Бес ешкі бағып көрмегендер киік туралы ақыл айтпай-ақ қойсын – БҚО шаруалары
Олар биылғы шығынның шаш етектен болатынын айтып дабыл қағып отыр
Батыс Қазақстан облысында киіктер шаруаларға тиесілі 700 мың гектар алқапты жайпап тастаған, 9 мың гектарға жуық алқапқа егілген дәнді дақылын жеп кеткен. Қожалық иелері осындай базынасын айтып отыр. Жайылымды жердің шөбін бітірген ақбөкендер енді қоршалған шабындықтың ішінде еркін жайылып жүр дейді олар. Жұмысшылар киікті қуумен күнін өткізіп келеді екен. Мал азығының жартысын да жинап үлгермеген шаруалар енді шөпті жүздеген шақырымнан тасуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Шекаралық аймақта тұратын шаруаның бірі – Жақсыбек Қаратаев. 586 гектар жері бар Жақсыбек ширек ғасырдан астам уақыт ірі қара өсірумен айналысады. Айтуынша, ауылдың шетіне көктемде жарты миллиондай киік бір ай тұрақтап, төлдеген. Құралайын көбейткен бөкендер жайылымды қу тақырға айналдырып кете барған. Жосып жүріп жайылатын жануар биыл жайылымға ғана емес, ауылдың ішіне де еркін кірген.
«Киік біздің шаруашылықты нөлге түсірді. Мал азығын дайындай алмаймыз. Жазда жайылым жоқ. Қысқа шабатын шөп жоқ. Азық жоқ болған соң мал өсе ме?! Мал басын азайтып жатырмыз», - дейді қожалықтың төрағасы.
Батыс Қазақстан облысындағы халықтың негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы. Егін егумен бес жүзге жуық шаруа қожалығы айналысса, алты жүзге тарта адам ірі қара бағады. Ірі қожалықтарда мың бастан астам етті сиыр мен үйір-үйір жылқы өсіреді. Киік көбейгелі шаруалардан маза кеткен.
«Менде 17 үйір жылқы, бір мың бас етті сиыр бар. Солардың жайылымында киік те бірге жүр. Киік қожалықтағы құдықтан күніне екі, үш рет келіп су ішеді. Қатты шөлдегенде адамнан да жасқанбайды. Лағы суға жете алмай өліп қала береді. Ауру тарамасына кім кепіл?! Қазақ қойды ғана тоғытқан. Биыл сақтанып сиырды да, жылқыны да тоғыттық. Өйткені таныс шаруалардың 30 жылқысы өліп қалды. Ал ауру қайдан шығып жатқанын анықтап жатқан жан жоқ. Біз киікті атсын, жойсын деп жатқан жоқпыз. Санын реттесін, жолын тапсын. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Тым көбейіп кетсе ие болу қиын. Қазаққа да, далаға да бұйырмай қырылып қалады», - дейді Исатай Сәрсенғалиев есімді шаруа.
Қазір әр ауданда комиссия құрылып, шаруаларға келген шығынды естептеп жатыр. Комиссия құрылағанмен, киіктен келген шығынды шаруаларға өтеп берудің тетігі қарастырылмаған. Батыс Қазақстандағы кез келген шаруа да, ауылдың тұрғындары да киік санын шұғыл түрде реттеу керек деп санайды. Бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені әрі қарай соза берсе, соңы табиғи апатқа соғады дейді олар.
«Бұрын киік жайылымға түссе, биылдан бастап егістікке де кіріп, дақылдарды жеп кетіп жатыр. 635 мың гектар жайылымға зиян келтірді. Оның сыртында 8,8 мың гектар майлы, дәнді дақылдар егілген жерге киік кіріп, зиянын тигізді. «Электронды бақташы» дейді, тоқ жүретін сымдар арқылы жерлерін қоршап жатыр. Бірақ жүз мыңдап келе жатқан киікті бәрібір қоршау тоқтата алмайды. Бұзып өтіп кете береді.
