СҚО-да аутизммен ауыратын баланың анасы инклюзивті білімнің сапасына шағымданды
Ата-аналардың айтуынша, арнайы білім жүйесінің аты бар да, заты жоқ
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысы «аутизм» дертіне шалдыққандар саны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарда. Соңғы жылдары аталған диагнозы бар балғындарды қоғамға бейімдеу мақсатында елімізде инклюзивті білім беру жүйесі енгізіле бастады. Алайда ата-аналар ерекше балаларға арналған арнайы бағдарламаның жоқтығына назалы.
«Аутизмге» шалдыққан бала тәрибелеп отырған петропавлдық педагог Елена Винникова аталған саладағы келелі мәселелер төңірегінде Azattyq Rýhy тілшісімен бөлісті.
- Балаңыз жайында айтып берсеңіз, оның ерекше диагнозы барын қай уақытта білдіңіз?
- Балам туғанда ешқандай кемістігі болған жоқ. Екі жасқа келгенде мінез-құлқы өзгере бастады, сөйлеуден қалды. Оған дейін бәрі дұрыс, жас ерекшелігіне қарай дамып келе жатты. Дамуы күрт тоқтады. Бір жылдан артық уақыт оның себебін іздедік. Жергілікті дәрігерлер көмектесе алмады. Неврологқа бардық. «Ақыл-ой, сөйлеу дамуының тежелуі» деген диагноз қойылды. Оның немен байланысты екенін анықтай алмадық. Дәрі-дәрмектер тағайындалды. Бірақ одан пайда болған жоқ. Баламның тілі шықпады. Соған қарамастан балабақшаға бардық. Әдеттегі топ. Осы орайда педагогтарға алғысым шексіз. Олар бәріне төзіп, ұлыма екі жыл бойы қарады. Өзім де, тәрбиешілер де балаға қалай көмектесу керек екенін білмедік. Ваня екі жасқа толғанда меңгеруші оны алып кетуімді өтінді. Жағдайды түсіндім, өйткені басқа балалар бағдарлама бойынша оқуы керек, мектепке дайындалып, әріптермен танысуы керек. Ал топтағы ерекше бала оның барлығыне кедергі келтіреді.
- Облыс орталығында түрлі диагнозы бар балаларға арналған «Болашақ» коррекциялық бақшасы бар. Аталған мектепке дейінгі мекеме көмегіне жүгініп көрген жоқсыздар ма?
- Иа, өкінішке қарай, ол облыстағы жалғыз балабақша. Кезек көп. Біз де тізімде тұрдық. Алайды орын бұйырмады. Көбі оған тамыр-таныстық, байланыс арқылы ғана кіре алатыны да жасырын емес. Педагогика-медициналық комиссия шешімімен біз «Батыр» балабақшасына жолдама алдық. Онда аутизмге шалдыққан және дамуында кемістігі бар балаларға арнайы топ ашылды. Бұндай жоба облыста алғаш рет жүзеге асырылды. Бұл дұрыс идея болған жоқ. Осындай проблемасы бар балалардың барлығын бір топқа жиды. Балғындар даму барысында ересектерге, құрдастарына қарайды. Иванда ешқандай алға жылжушылық болған жоқ. Себебі қарап үлгі алатын ешкім болмады. Оған аутизм спектрінің бұзылуы, гипербелсенділік синдромы, сөйлеу, психикалық даму тежелуі диагноздары қойылған еді.
- Мұндай диагнозға шалдыққан балалар қандай мінез-құлықпен ерекшеленеді?
- Аутизм – шашып тастаған пазл сынды. Ондай балалар бір-біріне ұқсайтындай болып көрінуі мүмкін. Ал тереңге үңілсек, мүлде басқаша. Әр балада бір пазлдың бөлшектері жетпейтіндей. Өзгелермен қарым-қатынас жасау жағы қиын. Көбінің өз әлемі бар. Арасында сөзге шебер, керемет шешендер де кездеседі. Аутизм спектріне шалдыққандар арасында гений музыкант, суретші, шахматшы, бағдарламаушылары бар. Әлемге әйгілі Билл Гейтстің компаниясында жұмыс істейтін адамдардың 30 пайызы – аутистер. Керемет суретші болуы мүмкін, ал дүкенге барып келу – ол адам үшін үлкен проблема.
- Аутизммен қалай күресесіздер?
- Өкінішке орай, Қазақстанда сапалы мамандар жоқ. Оны денсаулық сақтау, білім беру министрліктері де мойындайды. Елімізде бұл салада мұқтаждарға көмек қолын салатын мемлекеттік қор да жоқ. Біз Ресейде емделдік. «Батыр» балабақшасындағы арнайы топқа 6 ай бардық. Тәрбиешілер барын салды. Бірақ ерекше балалармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді. Олар білмегеніне айыпты емес. Себебі олар алдын-ала оқытылмаған. Мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар жоқ. Нәтиже болмаған соң, бақша меңгерушісінен баламның дені сау балалардың тобына барып тұруға рұқсат алдым. 1-2 сағат бойы өзінен бір жас кіші топқа барып жүрді. Басқалармен бірге сурет салып, ермексазбен ойнап, алға қадам жасай бастады. Ал аутистердің тобында бұлай жасау мүмкін емес. Оларға ештеңе үйретпей жай ғана қараудың өзі қиын. Балабақша мамандары арнайы бағдарлама құрастырды. Біз арнайы фильм түсірдік. Қазақстан бойынша алғашқы болып, мектепке дейінгі мекемелерде инклюзивті білім беру бағдарламасын жасадық. Байқауға қатысып, бас жүлде алдық. Бірақ ол ары қарай қаржыландырылмады.
- Бұл тәжірибе қандай нәтиже берді?
- Иван өзі сынды диагнозы бар балалардан әлдеқайда алға кетті. Оның бойында басқалармен араласуға деген қызығушылық пайда болды. 6-ға толғасын балабақшадан кеттік. Алдымда үлкен таңдау тұрды: баланы арнайы немесе орта мектепке жіберу. Ойланып, бір жыл үйде болуды ұйғардық. Өзіміз әріптерді үйрендік. Балаларды дамыту орталығына бардық. Бір жыл бойы емделдік, оқыдық.
- Мектепке бейімделу жағы қалай болды?
- Мектепті ұзақ таңдадық. Оқушы азырақ болған соң, қала шетіндегі Заречный кентінің мектебіне бардық. Сыныпта 26 оқушы болды, 8-і ұл. Она бір ай да оқи алмадық. Педагог ерекше баланы қабылдай алмады. Петропавл қалалық 2-ші мектебінде арнайы сынып ашылғанын естіп, сонда ауысуды ұйғардық. Балалар әртүрлі диагноздармен болды. Қазір Иван орта мектепте жақсы оқып жүр. Орыс, қазақ, ағылшын тілі пәндерінен қиналады. Басқа сабақтары жақсы.
- Инклюзивті білім беру жүйесіне көңіліңіз тола ма?
- Ерекше балалармен топтық жұмыс істеу мүмкін емес. Жеке сабақтар болуы керек. Басымнан өтіп жатқан соң білемін. Инклюзивті білім беру жүйесі сөз жүзінде ғана жүзеге асырылып жатыр. Мамандар жетіспейді. Және бұл мәселеде жүйе жоқ. Арнайы бағдарлама жасалмаған. Инклюзивті білімге дайындықпен келу керек.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО