$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.01.2020, 12:49
Қоғам

Қытайдан келген жемісті жеуге бола ма – министрлік жауабы

Министр халықты тек Денсаулық сақтау министрлігі мен Тауарлар мен қызметтерді бақылау комитетінің ақпаратына сенуге шақырды

Бүгін коронавирус инфекциясына қатысты Үкіметте өткен брифингте Azattyq rýhy тілшісі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың интернетте тарап жатқан кейбір қауесеттерге байланысты пікірін білді.

«Интернетте, әлеуметтік желілерде, оның ішінде Whatsapp-та біраз ақпарат тарап жатыр. Жемістерге қатысты ақпарат шықты. Қытайда көп адам өлді деген ақпарат шықты. Біз сондай ақпарат таратқан сайттарды тексеріп, мәлімет беріп жатырмыз. Ол сайттар - фейк. Осындай мәселені жою үшін арнайы 1406 нөмірімен ашық телефон желісін жарияладық. Ол әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының байланыс нөмірі. Бүкіл қажет ақпаратты осы нөмір арқылы алуға болады», - деп жауап берді министр.

Ал еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қорғаныс маскасын кейбір орындарда таққанмен, далада киіп жүрудің қажеті жоқ деп айтты.

«Медициналық бетпердені вирустық аурулардың сынамалары бар азаматтармен қатынаста болғанда, жабық желдету мәселесі нашар болған үйлерге, жиналыстарға, медициналық ұйымдарға барған кезде міндетті түрде тағу керек. Далада жүрген кезде медициналық бетпердені киюдің қажеті жоқ», - деді Жандарбек Бекшин.

Ж.Бекшин Қытайдан AliExpress интернет дүкені арқылы тапсырыс берілетін тауарлардың зияны жоқ деп сендірді.

«Коронавирус қоршаған ортада көп тұрмайды. Әрі кетсе бір тәулік сақталады. Ол вирустарға қолайлы температура – 36-37 градус. Сондықтан тек жануарлар мен адамның ағзасында тұра алады. Басқа тағамдармен коронавирустың тарауы мүмкін емес. Неге десеңіз, бізге Қытайдан тауарлар автокөлікпен, пойызбен 2-3 күнде келеді», - деді ол.

Тауарлар мен қызметтерді бақылау комитеті адамдарға әбден пісіріліп, қайнатылған тағамдарды тұтынуға кеңес береді. Ал шикі көкөніс пен жемісті тазалап жуып, қайнаған сумен шайып жеу керек.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары