«Көз алдымызда талып қалмаса, анықтама бере алмаймыз»: Ащысайда әйел адам баласының мүгедек екенін дәлелдей алмай жүр
«Ол 3 жастағы баланың миымен қалып қойған...»

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылының тұрғыны Баян Байзақованың 8 жасар баласы Нұрислам Байзақовқа мектеп мұғалімдері өткен жылдың қараша айынан бастап сабақты үйіне барып оқытып жатыр екен. Себебі ұстаздар қауымы ата-анаға баланың мектепке келіп білім алуына денсаулығы жарамайды деп түсіндірген. Дәрігерлер де науқастың есте сақтау қабілеті нашар деген диагноз қойған. 5 жылдан бері баласының психологиялық ахуалы түзелмей келе жатқанын байқаған ата-ана емханадан мүгедектікті анықтайтын форма-88У анықтамасын ала алмай келеді. Ал бұл анықтама науқасты мүгедектікке шығаруға берілетін арнайы құжат. Емхана мамандары, баланың анасына науқастың аяқ-қолы көз алдымызда тартылып, талып қалмаса бұл құжат қолдарыңызға берілмейді деп түсіндіріпті. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің жай-жапсарын анықтап білді.
«5 жыл бұрын баламның аяқ астынан ыстығы көтеріліп, аяқ-қолы тартылып қалды. Келген жедел-жәрдемнің сол кезде температура өлшейтін құрылғысы да болған. Бала тілін шайнап жібермесін деп қасықпен ұстап отырып, шұғыл ауруханаға жеткізгенбіз. Содан бері баламның ауру екенін дәлелдей алмай келемін. Ол 3 жастағы баланың миымен қалып қойған. Биыл мамырдың 18-і мүгедектікке өту үшін комиссияға бару керек едік. Бірақ ол үшін алдымен № 88У анықтамасын емханадан алуымыз қажет болды. Емханадағы дәрігерлер балаңыздың көз алдымызда аяқ-қолы тартылып, талып қалмаса, мұндай анықтаманы бере алмаймыз деп шығарып салды. Мәкеева Гүлжан Асқарқызы ұстамасы ұстаған кезде келесіз деп айтқан болатын. Сонда мен аяқ-қолы тартылып, баланың қиналған сәтін дәлме-дәл күтіп отыруым керек пе?! Баланың дені сау емес екені онсыз да көрініп тұр ғой», - дейді науқас баланың анасы Баян Байзақова.
Баян Байзақоваға ұлы Нұрисламның тіпті мектеп партасында жөнді отыра алмайтынын мұғалімдер де жылдап айтып келеді екен. Ақыры мектеп әкімшілігі осы жылдың қарашасынан бастап, оқушыға үйіне барып дәріс береміз деген ұйғарымға келіпті.
«0-сыныпқа өзім апарып оқытып жүрдім. 1-сыныпқа көшкен кезде мұғалімдер балаңызды емдетсеңізші, бұлай болмайды, оқыту өте қиын деді. Бірақ 2-сыныпқа көшкен кезде де мектепке апарып жүрдім. Енді былтыр қараша айында үйіңізге барып оқытамыз деді. Түсінесіз бе, бала бір орында отыра алмайды, тіпті дәретін де ұстай алмайды. Соңғы рет ауруханаға жатқызу үшін порталдың кезегін 3 ай күттік. Бұл масқара ғой. 5 жылдан бері баламның психикалық ауытқуы бар екенін дәлелдей алмай келемін», - деді анасы Баян Байзақова.
Науқас баланың анасы ай сайын Нұрисламның дәрі-дәрмегіне кемі 70 мың теңге қаражат кетеді деп отыр. Мықты клиникаларға апармақ түгілі, дәл қазір ішетін дәрісін сатып алуға шама-шарқының жоқ екенін айтты. Тіпті емханадан осы уақытқа дейін бір түйір тегін дәрі берілмеді деді ол. Ал Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы науқас биылдан қалмай Медициналық әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтеді деп хабарлады.
«Қазір №88У деген анықтама жоқ. Оның орнына №33 анықтама беріледі. Комиссияға 3 ай бұрын тізімге қойылады және бұл кісі 29 маусым күні баруы керек. Оған дейін екі арнайы маманнан өтуі қажет. Медициналық әлеуметтік сараптамадан өтуге жолдама беріліп тұр ғой», - деп мәлімдеді Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына мәселенің мән-жайын білу үшін хабарласқанымыз сол еді, Нұрислам тіркелген Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының «Аудандық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық емханасының дәрігерлері 20 минуттың ішінде баланың үйіне барып, медициналық құжаттарының барлығын өздері алып кетіпті.
«Жаңа ғана емханадан дәрігерлер келіп, баламның құжаттарын түгел алып кетті. 29 маусым күні комиссиядан өтесіңдер деді. Баланың басын қайтадан барып түсіреді екенмін. Ал бізге 29 маусым күні комиссиядан өтесің деп бұған дейін ешкім ескерткен жоқ. Айтса, мен сол емханаға күніге барып жүрмін ғой. Сол кезде айтпайды ма?! Тек мүгедектікті дәлелдейтін анықтама берілмейді деген. Сіздер хабарласқан соң, енді үйіме келіп тұр», - деп хабарласты Баян Байзақова.
Айта кетейік, соңғы рет баланы ауруханада қараған дәрігерлер баланың жалпы психологиялық жағдайы орташа деңгейде екені, есте сақтау қабілеті нашар, дамуы өз жасына сай емес деген қорытынды жазып берген.