Бурабайдағы шипажайға мүгедек жанды әйелімен бірге кіргізбей қойған: мекеме басшылығы жағдайды түсіндірді
Директордың айтуынша, Сүлейменовтер отбасы порталдан жолдама аларда тек бір адамның ғана жатын орны төленетінін және бұл шипажай көзі көрмейтін, құлағы естімейтін адамдарға арналғанын білген

Ақтөбе облысынан Бурабайға емдом алуға келген Ізбасар және Жанна Сүлейменовтер шипажайға орналаса алмаған соң әлеуметтік желіде видео жариялаған болатын. Мекеме басшылығы оларды екеуін бірдей қабылдаудан бас тартыпты.
Видео халық арасында тез тарап, қазақстандықтар мүмкіндігі шектеулі азаматтың алдынан шыққан қиындыққа қынжылды.
«Біз Ақтөбе облысынан бір жарым күн жүріп Бурабайға келдік. Жан-жақтағы орман қандай тамаша деп қуанып келіп едік, алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады. Мен портал арқылы жолдама алар кезде «Ізбасар арбаға таңылғанын» ескерткенмін, енді ол қыз бұндайды естімедім дейді. Жолдасыма 14 күнге шипажайға оңалтуға жолдама берілген. Мен жанында еріп жүрмін, өйткені өзі жүріп-тұра алмайды. Енді бірге жататын болсаң жолдасымды кіргізе алмаймыз деп, үстіне ақша төле дейді. Бізде ондай ақша жоқ», - деп мәлімдеді Жанна Сүлейменова.
Осы жазбадан кейін жанашыр халық бұл отбасыға ақша аудара бастаған. Бірақ, бәрібір шипажайға орналаспаған олар Нұр-Сұлтан қаласына кетіп қалған.
Арбаға таңылған адамды қабылдаудан бас тартқан шипажай директоры Бейсенбек Досжановтың айтуынша, Сүлейменовтер отбасы порталдан жолдама аларда тек бір адамның ғана жатын орны төленетінін және бұл шипажай көзі көрмейтін, құлағы естімейтін адамдарға арналғанын білген. Білсе де портал арқылы осында жолдама алып, әйелі тегін жатуды талап еткен.
«Қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтар электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы жолдама алады және оларға қол қоюға келісімшарт жібереміз. Келісімшартта жолдама бір адамға және 14 күнге арналғанын, ал жанына еріп келетін адам өз қаражатын өзі төлейтіні жазылған. Үкімет осы адамның 14 күндік реабилитациясы үшін менің шипажайыма бюджеттен 175 мың теңге төлейді. Ол ақшаны мен әлі алмаймын, адам келіп жатып, емін қабылдаған соң біз «орындалған қызметтер актісін» жасаймыз, олар жергілікті органға апарып тапсырады, ақша содан соң аударылады», - дейді Бейсенбек Досжанов.
Шипажай директорының айтуынша, арбаға таңылған адамға Бурабай аумағында өзге де орындар қарастырылған.
«Біздің шипажайда ол кісіге арналған лифт жоқ, арнайы бассейн мен моншасы, ем қабылдайтын орындары жоқ. Көп адам білмейді, жуырда тағы бір мүмкіндігі шектеулі арбамен қозалатын адамды көрші шипажайға айтып жүріп, сонда орналастырдық. Дегенмен, жолдамасын алып қойған соң мен астыңғы қабаттан бір бөлме тауып бердім. Жүктерін сол бөлмеге қойғызып, енді құжат толтырайық дедік. Жанындағы әйелі «14 күннің орнына жеті күн жатайық, бірақ, мен тегін жата берейін» деді. Бірақ, олай болмайды ғой!? Ол адамға оңалту 14 күн жасалсын деп жергілікті орган бюджеттен әдейі қаржы бөлген. Егер мен әйелінің айтқанына келісіп, жігітке берілген 14 күн оңалтудың орнына жеті күнін ғана жасатсам, бұл «бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау» болады және мен ол үшін сотталамын. Мен ол отбасыға бұның бәрін түсіндіруге тырыстым, алайда олар елордаға көлік шақырып кетіп қалыпты», - дейді Бейсенбек Досжанов.