Облыста 11 мыңға жуық жерде табиғи жайылымдық пен шабындық бар. 170 мың гектар екпе шөбіміз бар. Киік зиянын тигізді, шөпті шабуға келмейді. Оның бәрі қосымша шығын. Тек дәнді дақылдарды өсіретін 500 жуық шаруа қожалығы бар», - деді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев.
Биыл Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарындағы шаруалар қатты зардап шеккен. Төлдеген киік биыл апталап ауылдардың жанына жатып алған. Мыңдаған гектар жайылымды да, шабындықты да жайпап тастаған. Бұрын 15-20 км жерден қожалыққа шөп таситын шаруалар, биыл мал азығын 200-300 шақырымнан шауып әкелуге мәжбүр.
«Үш ауданда 800 мың бас киік бар. Олар мамырда егізден төлдеді. Төлдің 30% шығын деп есептегеннің өзінде, осы үш ауданда кемі 2 млн киік бар. Қорадағы қойға күніне 3 келі шөп береміз, ал киік 24 сағат еркін жүреді. Сонда оларға қанша мың тонна шөп керек?! Мың бас малыма 10 мың центнер шөп дайындауым керек. Киіктен қалған жерден 5 мың центнер шөп жинадым. Қалған шөпті қайдан табам?» - деді Мырзабай Боранбаев есімді шаруа.
Өңірде шөп қана емес, су да тапшы. Шөлден қақталаған киік тіптен шаруалардың құдығынан күніне бірнеше рет су ішіп кетеді. Ақбөкен сусыз үш күнге ғана шыдайды дейді ауыл адамдары. Киік саны күрт көбейгелі қораға мал ғана емес, ақбөкен де бірге келетін болған. Өрісте де мал мен киік қатар жайылады. Аптап ыстықта құдыққа жетпей өліп жатқан жануарлар да бар.
Бір киікті атқан жағдайда мемлекетке 4,5 млн теңгенің залал келді деп есептеледі. Бұл – киіктің құны емес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында тағайындалған баға. Жастары онсыз да сиреп кеткен батыстағы ауылдарда сотталмаған жігіт аз. Тіптен иен далада өліп жатқан киіктің мүйізін алып істі болғандар да бар.
«Киікті браконьерлерге атқызбау керек, оларды жолатуға болмайды. Бірақ мемлекет қатал қадағалауға алу арқылы реттеу керек. Торға қамап ұстай ма, әлде Бетпақдалаға айдай ма, жолы көп. Киікті 80 мың басқа азайту туралы сөз шыққалы «киіктанушылар» көбейіп кетті. Бір сиыр бағып көрмегендер Алматы мен астанада жатып алып киікті көбейту керек дейді. Оларға қысқаша айтатын жауабымыз: 15 ешкіңді бірнеше жылда 150-ге көбейтіп бақтың делік. Сосын оны көкөніс өсіріп отырған алқабыңа бір аптаға кіргізіп жібер. Егістікті мал жайпап шығады. Содан әлгі ешкілеріңді өзіңе сатуға да, сойып жеуге де болмайды. Қоршаудан шығып кеткен ешкілеріңді тек көршілерің, бөтен ел сұраусыз жей береді. Сонда жері жыртып өсірген егінің де, ешкі баққан еңбегің де далаға кетеді. Осы әділетті ме? Сонда адамнан киік қымбат, құнды болып тұр ма? Онда барлық шығынымызды өтесін, біз онсыз да қаңырап тұрған шекарадан көшіп кетейік», - деді шаруа қожалықтарының төрағалары.
Еске салайық, еліміздің батыс өңірлерінде киік санының күрт өсуінен кейін Экология министрлігі олардың санын қысқарту керек деген ұсынысын айтқан болатын. Шенділер 80 мың бас жануарды ауламақ болған. Алайда, қоғамда резонанс туғаннан кейін бұл іске Президенттің өзі араласып, министр Брекешевке сөгіс берді. Енді Экология министрлігі киіктердің санын реттеу бойынша өзге шараларды ойластыруы қажет.