$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.01.2020, 17:46
Қоғам

Қазақстандағы 38 науқастың диагнозы коронавируспен байланысты болуы мүмкін - Біртанов

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін журналистерге мәлімдеме жасады

Қазақстандағы 38 науқастың диагнозы коронавируспен байланысты болуы мүмкін - Біртанов

Министрдің айтуынша, Қазақстанда әлі ешкім коронавирус инфекциясын жұқтырды деген диагнозбен расталмаған.

«Барлықтарыңызға мәлім, Қытайда коноравирус инфекциясы бойынша төтенше жағдай. Қазір әлем бойынша осы инфекцияны жұқтырған 7711 науқас тіркелді, олардың арасында 170 адам көз жұмды. Сонымен қатар, 17 елде 90 науқас тіркелді. Алтыншы қаңтардан бастап Қазақстанда да ерекше санитарлық шаралар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі мәлімет бойынша, Қытай мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан 20 515 азамат өтті, олардың арасында 19 989 адам Қазақстан азаматы, 526 адам шетелдік азамат. Шекарадан өтіп жатқан азаматтар ерекше санитарлық тексерістен өткен», - деді ол.

Қытайдан Қазақстанға келген 20 515 адамның 54-інің дене қызуы көтеріліп, вирус жұқтырды деген күмән тудырған. Денсаулық сақтау министрлігі Қытайдан келген азаматтардың тұратын жеріне толық мониторинг жүргізіп, есепке алған. Жиырма мыңнан астам азаматтың 78 пайызы денсаулық сақтау мекемелерінде тіркелді, яғни, олар емханалардың бақылауында.

«Осы азаматтардың арасында және шетелден келген азаматтар арасында жоғары температурамен және басқа белгілермен 54 азамат аурухана түсті. Олардың диагнозы вирустық инфекциямен, соның ішінде коронавирустық инфекциямен байланысты болуы мүмкін. Олардың арасында 16 адамға диагноз қойылды, емделіп ауруханадан шықты. Қазір ел бойынша ауруханаларда 38 науқас емделіп жатыр. Олардан ерекше лабороториялық анализдер алынды, қазір диагностикадан өтіп жатыр. Алматыда орналасқан аса қауіпті инфекцияларға байланысты ұлттық ғылыми орталықтың және ұлттық биотехнологиялық орталықтың мамандарымен бірге арнайы генетикалық диагностикалық зерттеу басталды. Осы зерттеудің қорытындысы шыққан соң, ары қарай емдеу жүргіземіз», - деді Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірге Қазақстан аумағындағы науқастардың ешқайсынан коронавирус инфекциясы табылмағанын, сондықтан, фейк ақпарат таратуға болмайтынын айтты.

«Кейбір өңірлерде коронавирус жұққан адамдар бар деген фейк ақпарат шықты. Бізде коронавирус жұқтырған бір де-бір адам тіркелген жоқ. Бірақ температурасы көтерілген, жалпы вирустық инфекция жұқтырған азаматтар бақылауда», - деді ол.

Сондай-ақ министр бүгін әлеуметтік желіде тараған «Батыс Қазақстан облысында 2 студент, Семейде, Алматы облысында бірнеше адам коронавирус жұқтырды» деген ақпарат жалған екенін мәлімдеді.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары