«Есқұла суағарының құрылысы 2010 жылдан бері тоқтап тұр»: Ұлытау облысында қордаланған мәселелер анықталды
Ұлытау облысына Республикалық бюджеттен берілетін қаражаттың жылдық көлемі шамамен 50 млрд теңге

2022 жылы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлытау облысының құрылатынын мәлім еткен болатын.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес 2022 жылдың 8 маусымынан бастап ресми түрде Ұлытау облысы құрылды.
Azattyq Ruhy тілшісі бүгінде өңірде қандай өзгерістер болып жатқандығы мен облыс бюджетінің бекітілген сомасын білу үшін әкімдікке сұрау жолдап, аймақтың тіршілігін тізіп шықты.
Бүгінгі күні облыстық әкімдікте 251 жаңа жұмыс орны ашылған. Аппарат басшысы қызметіне Абзал Жайлыбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары болып Аман Барикенов, облыс әкімінің тағы бір орынбасары қызметіне Ұлантай Үсенов тағайындалды. Осы аптада тағы бір орынбасар тағайындалады деп күтіліп отыр. Ал әзірге бос тұрған жаңа жұмыс орындарына мемлекеттік қызметкерлер конкурс аясында алынбақ.
Облыстық әкімдіктің қызметкерлері әзірге Жезқазған қаласы әкімдігінің ғимаратында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта облыс әкімдігі ғимаратын салу жоспарда жоқ екен. Бірақ қазіргі таңда әкімдік ғимаратына жапсаржай салу сұрағы қарастырылуда.
«Өздеріңізге белгілі облысымыздың жаңадан құрылуына байланысты қазіргі таңда Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы дайындалып жатыр. Жоспар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамытуға, қолда бар аймақтық ресурстарды толықтай тиімді басқару және пайдалану арқылы облыс тұрғындарының экономикалық әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге бағытталады. Аталған құжат белгіленген тәртіп бойынша Үкімет қаулысымен бекітілгеннен кейін, стратегиялық бағыттарды іске асырудың негізгі кезеңдерін көрсететін, орындаушылар мен әрбір кезеңді аяқтау мерзімдерін көрсететін құжат – жол картасын әзірлеуді көздеп отырмыз», - деп жауап берді Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Мереке Мырзабекова редакцияның жіберген сауалына.
Бүгінде Ұлытау облысы бюджетінің бекітілгені белгілі болды. Облыстық қоғамдық даму басқармасының берген жауабына сүйенсек Ұлытау облысының бюджетіне «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған қаласындағы тоғыз құрылымдық бөлімшесін қайта тіркеуден қосымша түсімдер күтіледі. Республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттердің жылдық көлемі шамамен 50 млрд теңгені құрайды.
ӨҢІРДЕГІ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР
Жаңа құрылған облыс әкімдігі қызметкерлермен әзірге толық қамтылмаса да атқамінерлер аудандарды аралап, тұрғындардың базынасын естіп үлгерген екен.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы жарлығына сәйкес облыс әкімінің халықпен кездесулерін өткізу жөніндегі икемді күнтізбесі 2022 жылғы 19 шілде Ұлытау облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілді. Облысқа қарасты барлық аудан қалаларда аралау жұмыстар жүргізілді», - деді Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Мереке Мырзабекова.
Жаңа құрылған үш облыста да осы күнге дейін шешімін таппай отырған өзекті мәселелер жеткілікті. Осы ретте Ұлытау облысы тұрғындарының да қордаланған мәселелері ең алдымен электр желісі, ауыз сумен және жылумен байланысты болып отыр. Оның ішінде құрылысы 2010 жылы басталып, алайда күні бүгінге дейін тұрғындарға пайдалануға берілмеген жоба бар екен.
«Бірінші кезекте ауыз су, жылу беру және электр қуатымен тұрақты және сапалы қамтамасыз ету мәселерін шешу керек. Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 қадам, атап айтқанда 51-қадам «электр желілері компанияларын» (РЭК) мақсатында Ұлытау ауданы аумағында орналасқан электр желілерін (271 нысан) Жезқазған электр тарату компаниясына (ЖРЭК) беру жұмысын жүргізудеміз. Жезқазған қаласын сумен жабдықтауды ескере отырып, Есқұла су тартқышын салу жоспарланған. 2020 жылдан бастап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті Есқұла суағарының құрылысын қайта бастады. Жоба 2010 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Үкіметтің биыл оны аяқтау қажеттігі туралы тапсырмасын орындау үшін 537,5 млн теңге мөлшерінде көзделген қаражаттың қалдық сомасы бөлінді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта Үйтас-Айдос жер асты су көздерінен шаруашылық-ауыз су қажеттіліктері үшін су алу бар-жоғы 15,5 млн текше метрді құрайды (жалпы көлемнің 51%-ы). Қаланың су тұтынуының жалпы көлемі жылына 29-30,7 млн текше метрді құрайды», - делінген жауапта.
