Қазақстанға жыл сайын 2,5 миллион өзбек азаматы келеді
Ішкі істер министрінің мәліметінше, олар Қазақстан арқылы өзге елдерге де өтеді
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, былтыр көші-қон заңнамасын бұзған 60 мыңға жуық өзбек азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Осы келісім қос азаматтыққа және заңсыз көші-қонға қарсы күрес жүргізуде ерекше маңызға ие, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Келісімге сәйкес, Өзбекстан азаматтарының төлқұжаттарын жолдау тәртібі реттелген.
Осылайша, қандастар Өзбекстан елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсырудан және консулдық төлем төлеуден босатылады. ҚР Конституциясының 10-бабы үшінші тармағына сәйкес, республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды. Өзбекстан Республикасы да қос азаматтыққа жол бермейді», - деді М. Қожаев.
Оның сөзіне қарағанда, өзбек тарапы келісімді ратификациялау тәртібін аяқтады.
«Осы құжатты қабылдау азаматтық мәселелер бойынша ақпаратпен алмасу, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күресте туындаған мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан