$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.02.2020, 10:24
Қоғам

Атырауда ВИЧ жұқтырғандар саны 30 пайызға артқан

Олардың арасында отбасылы ер адамдар да бар

Атырауда ВИЧ жұқтырғандар саны 30 пайызға артқан

Атырауда гомосексуалдар арасында ВИЧ жұқтырғандар тіркеле бастады. Сорақысы сол, олардың арасында отбасылы ер адамдар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Жүзін жасырған 37 жастағы Мәликаның адамның иммун тапшылығы жұқпасына шалдыққанына 2 жыл болыпты. Қауіпті инфекция алдымен вахталық әдіспен жұмыс істейтін күйеуінен анықталған. Алғашында сенбей, кейін ұялып жүргенде дерті асқынған. Қазір балаларын аяғынан тұрғызу үшін үздіксіз ем алуға мәжбүрмін дейді келіншек.

«Жолдасым вахтамен жұмыс істейді. Өзімнің ауыратынымды білгенде қатты соққы болды. Алғаш естігенде ол ауруға өзімді қиған жоқпын. Өзімнің  ауру екенімді сезген жоқпын. Маған өте қиын болды. Өзімнің балаларым үшін қазір анализдерімді үш ай сайын келіп тапсырып тұрамын», – дейді Мәлика.  

Сондай-ақ, биыл гомосексуалдар арасында ВИЧ жұқтырған 5 адам анықталған. Олардың ауруды қайдан жұқтырғанын анықтау қиын дейді ақ халаттылар. Көпшілігі ауруын айтуға ұялып, бүгіп қалуға тырысатын көрінеді.

«Қиындық туғызатыны гетеросексуалдық, соның ішінде гомосексуалдық жолмен жұқтырғандардың кіммен жыныстық қатынаста болғаны бізге қиындық туғызады. Дегенмен, көбі жасырын түрде, аты-жөнін айтпай тексеріледі. Ал егер ол жұқпада АИТВ жұқпасы анықталса, біз ол адаммен сөйлесіп, ары қарай ем тағайындаймыз. Анонимді болса, ешқайда тіркелмейді және ем ала алмайды. Гомосексуалдардың ішінде отбасын құрған азаматтар да бар, ал басым көпшілігі отбасын құрмаған азаматтар», – деді Атырау облыстық ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнәр ОМАРОВА.

Сондай-ақ, биыл жастар арасында да аталған вирусқа шалдыққандар 30 пайызға артқан. Оның алдын алу үшін білім беру мекемелерімен тығыз жұмыс керек. Алайда мектеп басшылығы мұндай ашық әңгімеге дайын емес дейді орталық мамандары.  

«Мүшеқап жайлы айту мәселесіне мектептегі сынып жетекшілері, директорлар қарсы болып отыр. Олар мектептегі оқушыларға  мүшеқап жөнінде әңгімелеудің өзі  дұрыс емес деп есептейді. Мүшеқапты тарату тақырыбын көтерген кезде кей директорлар «біздің мектепке керек емес, егер  менің өзімнің балам сол мектепте оқитын болса, өз балама мүшеқап беріп жатқанын қаламаймын» деп қарсылық танытты», – дейді Атырау облыстық ЖИТС орталығының бөлім меңгерушісі Бекет ЕРЕЖЕПОВ. 

Қазір ЖИТС орталығы мамандары әлеуметтік желілердегі жыныстық қызмет ұсынатын топтарға тіркеліп, жұқпадан сақтану туралы ақпарат беруді жолға қойған. Айтуларынша, ашық сұрақ қоятындар көп. Бүгінде адамнның иммун тапшылығы вирусынан сақтанудың жалғыз жолы – мүшеқап қолдану. Қазіргі таңда оны гомосексуалдар арасында тарататын қызметкерлер іздестіріліп жатыр.

Айта кетсек, бүгінде мұнайлы өңірдегі СПИД орталығының диспансерінде 224 адам тіркеуде тұр.


 

Серіктес жаңалықтары