Ендігі кезекте, Жезқазған қаласының тұрғындарын Үйтас-Айдос бұлағының жерасты суымен қамтамасыз ету үшін аталған су құбырын қайта жаңарту қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Қаржы министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Үйтас-Айдос топтық су құбырын қайта жаңартуға қаражат бөлуді көздеп отыр. Нәтижесінде аталған жұмыстар 2024 жылға аяқталуы тиіс.
ОБЛЫСТА ДӘРІГЕРЛЕР МЕН МҰҒАЛІМДЕР ТАПШЫ
Бұған дейін БАҚ беттерінде Ұлытау облысында білікті кадрлардың жетіспеушілігі жайында жазылған еді. Оның ішінде дәрігерлерге, оқытушыларға, құрылысшыларға, барлық санаттағы жүргізушілер мен күзетшілерге деген сұраныс басым. Облыс әкімдігі бұл мәселені шешуде бірқатар міндеттерді атқармақ.
- Еңбек нарығының конъюнктурасына сәйкес жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуды және қайта оқытуды ұйымдастыру арқылы жұмыс күшінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- Еңбек нарығында және жұмыспен қамту саласында халықтың әлеуметтік тәуекелдерін төмендету. Әлеуметтік жәрдемақылар төлеу есебінен халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау саласында;
- Кәсіптік оқыту кезеңінде жұмыссыздарға қаржылық қолдау көрсете отырып, кәсіптік даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын жетілдіру (стипендия);
- Халықтың неғұрлым осал топтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі жұмысты жалғастыру;
- Тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құра отырып, ұлттық жобаларды іске асыру;
- Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау;
- Жезқазған қаласында техникалық жоғары оқу орнының ашылуы;
- Педагогикалық университетті қалпына келтіру;
Өңірге мамандарды тарту үшін ҚР жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитын облыс түлектерін қайтару және жұмысқа орналастыру бойынша кәсіпорындармен, ұйымдармен жұмыс жүргізілетін болады.
Өңірдегі геологиялық барлау жұмыстарына байланысты тозығы жеткен және апатты жағдайдағы үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әкімдік сүрілуге жіберілетін үйлердің иелерін жаңа баспанамен қамтыды. Алайда кей тұрғындардың мұндай шешіммен келіспеуіне байланысты күні бүгінге дейін бұл мәселе толығымен шешімін тапқан жоқ.
«Жезқазған кентінің және оған іргелес жатқан Весовая, Крестовский, Перевалка және геологиялық барлау елді мекендерінің жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін қайтару бойынша іс-шаралар жүргізілуде, сол сияқты жер учаскелерін және тұрғын үйлерді, шаруашылық құрылыстарын, гараждарды және кәсіпкерлік объектілерін мемлекет мұқтажы үшін қайтару барысында тұрғындарға әркімнің таңдауы бойынша өтемақы төленді немесе Сәтбаев қаласында жаңадан салынған тұрғын үй берілді.
Бүгінгі таңда Жезқазған кентінде заңсыз тұрып жатқан 4 отбасы бар. Оларға өтемақы төленіп, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тұрғын үйлері коммуналдық меншікке өтті. Бірақ олар тұрғын үйді босатудан бас тартуда. Көшіру мәселесін 2022 жылдың 1 қазанына дейін шешу жоспарланып отыр», - деп көрсетті жауапта Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы.
ӨҢІРДЕ ТУРИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН ДЕМАЛЫС ҮЙЛЕРІ МЕН ҚОНАҚ ҮЙЛЕР САЛЫНБАҚ
Биыл Ұлытау облысында мәдениет саласы бойынша 2 нысан бой көтереді. Ал 2024-2026 жылдары салынатын үш жаңа құрылыс нысандарына және үш ғимараттың реконструкция жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылуда.
Ұлытау өлкесін киелі туризмнің орталығы деуге болады. Мұнда ұлы қорғандар, қорымдар, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кесенелері, жартасқа салынған суреттер, петроглифтер орналасқан.
«2021 жылдың желтоқсан айында ҚР Үкіметінің Қаулысымен Ұлытау ұлттық табиғи паркі құрылды. Ал биыл «Жошы хан» кешені мен «Домбауыл» кесенесіне жол салу үшін конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер анықталды. Есепті күні құрылыс жұмыстары басталды, жобаның құны – 6,7 млрд теңге. Аяқталу мерзімі – 2024 жыл. Сонымен қатар, Ұлытау облысының туристік тартымдылығын жақсарту үшін жол бойындағы сервисті дамыту, оның ішінде санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату, туристік маршруттар бойында дәмханалар мен кэмпингтер салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, инвесторларды тарта отырып, Ұлытау ауданында демалыс үйлерін жаңғырту және 70 төсек-орынға арналған қонақ үй салу жоспарлануда. Жезқазған қаласында 100 төсек-орынға арналған қонақ үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр, жоба құны – 350 млн теңге, жоспар бойынша 2024 жылы іске қосылады», - делінген жауапта.