен ақауы бар электр жабдықтарын пайдалану
Өрттің шығуына пеш пен электр жабдықтарын дұрыс қолданбау басты себеп болып отыр. Қыс басталғалы Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері өрт қаупінің алдын алу мақсатында жеке тұрғын үйлер мен тұрғындар тұрып жатқан уақытша баспаналарды жиі тексеріп жүр. Дегенмен, 200 тұрғын әлі де болса өз өмірін қауіпке тігіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy alau.kz сайтына сілтеме жасап.
Жылу маусымы басталғалы ТЖ департаменті өрт қауіпсіздігін тексеру және заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында жеке тұрғын үйлер мен тұрғындар тұрып жатқан уақытша баспаналарды тексеруге кіріскен.
«Бірінші рет тексеріп кеткен соң, бір айдан соң қайтара келіп тексереміз. Кейбір үй иесі заңбұзушылықты өзі түзеп жатады, ал қыстыңгүні жөндеуге келмейтін үйлердегі заңбұзушылықтарды біз жиі тексеріп тұрамыз», – дейді Қостанай облыстық ТЖД бастығы Талғат Кәкімов.
Адам өліміне әкеп соқтыратын және ең көп кездесетін заңбұзушылықтар – пешті дұрыс қолданбау және ақауы бар электр жабдықтарын пайдалану. Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, әдетте бір үйден ондай кемшіліктің үш-төртеуі қатар табылып тұрады екен.
«Тексеріс нәтижесінде белгілі болғандай, 702 үйдің тұрғындары өрт қауіпсіздігін болдырмауға қатысты талаптар бойынша 935 заңбұзушылықты жойды. Тіпті, қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, соның аясында 61 тұрғын үйдің мұржасы тазартылды», – дейді Талғат Кәкімов.
Алайда екі жүзге жуық үйдің тұрғындары әлі де ақауі бар техникаларды қолданып, пеш маңында қауіпті бұйымдарын сақтап отыр. Кейбіреуі тіпті, ТЖ қызметкерлерін үйіне кіргізуден де бас тартқан.
Қостанай облысында биылғы жылу маусымында болған өрт саны 10 пайызға азайған. Дегенмен, статистикаға сүйенсек, биыл өрттен қаза тапқандар саны екі есеге көп болған. Яғни, 22 адам өрттен ажал құшқан. Ал былтыр өрт салдарынан 10 адам өлімі болған.